430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 1887 жылы болған зілзала қайталануы мүмкін

  • 1464
  • UPD: 10:59, 22.01.2020
Алматыда 1887 жылы болған зілзала қайталануы мүмкін

Еліміздің оңтүстік-шығыс аймағы сейсмикалық белсенділігі жоғары аумаққа жатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сейсмология институтының мамандарының айтуынша, аталған аймақта жылына 10-12 мыңнан астам түрлі дәрежедегі жер дүмпуі тіркеледі екен.

Соңғы күндері Алматы тұрғындары бірнеше жер тербелісін сезді.

Күші аз болғанымен, бұл халықтың тынышын алғаны анық. Себебі, Алматы сейсмоқауіпті аймақ екені бұрыннан айтылып келеді. Бұған тарихтағы Верный сілкінісі дәлел. 1887 жылы болған зілзаладан қаланың жермен-жексен болғаны туралы деректер бар. Сол апаттың қайталануы мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

Алла Садыкова, Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі:

- Осы оқиғалардан кейін 110-120 жыл өтті. Сейсмологтар жер сілкінісінің қайталануын зерттеген кезде сол аймақта күші сондай жер сілкінісі қанша уақыттан соң қайталануы мүмкін екенін есептеуге болады.

Біздің зерттеулеріміз бойынша Верный деңгейіндегі жер сілкінісі 100-120 жылда қайталануы мүмкін. Оның магнитудасы 7 балл болған. Ал, 8 магнитудалы жер сілкінісі сирек болады, оның қайталануы 150 жылдан асады.

«Алайда, нақты болжам айту қиын», - дейді мамандар. Тіпті айтып келмейтін апаттың болатын дәл сәтін анықтауға дамыған елдерде де мүмкіндік жоқ. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жылдары қолға алынған. Тек 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институты құрылды. Мамандар «озық елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне бейімдеп қолданғанымызбен, жер сілкінісін нақты болжауға қолбайлау көп», - дейді.

Алла Садыкова, Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі:

- Әлемде жер сілкінісін болжам 3 деңгеде болады. 6-7 жылға жасалатын ұзақ уақытты болжам. Орта ұзақтықтағы болжам 1-2 жылға жасалады. Және ең қысқа мерзім 1 айға жасалатын болжам бар. Біз орта ұзақтықтағы болжам жасаумен айналысамыз. Жыл сайын өткен жылдың материалдарын сараптай келе, ақпан айының басында осы жылға болжам жасаймыз. Біздің бақылау желілеріміз қысқа уақытқа болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Желіміз көп болса, ғалымдарымыздың құрамы артса, нақты болжам бере алатын едік деген ойдамын.

Жаман айтпай жақсы жоқ. «Алматының сейсмоқауіпті аймақ екенін әр тұрғын саналы түрде білуі тиіс», - дейді мамандар. Сондықтан өзіңіз тұратын, жұмыс істейтін жерді зерделеп, апат бола қалған жағдайда аман қалудың жолын қарастырған жөн.

Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Алматы қаласының тұрғындары тербелісті сезіне салысымен қауіпсіздікті ойлау керек. Олар алдын ала отбасы мүшелерімен бірге үй ішіндегі қауіпсіз аймақтарды анықтап, апат бола қалған жағдайда сол жерге жету керектігін білу керек. Үйде ең қауіпсіз жерлер бұл негізгі құрылымдық қабырғалар, есік жақтаулары. «Төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет сіздің аман қалуыңызға себеп болуы мүмкін», дейді мамандар.

Сейсмологиялық ғылыми-зерттеу институтының мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта ғимараттардың бастапқы жобалық құрылымын өзгерту белең алған. Бұл жер сілкінісі кезінде қауіпті ұлғайтады. Қалада аса қауіпті 20 аймақ бар. Қазіргі уақытта бұл аймақтардың картасы әзірленуде.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы