384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирактан қайтарылған қазақстандық балалар 3,5 жыл бойы құр су мен күріш жеп келген

  • 215
  • UPD: 09:35, 29.11.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акцияның нәтижесінде Ирактан Қазақстанға сол елдің түрмесінде аналарының жанында болған 14 қазақстандық бала қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың аналары террористік әрекетке қатыстылығы үшін жазасын өтеп жатыр. Оңалту кезеңінен соң балалар өз туыстарымен қауышатын болады. Аталмыш гуманитарлық акция балалардың аналары мен туған-туыстарының сұрауы бойынша Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдармен, отандық үкіметтік емес құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыса отырып жүзеге асырды.

Сағат таңғы 10:30. Елорда. «Русафа» операциясының басталуына жарты сағат қалды. Дайындық қызу. Санитарлық авиация мамандары қажет құралдарын әзірлеуде.

Асылбек Тоқтыбай, санитарлық авиация қызметінің дәрігері:

– Біз өзімізбен бірге науқастарға, балаларға қажетті дәрілік заттарды алдық.

Сапар алыс, 4,5 сағат. Бұл дәрігерлер өмірлерінде қарулы қақтығыс болған аймақта болып көрмеген.

Бағдадта ұшатын әуе кемесі бас қалаға Алматыдан келді. Бортта балаларға қажетті жылы киім мен тамақ бар. Жалпы өзге елдегі сұм соғысты көрген бүлдіршіндерді отанына қайтару жұмысы 1 жыл бойы жүргізілді. Күрделі келіссөздер жасалынды.

Станислав Василенко, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

– Біз Ирак елінің басшылығымен келіссөз жүргіздік. Олар бізге балаларды береді деген соттың шешімі де бар. Ауыр жұмыс атқарылды. Бұл балалар қазақстандық екенін дәлелдеу үшін ДНК сараптамасын жасаттық. Арасында жетім қалғандар да бар. Олардың Қазақстандағы туыстарын да іздеп таптық. Олардан сынама алып, Иракқа жібердік. Ол жақта барлығы жіті тексеріліп, ақырында біз ол балалардың біздікі екендігін дәлелдедік.

Соғысты басынан өткерген Ирак. Мұнда жағдай тұрақсыз екені айтпаса да түсінікті. Жергілікті тұрғындар күнде ереуілге шығады. Қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі жарияланған. Әр шақырымда қарулы күзет пен бекеттер орнатылған.

Ресми деректер бойынша соңғы 1,5 айда Бағдадта 111 адам көз жұмған. Мұндай жағдай сотталған әйелдер мен оның балалары отырған түрме мен жетімдер үйінің маңында да жиі болады.

Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:

– Балалар соғыс пен түрмеден басқа ештеңе көрген жоқ. Кейбіреулері сол түрмеде дүниеге келген. Күріш пен су берілген. Әйелдердің күйеулері қайтыс болған. Олар жалғыз қалды. Балаларының қиналып жатқанын көріп, олар өздерін кінәлап жүр. Сол үшін балаларды елге қайтаруға дайын. Барған кезде туған-туыстарының нөмірін біліп, сол жақта телефонмен қал-жағдайларын айтқыздық.

Осындай ереуілдер болып жатқанына қарамастан, Қазақстан басшылығы өз балаларын елге қайтаруға келді. Бүлдіршіндердің аналары да бауыр еті балаларының бейбіт жерде өмір сүргендерін қалап, оларды елге қайтару туралы құжатқа ойланбастан қол қойды. Ал қоштасқандарын көргенде, көзге еріксіз жас келді.

Балалар әуежайға келе салысымен оларды қазақстандық дәрігерлер бірден қарап, жаңа киімдерін беріп жатыр. Аналарымен енді ғана қоштасқан бүлдіршіндерді жұбату мүмкін емес. Түсінуге де болады.

Риат Шони, тілші:

– Жанарлары жәутеңдеген бұл бүлдіршіндер ата-анасына еріп, еріксіз кеткен еді. Енді міне, елге жалғыз қайтпақ. 14 бала, 14 тағдыр. Бұл 14-тің өзін Ирак елінен алып шығу елшілер үшін оңай болмаған.

Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:

– Бұл операция болмаса, Ирактың заңы бойынша ол балалар барлығы жетімдер үйіне тапсырылады. Сол жақта 14 жасқа дейін болады. Әрі қарай олар босатылады немесе олардың террористік ұйымға қатыстығы болса сотталады.

Бұл 3 жасар – көңілді балақай 14-тің ішіндегі жалғыз жетім. Бүлдіршіннің тағдыры өте аянышты.

Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:

– Әкесі мен шешесі жоқ. Ол баланы Ирактың әскерлері шабуыл жасаған кезде бір қираған үйдің астынан шығарып алған. Сол баланың апасын Алматыдан таптық. Содан кейін ұзақ мерзім ДНК процедурасын жүргіздік.

Иә, балаларды елге аман-есен жеткізу – операцияның басты миссиясы. Ата-анасына еріп кеткен балғындар да өз атамекенін сағынғандарын айтады.

Ұшақта балаларға берілген тамақ олар үшін таңсық болды. Себебі 3,5 жыл бойы бүлдіршіндер құр су мен күріш жеп келген. Ал ойыншықтар мүлдем басқа әңгіме. Мұндай заттарды мүлдем көрмеген.

Бағдадтан елордаға жеткен бетте балаларға жылы киім киіндіру ең қиыны болды. Себебі олар жылы жақта жүріп үйреніп қалған. Ал аязды ауа райына келіп, қарды көрген олар аң таң болып қалды. Әуежайда бүлдіршіндерді күткен туған-туыстары немерелерін бірінші рет көріп, қуаныштары қойындарына сыймады.

Мадина Бекбауова:

– Қызымның баласы. 2015 жылы күйеу баламен кеткен. Негізі Түркияға жұмысқа кеткен. Ал қызымды әлі тапқан жоқпын. Үлкен рақмет алып келгендеріңіз үшін.

Мәрзия:

– Осы операциямен айналысқандарға көп рақмет. Балаларым келді. Бірталай жыл болды күткеніме.

Енді елге аман-есен оралған балалар арнайы орталықта толық медициналық тексерістен өтеді. Кейін туған-туысқандарына барады.

Аружан Сайын, ҚР бала құқығы жөніндегі уәкілі:

– Бізде оңалту бойынша арнайы бағдарлама бар. Онда барлық отбасы психологиялық көмек алады. Келген балалардың арасында көбісі кіші жаста. Менің ойымша, олар тез бейімделіп кетеді.

Бұған дейін Қазақстан билігі қарулы қақтығыс аймақтарынан балаларды елге қайтару бойынша «Жусан» операциясын үш мәрте өткізген. Оның қорытындысы бойынша 400-дей балғын атамекеніне оралды. Енді «Русафа» операциясымен де 14 бүлдіршін Отанына келді. Бұл әрекетпен Қазақстан өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмай, қол ұшын созуға әрқашан дайын екенін көрсетіп отыр. Себебі еліміз үшін оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі. Ата-заңымыздың 1-бабында осылай жазылған.

Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы