375,77 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде алғаш рет волонтерлік қызмет кәсіби түрде оқытыла бастады

  • 265
  • UPD: 23:30, 25.01.2020

Ақтаудағы университетте «қоғамға қызмет» деген пән енгізілді. Ол бірінші курс студенттеріне оқытылады. Ұстаздар 7 апта бойы студенттерге әлеуметтік жауапкершілікті сезінуді үйретіп, қоғамдағы қайырымдылық идеялар мен адамгершілік құндылықтарды дәріптейді.

1-курс студенті Біржан Еламанов қоғамға қызмет пәнін ерекше ықыласпен оқығанын айтады. Болашақ математик университет қабырғасында алған білімін қарияларға көмектесуге жұмсап жүр. Апта сайын қарттар үйіне барып, жалғызбасты ата-әжелеріне қызмет етеді. 

Біржан Еламанов, студент:

- Ешқандай затқа қарамау, аяушылық танытпау деген ұстаныммен жүрдім. Бірақ осы қарттарды көрген кезде ол ұстаным 180 градусқа өзгерді деп айтса да болады. Себебі ол кісілердің жүзінен біз күлкі сыйлаған кезде өзімізге махаббат алып отырдық. Жалпы осы орталықта біз ол кісілерге ойын ойнаттық. Ол кісілерге ең жетіспейтін зат ол әңгіме-дүкен екен. Өздерінің ішіндегі заттарды айта алмай жүр екен. Сол сияқты заттарды көп білдік.

Қоғамға қызмет пәні өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілді. Осы аралықта бір жарым мыңға жуық студент білім алып, жобаларын қорғап шықты. «Кедергісіз болашақ», «Жүректен жүрекке», «Бақытты балалық шақ» сынды акцияларға қатысып, жүздеген жанға қол ұшын берді.

Міржақып Бағдатұлы,  қоғамға қызмет орталығының үйлестірушісі:

- Қоғамдағы қайырымдылық идеяларын дәріптеу мақсатында, азаматтардың бастамаларын қолдау мақсатында және адамгершілік құндылықтарды қоғамға дәріптеу мақсатында Қазақстанда ЖОО арасында бірінші болып Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы жанынан қоғамға қызмет орталығы ашылған болатын. Қоғамға қызмет орталығы қазіргі таңда 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. 1-бағыты – әлеуметтік бағыт, одан кейін экологиялық бағыт және спорттық-медициналық, одан кейінгісі этномәдени бағыт. Ең соңғы айтылған 4-бағытымыз осы жылы қосылған болатын.

Орталық мамандары, ғалымдар алдымен аймақтағы әлеуметтік мәселелерге зерттеу жүргізген. Жалғызбасты аналар, панасыз қарттар, жұмыссыз мүгедек жандардың тізімі жасалған. Бүгінде студенттер үкіметтік емес ұйым мүшелерімен бірлесе әлеуметтік мәселелерді шешуге кірісіп кетті. Орталық жобаларын жүзеге асыруға қолұшын беретін 25-тен астам серіктесі бар.

Берік Ахметов,  университет ректоры:

- Өзіміздің ықыластық құндылығымыздың аясында қалай осы Маңғыстау өңіріндегі әлеуметтік мәселелерді шеше аламыз деген бір өзіндік қайта қарастыру басталған. Оны жәйден-жәй қарап емес, шетелдік университеттердің практикасына қарағанбыз. АҚШ елдерінде көптеген гумандық көзқарасынан адамдар өзгеріп бара жатқан тенденциясы 90 жылдардан бастап кең ауқымды қараған. Сол кезде әлеуметтік жауапкрешілігі бар университеттер, атап айтатын болсақ Станфорд университеті бар, Гонконгта бірнеше университет бар, өзіндік бір пән енгізу арқылы студенттерді трансформациялау процесін бастаған. Ол пәнді олар «Servise learning атаған. Біз де тәжірибе алмастық та 2018 жылы «Қоғамға қызмет» деген жаңа пәнді енгізгенбіз.

Ақтаулық университеттің бастамасын қолдаған Білім және ғылым министрлігі бұл жаңашылдықты барлық ЖОО енгізуге ұсыныс берді. Ведомство басшыларының пайымдауынша, Қоғамға қызмет пәні кәсіби волонтерлықты дамытып, елімізде еріктілер әскерін жасақтап шығаруға жол ашады. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы