377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай – қалтарысы көп жұмбақ әлем

  • 300
  • UPD: 19:57, 21.01.2020

Елордада Абай мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Астана опера» театрында ұйымдастырылған кешке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Концертте сахна саңлақтары өнер көрсетіп, ұлы ақынның әндерін шырқады. Театрландырылған қойылым болды. Келген жұрт хәкімнің қара өлеңдерімен сусындады.

Абай – қалтарысы көп жұмбақ әлем. Оның мұрасы – толық зерттелмеген тұтас ғылым. Абайды тану – кеңдікке кенелу, биікке ұмтылу, тереңге бойлау. Абайды ұққан ұрпақ ұшпаққа шығады.

Абай итжығыс тіршіліктегі игілік пен зұлымдықты, көрсоқыр надандықты, қазақтың бойында бар теріс қылықты теріп берді. Адамзат баласын білім қуып, ілім іздеуге үндеді. Абай шығармалары пәлсапаға толы. Өмірдегі барлық қызық та, қасірет те өлеңмен өріледі. Хәкімнің «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деуі сондықтан.

Ерлан Сайлаубай, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Біз бақытты халықпыз. Өйткені бүкіл өмірді оймен шолып, соны кереметтей түйіндеп берген ғұламасы бар халықпыз. Қазіргі заманның талабы да сол. Бүкіл өмірдегі болмысты терең түсіну, қоғамдағы өзгерістер, жаңа технологиялық заман, ұлттық аспекті, ұлттық менталитет бар. Осының барлығында ұрпақтың адаспай, дұрыс жүруіне септесетін Абайдың мұрасы.

Абай мұрасы – тек қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа ортақ. Сондықтан биыл кемеңгер ақынның шығармаларын әлемнің 10 тіліне тәржімалау көзделген. Қазақстанның басқа елдердегі елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Сөйтіп жаһан жұрты данышпан ақынның шығармаларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. 

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шара өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады. Біз ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз.

Абай – қазақтың бойтұмары. Сондықтан ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы биыл кең көлемде атап өтіледі. «Астана опера» театрында ұйымдастырылған бүгінгі концерт сол іс-шаралардың шымылдығын түрді. Кешке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Елге белгілі сахна саңлақтары ақынның әндерін шырқап, келген жұртты ұйытып тастады.

Абайды ұлықтау – той тойлау емес, ой толғау болса керек. Сондықтан мерейтой аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған. Оған әлемнің бірнеше мемлекетінен келетін танымал ғалымдар қатысады. Семей өңірінде абайтанушылар жиын өткізіп, ақынның мол мұрасын мұқым жұртқа дәріптейді.

Абайдың қастерлі мекені – Жидебайды абаттандыру шаралары мықтап қолға алынады. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі жаңғыртылмақ.

Жандос Әубәкір, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:

– Абайды жасы да, жасамысы да танып білуі керек. Сондықтан ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмдер түсірілмек. Мерейтой аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға ұзын-ырғасы 3 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 500-ден астам шара өткізу жоспарланып отыр.

Ләйлә Баймағамбетова, Абайдың ұрпағы:

– Бәріміз жоғарғы білім алдық, бәріміз еңбек сүйдік. Еңбектеніп, зейнетке де шықтық. Балаларым, немерелерім Абайдың өлеңдерін жатқа біледі.

«Астана опера» театрында өткен бүгінгі концертті ұйымдастыруға жауаптылар бір жарым ай дайындалған екен. Бас-аяғы мың жарым өнерпаз сахнада өнер көрсетті. Абайдың мол мұрасын насихаттау биылғы жылмен шектеліп қалмасы анық. Хәкімді ұлықтау алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені Абай – қазақ құнар алатын қазына.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Абай – алты алаштың темірқазығы. Хәкімнің шығармалары өміршең. Ұлы ақынның мол мұрасына үңілсең, қазақтың өткені, бүгіні мен ертеңін көресің. Кемеңгер ойшыл қазақты сынау арқылы руханияттың кенжелеп қалғанын, бастауды қайдан алу керектігін, ұлт болып ұйыса білудің жолын көрсетеді. Қазақ барда - Абай бар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы