386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев неміс телерадиокомпаниясына сұхбат берді

  • 174
  • UPD: 22:56, 04.12.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының алдында «Неміс толқыны» телерадиокомпаниясына сұхбат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент еліміздің сыртқы саяси бағдарының негізгі басымдықтарын түсіндіріп берді. Одан бөлек, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас жөнінде біраз ақпарат айтты.

Германия – кәрі құрлықтағы Қазақстанның негізгі серіктесі. Тараптар бірнеше салада байланыс орнатқан. Енді осы қарым-қатынас одан әрі беки түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

– Германия – Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында құны шамамен екі миллиард доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылады деп үміттенемін.

Германияда машина жасау, ресурстық материалдарды өңдеу көш ілгері дамыған. Сондықтан Қазақстан осы елмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. «Неміс толқынына» сұхбат берген мемлекет басшысы іргелес Ресеймен де қарым-қатынастың жақсара беретінін жеткізді. Одан бөлек, ішкі саясатқа қатысты біраз мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

– Біз өзіміздің үлгіні жасауға тырысамыз. Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Айтпақшы, кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Doing business көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл коэффициент бойынша Ресейден алда тұрмыз.

Қазақстан латын қарпіне бірте көшеді. Бұл – даусыз. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа таңбаны қолданысқа енгізу ісінде асығыстық танытуға болмайтынын жеткізді. Сол себепті ғалымдарға арнайы тапсырма бергенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:   

– 2025 жылдан бастап латын қарпіне толық көшеміз деген шешім қабылданған. Бірақ бұл ұзақ уақытты алатын процесс. Осыған дейін латын қарпінің 3 үлгісі көрсетілді. Меніңше, сол үш үлгінің барлығы сәтсіз дайындалған. Сондықтан мен жауапты ведомстволарға латын қарпінің басқа үлгілерін асықпай әзірлеу туралы тапсырма бердім.

Қазақстан кәрі құрлықтағы елдерге еліктеп, биліктегі басқару формасын өзгертпейді. Біздің өз жолымыз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс тілшісіне берген сұхбатында осылай деді. Бізде «Мықты Президент, беделді Парламенті», «есеп беретін Үкімет» жүйесі бар. Сол жолмен алға қарай беттей береміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:   

– Біз саяси реформа жасай береміз. Мен мұны халыққа жолдауымда да айтқанмын. Саяси реформа жасалмай, мемлекет дамымайды. Бірақ біз ел басқару ісінде Еуропа елдерін үлгі етпейміз. Бізде Президенттік басқару жүйесі сақталады. Негізгі формула «мықты Президент, беделді парламент, есепті Үкімет».

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар елден жаппай кетіп жатыр дегенді жоққа шығарды. Президент кейінгі буынның «Болашақ» бағдарламасы бойынша өзге елдерде оқып жатқанын айтты. Кейбірі кәрі құрлықта қалып, еңбек етуде. Бірақ басым бөлігі елге қайтып, мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосып жатқанын қаперге салды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

– Жастардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алуына көмек көрсетіп жатырмыз. Бізге тың көзқарас, жаңа серпін керек. Өзге елде тәжірибе жинаған мамандардың дені елге оралып, еңбек етіп жатыр. Кейбірі сол елдерде қалып жұмыстарын жалғастыруда. Мұнда тұрған еш әбестік жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Германияға ресми сапармен барады. Президент канцлер Ангела Меркельмен кездеседі, одан бөлек неміс инвесторларымен жолығуды көздеп отыр.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы