405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасы Junior Eurovision-2019 байқауын тікелей эфирде көрсетіп жатыр

  • 9423
  • UPD: 22:25, 24.11.2019
«Хабар» арнасы Junior Eurovision-2019 байқауын тікелей эфирде көрсетіп жатыр

Польшаның Гливице қаласында Junior Eurovision-2019 байқауы өтіп жатыр.

19 елдің жас әншісі бақ сынайтын халықаралық ән додасында қазақ елінің атынан Ержан Максим қатысуда. Өнерлі өрен сахнаға 10-шы болып шығады. 

Талап бойынша олар еш жерде жарияланбаған 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы шарт. Ержанның айтатын әні «Арманыңнан қалма» деп аталады. Бұл туындыға бейнебаян да түсірілді. 

Польшаға табан тірегеннен дайындықтардан дамыл таппаған Ержан жергілікті тұрғындардың жүрегін жаулап та үлгерді. Оның талантына таңдай қаққан польшалықтар жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін айтып, шынайы тілеулестіктерін білдірді.

Шоу барысында қандай да бір қателіктерге бой алдырмай, әрбір секунды сценарийге сәйкес өтуі үшін ұйымдастырушылар қызу дайындық жүргізді.

Маңызды сәтте ұлының қасынан табылып, артылған жауапкершілік жүгін бірге көтерісіп жүрген Гүлмира Әлібек арнамызға сұхбат беріп, ішкі сезімімен бөлісті.

Жалпы, түрлі байқауларға барарда, алыс сапар алдында Ержан ата-әжесінің ақ батасын алмай жолға шыққан емес. Осыдан екі ай бұрын Мәскеуге аттанарда да ол үлкен шаңыраққа соғып, атасының атын әлемге танытуға уәде берген екен.

Бұл сайыста қазылар алқасының бағасы мен онлайн дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған үміткер жеңіске жетеді. Дауыс беру кеше басталған болатын. Ал бүгін «Хабар» телеарнасынан сағат 21.00-де байқаудың шешуші кезеңін тамашалай аласыз. Немесе мына сілтемеге өтсеңіз онлайн қарау мүмкіндігі бар.

Маңызды жайт, үміткерлер ән айтып болған соң, дауыс беру желісі қайта ашылады. Небәрі 15 минут ішінде vote.junioreurovision.tv сайтына кіріп, Ержанмен қатар өзге де ұнаған шетелдік әншілерді таңдап, өз даусыңызды бере аласыз.

Қазақстан бұл сайысқа осымен екінші жыл қатысып отыр. Бұл «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату Одағындағы мүшелігінің нәтижесінде мүмкін болды. 

Хабар 24 телеарнасы