448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


МСҚ-ға жарна құймаған азаматтар үшін кепілдендірілген қызметтер қолжетімді болады ма

  • 454
  • UPD: 11:20, 08.01.2020

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. 400 мың азаматтың әлеуметтік статусы анықталмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дамыған елдің көбінде медициналық сақтандыру бар. Мұндағы мақсат – халықтың ауыр дертті емдеу не ақылы медициналық қызметтер үшін көп қаржы жұмсамауына жағдай жасау. Қазақстан да биылдан бастап осы жүйені қолданысқа енгізді. Бірақ...

Иә, халық үшін жасалған жаңашылдықтан сол халықтың дені хабарсыз. Дегенмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасы 2015 жылдан бері айтылып келді. Ал жүйе 2018 жылы енгізілуі керек-тін.

Олжас Әбішев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– 2015 жылдан бері келе жатқан жобаны енгізу үшін көптеген маман шақыртылды. Халықаралық мамандар болсын, жергілікті мамандар болсын. Себебі ол жаңа жоба. Оны бір жыл ішінде қабылдап, енгізудің мәселесі емес, біз оны сапалы түрде енгізу үшін 3-4 жылдың ішінде толығымен талқылап, бүкіл мамандармен бас қосып, бар жағынан қарастырып, 2019 жылы Қарағанды облысында пилоттық режимде жүзеге асырып, 1 қаңтардан бастап бүкіл аймақтарға ендіріп отырмыз.

Дайындық жұмыстарының нәтижесінде Қаржы министрлігінің электрондық порталы арқылы 296 медициналық нысан қажет жабдықтарын алып, жұмысқа бел сыбана кіріскен. Олардың 62 проценті – жеке емдеу мекемелері.

Айбатыр Жұмағұлов, МӘСҚ КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Екі жылдан астам жұмыс жасадық. 2019 жылдың нәтижесі бойынша біз 1,39 трлн теңгеге тегін медициналық көмекті қаржыландыру жұмысын жасадық. Осы жылы да тегін медициналық көмек көлемі сол деңгейде сақталады. 988 млрд осы жылға жоспарланған. 580 млрд теңге осы МӘС қаражатынан қосымша бөлінеді.

Биыл халықты тегін медициналық қызметпен қамтуға 1,6 трлн теңге бөлінді. Ендеше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға не жатады?

Жіктеп көрейін.

  1. Амбулаториялық-емханалық көмек
  2. 2. Дәрігердің рецепті бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
  3. Жоспарлы стационарлық көмек
  4. Стационарды алмастыратын көмек

Биыл жұмыс берушілердің қорға аударуы тиіс жарна мөлшері әр қызметкер табысының 2 процентін, 2022 жылы 3 процентін құрайды. Бастысы, қолжетімсіз болған емдеу шаралары енді тегін көрсетіледі. Бұл дәрігерлердің де мүмкіндігін арттырары хақ.

Фазылбек Құмарбеков, дәрігер:

– Бұрын біз қымбат тұратын операцияларды жасай алмайтын едік. Портал, квотаны күтіп жүрдік. Енді осы міндетті әлеуметтік сақтандыру арқылы ондай операциялар елімізде жасалады. Мысалы, ұйқы безін ультра дыбыстық зерттеуден өткізіп, әрі қарай диагностика жасау үшін компьютерлік томография, магниттік-резонанстың томографиядан өткізу керек. Пациент сақтандырылса, ол үшін құны қымбат ем-дом тегін көрсетіледі.

Сіз бұл тізімде барсыз ба? Оны білу үшін телеграм-ботқа жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізіп, тексеріңіз. Айтпақшы, 15 жеңілдік категориясына жататын болсаңыз, тізімде барсыз деген сөз.

Олжас Әбішев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– 18 млн адам болса, оның 10 млн-ы 15 катергорияға кіреді. Ол зейнеткерлер, мүгедек кісілер, балалар, студенттер, 5 млн-ы жұмыс істейтін адамдар. Олар үшін жұмыс берушінің өзі береді. Қалғаны – 3 млн. Біз өткен жылы еңбек министрлігімен бірге, ХҚКО-мен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, сол 2,6 млн адамды анықтап алдық. Қалған статусы анықталмаған 400 мың адам сыртқа көші-қонмен шығып кеткен не анықталмаған. Сәуірге дейін сол жұмысты күшейтіп, 92 процентке дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Егер статусы анықталмаған адамның өміріне қауіп төніп тұрған болса, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі.     

Жеңілдігі бар санаттар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Еске салайын, оның мөлшері орташа айлық жалақының 4%. Аталған санаттарға жатпайтын тұлғалар биылдан бастап ең төменгі жалақының 5% көлемінде жарна аударуы тиіс.

Нұрлан Садықов, қала тұрғыны:

– Бұл дұрыс бастама. Медициналық қызмет көрсету, барлығы тегін болу керек. Мысалы, магнитті-резонансты томографияға қол жеткізе алмай жүрген таныстарым көп. Себебі қымбат. Көптің қалтасы көтере бермейді.

Айта кетейін, нейрохирургиялық, травматологиялық операциялар және инсульт пен инфарктан кейін қалыпқа келу қызметтері жаңа жүйеде тегін көрсетіледі. Сақтандыру ақысын өзім көтеремін десеңіз, емханаларда орналасқан терминалға 2125 теңге төлеп, қажетті қызметті алуыңызға болады. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы