384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапарының бағдарламасы

  • 203
  • UPD: 11:19, 27.11.2019

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тараптар қазақ-қырғыз арасындағы байланысты дамытуға бағытталған бірнеше құжатқа қол қояды деп жоспарланған. Өзара ынтымақтастықты арттырудың маңызы неде? Сарапшылар осы тұрғыда қандай пайым айтты?

Қазақ пен қырғыз – бұрыннан бауырлас елдер. Бізді ортақ тарих байланыстырады. Құндылықтарымыз да бір. Тіпті салтымыз да да ұқсастық бар. Сондықтан ең әуелі руханиятты сөз еткен жөн дерсің. Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Османқұлдың, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы ел есінде. Олардың өнегесі кейінгі буынға мол мұра болып қалды.

Одақтың озбыр саясатына да осы қазақ-қырғыз қасқая бірге қарсы тұрды. «Қазақ-қырғыз бір туған» деп ел арасында айтылып кеткені сондықтан. Түп-тұқияны бір елдердің ымырада болуы – тараптардың басты мұраты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырғыз еліне мемлекеттік сапары символдық мәнге ие. Сақа сарапшылар осылай деп отыр. Сол себепті мемлекет басшыларының кездесуінен жақсы нәтиже күтеді. Жыл басынан бері екі елдің алыс-беріс көлемі 500 млн доллардан асқан. Бұл – орташа көрсеткіш. Соны енді жақсарту көзделіп отыр. Тараптар кәсіпкерлік саласын, өңдеу өнеркәсін, тауар тасымалдауды, ауыл шаруашылығын, тіпті қауіпсіздік саласындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев мінген ұшақ ел астанасы Бішкекке таңғы оннан кете қонады. Кейін Қазақстан Президенті репрессия құрбандарына арналған мемориалдық кешенге барып, гүл шоқтарын қояды. Ізінше, Президент резиденциясында салтанатты қабылдау рәсімі өтеді. Алдымен шағын құрамда кездеседі, кейін Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары үкіметаралық кеңесінің бесінші отырысы өтеді. Содан соң маңызды құжаттарға қол қойылып, мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кездесу нәтижесін жария қылады.

Осы сапар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыздың әйгілі қаламгері Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне барады деген ақпарат та бар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы