379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлтымыз үшін маңызды мәселеде жеңілтектікке жол беруге болмайды – Тоқаев

  • 336
  • UPD: 21:15, 20.12.2019

Ел Парламентінде оппозиция пайда болады. Саяси ұйымдарды тіркеу ісі де жеңілдейді. Бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса партия атанып, заң шығарушы органдағы мандатқа ие болуы мүмкін. Бұған қоса митингтер жөніндегі жаңа заң жобасы қолданысқа енгізілуі тиіс. Бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде президент айтқан бастамалар. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл жолғы жиында отандық БАҚ баса назар аударған бір жайт - журналистер мен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің арасын екіге бөлген мына қабырға. Осының салдарынан халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын БАҚ өкілдері қоғам белсенділерімен тікелей диалог орната алмады. Бірақ бұл отырыстың мақсат-міндетіне қол жеткізе алмағанынан білдірмейді. Керісінше жиын барысында әлеуметтік-экономикалық және саяси ұсыныстар тағы да таразыға тартылды. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына қос тарап та тыңғылықты дайындалған. Хатшылық ұсыныс-тілектерді жинақтап, 70 тармақтан тұратын біртұтас жоспарды әзірледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екі айдан аса уақыт өтті. Бірге күш жұмылдырдық. Биліктің реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Кездестім, пікір алмастым. Соның арасында бірқатар түйткіл бойынша ортақ ұстанымға келдік. 

Жиында Президент әдеттегідей алдымен кеңес мүшелірін тыңдады. Өз кезегінде олар да тосылып қалған жоқ. Тереңнен ой қозғап, халық үніне құлақ асуы тиіс үкіметке нақты ұсыныстарын айтты. 

Саясат Нұрбек, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Көші-қон мәселесі үш ұсыныс. Этникалық қазақтарға жерді пайдалану құқығын беру. Екінші - Қазақстан азаматтығын алған азаматтардың туған жерін бір рет өзгертіп жазу. Соңғы - 18 қараша күнін көші-қон күні ретінде белгілеу. 

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның айтуынша, осыдан 2 ай бұрын көтерілген мәселелердің кейбірі әлі шешімін таппаған. Жер қатынастары саласын реттейтін заң жобасы созбалаңға салынып жүр, ал екіншіден жеке тұлғаларды банкрот деп танитын құжат мүлдем жоқ. Соңғысы бүгінгі қоғамға ауадай қажет болып тұр. 

Мұхтар Тайжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Екінші мәселе жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң. Бізге керек. Заманауи құлдық деп айтсам болады. Үкімет иждивенчество тудырады дейді. Үкімет үнемі банктерге көмектесіп жатыр. Мүмкіндік, кредиттен құтылатын жолды ашып беруіміз керек. 

Түпкілікті шешімді билік қабылдаса да, халықтан жоғары тұрған ешкім жоқ. Алайда сол халықтың атын жамылып, белгілі бір топтың мүддесін қорғаудан аулақ болуға тиіспіз. "Елдің саяси-экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді стратегияны әзірлеуіміз керек",-деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Әрине түйткілді мәселенің бәрін 2 айда шешіп тастау мүмкін емес. Көкейтесті мәселенің бірі жер. Жерді игере алатын адам ғана иесі болуы керек. Ғарыштық мониторинг жүргізу туралы ұсыныс түсті. Ғарыштық түсірілімдер қолданылып, жағдайды тексереді. 

 Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша жер телімдері ғарыштық фото-суреттер арқылы тексеріледі. Игерілмей жатқандары мемлекет меншігіне қайтарылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі келер жылдың мамыр айынан бастап пилоттық жобаны іске қосады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу кезінде созбалаңға салса сот. 

Келер жылдан бастап бюджеттік мекемелердің есебі халық назарына ұсынылады. Қазына қаражатының тиімді жұмсалуы үшін осындай тапсырма берілді. Ал квазимемлекеттік кәсіпорындардың директорлар кеңесіне азаматтық институт өкілдері енеді. Бұл аз десеңіз бәсекелестік ортада мемлекет қатысатын бизнес процестер азая түспек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл өз кезегінде мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің рұқсат етілген түрлерін қысқарту арқылы іске асырылуы тиіс. Үкімет тарапынан мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің 100-ден астам түрін қысқарту ұсынылып отыр. Бұл қазіргі тізімдегілердің 30 пайызға жуығы. 

Елдегі шетелдік жұмыс күші де қысқарады. Жыл сайынғы квота 49 мыңнан 29 мыңға дейін азаяды. Мемлекеттік органдар еңбеккерлердің жалақы айырмашылығын және тұрғылықты жерлерін тексеріп отырады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екіншіден жұмысшылар саны 250 адамнан асатын 30-дан артық шетелдік жұмысшы тартқан кәсіпорындар тұрақты тексерумен қамтылады. Енді Еңбек министрлігі кез келген заңбұзушылықтарға жедел әрекет ете алады. Осылайша мәселенің жылдан жылға қордалануына жол берілмейді. Үшіншіден, төртінші санаттағы жұмысшы мамандығы бойынша шетелдік еңбеккерлердің санын қысқарту мәселесі де қайта қаралады. Сондай-ақ мамандардың жергілікті құрамына қатысты талаптар күшейтіледі. 

Еліміздің сыртқы қарызына қатысты мәліметтерді түйінді түйткілге айналдырмау қажет. 1-сәуірге дейін Ұлттық банк бұл саладағы өзгерістерді бірыңғай реестерге біріктіруі тиіс. Көпбалалы аналар болса, мемлекеттік жәрдемақыға енді тек перзент санына қарай қол жеткізеді. Оның көлемі 42 мыңнан 74 мың теңгеге дейін. Ал аз қамтылған отбасы балалары әлеуметттік жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекпен қамтылуын да үкімет жіті назарда ұстайды. 

Тағы бір маңызды мәселе – зейнетақы жүйесін жаңғырту. Жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты дау-дамай басылар емес. Мұны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген болатын, алайда әлі күнге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі кейінге (2023 жылға) шегерілді.

Әркім өз ойын қоғам алдында білдіруге құқылы. Яғни митингтер өткізуге келгенде ешкім тыйым салмайды. Мемлекет те, қоғам да бұған үйренуі қажет деді президент. Жаңа заң жобасында бейбіт мақсаттағы жиындар өткізудің тәртібі мен ережесі бекітілген. Алдағы уақытта Парламент құжатты қабылдауы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Саяси партияларды тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек. Өткен кезеңнің талабына сай болды. Енді қазір қоғам жаңа кезеңге аяқ басты. Санын екі есеге азайтуды ұсынамын. 20 мыңға дейін. Жалпы біз партияларға, сайлауларға қатысты заңды бірте-бірте өзгертуіміз керек. 30 процентіне әйелдер мен жастар кіруі керек. Олар саяси-қоғамдық өмірге араласуға дайын. 

Елде парламенттік оппозиция да пайда болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде балама пікірлердің қалыптасуына жол ашады. 

Осылайша ұлттық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Президент елде жаңа реформаларды жүзеге асыруға пәрмен берді. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы