380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Келер жылы кредитті жасырын беретін ұйымдар пайда болуы мүмкін – Сарапшылар

  • 299
  • UPD: 11:05, 25.12.2019
Келер жылы кредитті жасырын беретін ұйымдар пайда болуы мүмкін – Сарапшылар

Жаңа жылдан бастап жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз қазақстандықтарға несие берілмейді. Сондай-ақ айлық табысының 50 пайызынан астамын қарызын өтеуге жұмсайтын азаматтар да несие ала алмайды.

Ұлттық Банктің бұл шешімі қазір қарапайым азаматтар мен сарапшылардың арасында қызу талқыланып жатыр. Мамандардың бірі бұл қадам қайтарылмайтын кредиттердің үлесін азайтып, экономикаға пайдасын тигізеді десе, екінші тарап жасырын несие беретін ұйымдар пайда болуы мүмкін дейді.

Мамандар бұл қажеттіліктен туындаған шара дейді. Мақсат қазақстандықтардың қарызға батуының алдын алу. Ал қаржы ұйымдары үшін тәуекелдер азаяды. Жаңа талаптарды банктермен қатар микроқаржылық ұйымдар да бұлжытпай орындаулары тиіс. 

Ләззат Үсенбекова, Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының басқарушы директоры:

- Келе жатқан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдар оның ішінде онлайн-кредитор да кіреді, ломбардтар да. Ұлттық банктің ішінен қазір бөлініп шығып жатқан Қаржы нарығын реттеу мен қадағалау және дамыту агенттігінің реттеуіне кіреді.

Несиеге деген сұраныс еш уақытта жойылмайды. Ал сұраныс болған жерде ұсыныстың болатыны да анық. Сондықтан банк пен микроқаржы ұйымдарының талабына сай келмейтін азаматтар қарызды күмәнді адамдар мен ұйымдардан алуы мүмкін.

Бота Жұманова, қаржы сарапшысы:  

- Егер табысы төмен азаматтар ресми түрде несие рәсімдей алмаса, онда олар қайтсе де ақша табудың амалын қарастырады. Осы орайда кімнен және қанша процентпен алады? деген сұрақ туындайды. Бұл жағдайдан кейін нарықта ақшаны үлкен пайыздық үстемақымен беретін ұйымдар немесе компаниялар пайда болуы ықтимал. Олар қарызды қолхат арқылы беруі де мүмкін.

Қазіргі таңда еліміздегі тұтынушылық несиенің мөлшері шамамен 250-350 мың теңгенің арасында. Басым бөлігі смартфон мен тұрмыстық техника алуға жұмсалған. Жаңа бастама кепілсіз тұтынушылық несиенің көлемін азайтатыны сөзсіз. Бірақ алаяқтық фактілер де жиілеп кетуі мүмкін. Сол себепті сарапшылар жеке куәліктеріңізді қараусыз қалдырмауға, суретін мессенджерлер арқылы жібермеуге және жылына бір рет несие тарихыңызды тексеріп тұруға кеңес береді.

Әсем Нұрғалиева, бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры:      

- Кез келген азамат жылына бір рет өзінің несие тарихын тегін тексеруге құқылы. Оны біздің кеңсеге келместен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе E-gov сайты арқылы біле аласыздар. Немесе біздің мониторинг қызметімізге жазылуыңызға болады. Егер әлдекім сыртыңыздан несие рәсімдесе телефоныңызға сіздің атыңызда жаңа келісім-шарт пайда болғаны туралы мәлімет келеді.

Алаяқтардың қулығына құрық бойламайтыны анық. Олар 50-60 мың теңгеден бастап, бір миллион теңгеге дейін шығынға батыруы мүмкін. Ал сотта дәлелдегеніңізше ең кемі 1,5 жыл кетеді. Оның үстіне жүйкеңіз де тозады. Сондықтан құжаттарыңызға сақ болғаныңыз жөн.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы