384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

  • 182
  • UPD: 10:18, 03.12.2019

Үлескерлердің ақшасына салынып, бірақ құрылысы тоқтап қалған үйлердің саны бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордада баспанасына жылдап қол жеткізе алмай жүрген отбасылар саны 13 мыңнан асады. Мемлекет басшысының өзі үкіметке бұл мәселені тездетіп шешуді  тапсырған болатын.

Соңғы деректерге сүйенсек, елордада құрылысы тоқтап қалған 71 көп қабатты үй бар. Осының салдарынан бар тапқан-таянғандарын мердігер компанияға беріп, сан соғып қалғандар жылдап баспаналарына қол жеткізе алмай жүр. Үлескерлердің мәселесін  шешу үшін Ұлттық қордан 40 млрд теңге қаржы бөлінген.  Бірақ қаражат болған күннің өзінде құрылысты қайта бастауға кедергі келтіретін жайттар жетерлік. Оның дені құжатқа байланысты.

Алтынбек Қайсағалиев, қала әкімінің орынбасары:

– Басты кедергі – жобалық-сметалық құжатының толық  болмауы. Мәселен, көп үйлер жобалық-сметалық құжаттарсыз салынған. Сондай-ақ, көбінде  қаржылық техникалық аудит пен сараптаманың  қорытындысы да болмай шықты. Оны бәрін қайта реттеу оңай шаруа емес. Оны жасауға айтарлықтай уақыт қажет. Осының бәрі қаражатты уақтылы игеруге кедергі келтіреді және нысанды аяқтау мерзімін де кешіктіреді.

Үлескерлердің мәселесін шешуде «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегі тимек. 29 көп қабатты үйді осы жоба аясында бөлінген қаржыға салу жоспарланып отыр.  Ал тағы 19-ның құрылысына инвесторлар тартылады.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Бұл – «Территория комфорта-1» деп аталатын тұрғын үй кешені. Құрылысы 2004 жылы үлескерлердің қатысуымен басталып, кейіннен тоқтап қалған. Содан бергі уақыт ішінде салына бастаған үйлер құрылысы бітпей жатып, тозығы жетіп жарамсыз боп қалған. Енді сараптама нәтижесі бойынша сүріліп жатыр.

Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысына 500 ден астам адам қаржы құйған.  Енді олардың құрылыстың аяқталуын күтуден басқа амалы жоқ. 

Алтынбек Қайсағалиев, қала әкімінің орынбасары :

– Аталған нысанның  үлескерлері  пәтерлерін сол  тұрғын үй кешенінен алады. Бірақ құрылыстың аяқталуын күтпей, басқа жерден  баспана бер деп талап етіп жатқан  адамдар да бар. Бірақ олай болмайды. Қайткенмен де тұрғын үй кешенінің құрылысының аяқталуын тосулары тиіс. Бұл барлық үлескерлерге қатысты.

Бұл тұрғын үй кешені енді екі жылдан соң  пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.  Қазіргі уақытта әрбір проблемалық нысан бойынша атқарылатын істің жоспары жасалып, Жол картасы бекітілген.  Үлескерлердің қатысуымен басталған құрылыс нысандары 2023 жылы толықтай аяқталады деген жоспар бар.

Хабар 24 телеарнасы