429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мүгедек жандарға жұмыс беріп жүрген кәсіпкерлердің алғашқы форумы өтеді

  • 595
  • UPD: 22:29, 06.02.2020

Биыл күзде елімізде алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлердің республикалық форумы өтеді. Осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген іскерлер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесін талқылады. Президент кембағал жандарды жарылқап жүрген бизнес өкілдеріне қандай уәде берді?

Наталья Дубовниктің құлағында мүкісі бар. Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған келіншек біраз уақыт жұмысқа орналаса алмай әбден қиналыпты. Кейін тігінші болып еңбек еткен. Ал қазір жаңадан ашылған дәмханада аспаз болып жұмыс істейді. 

Наталья Дубовник, аспаз:

- Ас әзірлеуді анамнан үйренгем. Кәсіби аспаз емеспін. Бірақ тамақты дәмді етіп дайындай аламын. Бұл жерге жұмыс іздеп келгенде мені бірден қабылдады. 

Қазір бұл кафеде 16 адам еңбек етеді. Дені құлағында мүкісі бар кембағал жандар. Есту қабілеті нашар болса да қызметке орналасу қиындық тудырмапты. Өйткені бұл салаға ден қойып жатқан кәсіпкерлердің қатары бірте көбейіп келеді.  

Эмин Әскеров, «Best For Kids» қоғамдық қорының вице-президенті:

- Бизнес  табыс табуға негізделген. Ал біз бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысамыз. Кембағал жандарды жұмысқа қабылдау арқылы олардың тұрақты табыс тауып, отбасын асырауына мүмкіндік береміз. Олар қоғамнан жырақ қалмауы керек. 

Қазір 250-ден атам бизнес өкілі осы әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосып жатыр. Олар өз қаржысына тігін цехтарын, жиһаз жасайтын орталықтарды, шамасы келсе қоғамдық тамақтану орындарын ашқан. Әзірге мемлекет тарапынан оларға ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Жеңілдіктер де қарастырылмаған.

Эмин Әскеров, «Best For Kids» қоғамдық қорының вице-президенті:

- Өкінішке орай, мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдік жасалмайды. Әркім шама-шарқынша өз ісін жүргізіп жатыр. Сондықтан бізге мемлекеттің қодауы керек. 

Бақытжан Құдияров, «Қамқор отау» әлеуметтік жобасының директоры:

- Меніңше, біз өзіміз туралы жиі айтпаймыз. Соның кесірінен қоғам әлеуметтік кәсіпкерлік жайында бейхабар. Көбі ештеңе білмейді. Сондықтан Президент бізді белсенді болуға шақырды. Жасап жатқан жұмысызды көпшілікке танытуды тапсырды. 

Қағажу қалған бұл салаға енді жіті көңіл бөлінбек. Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесіп, саладағы солқылдақ тұстарды талқыға салды. Президент мүгедек жандарды жарылқап жүрген іскерлерге алғыс білдіріп, енді мемлекет тарапынан оларға тиісті көмек көрсетілетінін айтқан. 

Елена Мащинская, «Дастархан» ЖШС директоры:

- Мемлекет басшысы тиісті көмек көрсетіледі деді. Өйткені әлеуметтік кәсіпкерлер бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартып,  әлеуметтің әлжуаз топтарына көмек көрсетуді ойлайды. Мен өзге әріптестерімді осы салаға бет бұруға шақырамын. Болашақта әлеуметтік кәсіпкерліктің өркендейтініне кәміл сенемін. 

Қазір елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 400 мыңнан астамы еңбекке жарамды. Бірақ көптеген кәсіпорындар кембағал жандарды қызметке алғысы келмейді. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік осы олқылықтың орнын толтырып келеді. Президент сала белсенділерінің ойын құптап, оларға қолдау көрсететінін айтты. Соның нақ айғағы - биыл қазан айында елімізде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші республикалық форум өтеді. Мемлекет басшысы сол шараға өзі қатысады. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы