427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті жерді пайдалануды бақылаудың ғарыштық әдістерімен танысты

  • 679
  • UPD: 20:03, 23.12.2019

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті қос диплом жүйесін енгізбек. Шәкірттерін отандық қана емес, шетелдік білім беру процесіне сай оқытып, елдегі ауыл шаруашылығын түлететін мықты мамандар даярлауға бекініп отыр.

Осы үшін алдағы 5 жылға жоспар әзірлеген. Бірақ қазірдің өзінде кадр дайындау процесін біршама өзгерткен. Әріптесім Рауан Мыңбаев тарқатып айтуға дайын.

Бұл оқу орны отандық ауыл шаруашылығы саласына соны технологияларды енгізіп келеді. Шәкірттері тек теория емес, тәжірибе жүзінде білім алады. Елде қат мамандықтарды оқытуға ерекше ден қойылған. Себебі, ауылдарда заманауи техника тілін меңгерген кадр тапшы.  

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұл технологиялар. Ең бастысы механизаторларды оқыту керек. Кадр дайындау керек. Ол үшін әр районда центр распространение знаний бар. Сол жерде ақша бөлінген. Оқытып жатырмыз. 

Университетте кез келген қиындықтағы сызба қағаздарын шығарып алуға болады. Ол үшін роботтандырылған сканер жұмыс істейді. Ал бұл модульді құрылғы өндіріс барысын қаз қалпында көрсетеді. Студенттердің автоматтандыру үдерісін үйренуіне қолайлы қондырғы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Өте маңызды шаруамен айналысып келесіздер. Қазір роботтық техника, цифрландыру, жалпы жасанды зияткерлік қалыпты үрдіс саналады. Әсіресе дамыған елдерде. Осы көшке ілесіп, біз де ілгері жылжуымыз керек. Салаға мамандар аса қажет. 

Оқу орыны азық-түлік тағамдарының түр-түрін дайындайды. Дәлірек айтқанда, өндіріс ошақтарына әзірлеу технологиясын ұсынады. Фермерлердің мұнда тегін білім алуына мүмкіндігі бар. Сол арқылы ауыл шаруашылығы саласын бүге-шүгесіне дейін меңгеріп шығады. Соның арқасында кейін түлектер екі қолға бір күрек іздеп сенделмейді. 

Шәкіртақының артуы студенттердің білім алуға деген құлшынысын арттыра түскендей. Қазір олар молекулярлық биология мен гендік инженерияның заманауи әдістерін пайдалануға кірісті. Ал ұстаздар жағы алдағы 5 жыл ішінде бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді жаңа сұрпын шығаруды жоспарлап отыр. 

Айтжан Әбдіров, Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Студенттер әр түрлі процестерінде цехтарда өз қолдарымен істеп шығады. Білімі көтерілді. Жұмысқа орналасқан кезде сұраныс жоғары. 

Университет келешекте қос диплом жүйесіне көшеді. Түлектер қазақстандық қана емес, франциялық және америкалық оқу орнын тәмамдады деген құжатқа қол жеткізуі мүмкін. Бұл - Қазақ агротехникалық университетінің халықаралық ынтымақтастықтағы негізгі бағыттарының бірі. 

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры:

- Ауыл шаруашылығы саласының негізі осал. Біздің университеттің екі серіктесі бар. Париждегі және Америкадағы университеттер. Солармен үлкен өзгеріс жасап жатырмыз. Келісім бойынша нақты 5 жылға оқу үдерісін өзгертіп жатырмыз. Екі диплом алады. 

Бір сөзбен айтқанда, оқу орны ғылыми университетке айналады. Әлемдік технологиялар бойынша елімізге қажетті ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды.

Фараби Ермеков, университет деканы:

- Жерді пайдалануды анықтау мәселелері бойынша дәлдігі 95 пайызға жақындап қалдық. 100 жеткізу үшін ғылыми жұмыстарды жалғастыруымыз керек. 

Мемлекет басшысы жерді пайдалану процесін бақылауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жасаудың және жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи әдістерімен де танысты. Мұндай тәжірибе әзірге Ақтөбе және Ақмола облыстарында қолданылып келеді. Алдағы уақытта басқа да өңірлерге енгізілуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы