410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев «Siemens AG» Басқарма төрағасы Джо Кэзермен кездесті

  • 262
  • UPD: 19:43, 15.02.2020

Мюнхен қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Siemens AG» Басқарма төрағасы Джо Кэзермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда цифрландыруға қатысты көптеген жақсы бастамалар қолға алынғандығын, сондай-ақ бұл салада атқарылатын істер әлі де аз еместігін атап өтті.

«Көптеген жақсы бастамалар қолға алынғанымен нәтиже әлі де қуантпайды. Біз алға жылжығымыз келеді», - деді кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда ҚР Президенті бұл салада тәжірибені жетілдіру қажеттігі бар екенін қадап айтты.

«Цифрландыруды жетілдірмей, ірі жобаларды іске асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл салада да жаңалықтар енгізілгенін қалаймыз», - деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Джо Кэзермен Қазақстанда даму қарқыны жақсы екенін, сәйкесінше еліміз аумағындағы жобаларға қатысуға мүдделі екендіктерін атап өтті.

«Siemens AG» компаниясы элетротехника, электроника, энергетикалық жабдық, көлік, медициналық құралдар, сондай-ақ өнеркәсіп пен байланыс салаларында қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде олар Германия және Еуропалық одақтағы ірі индустриалдық концерн болып саналады. 1847 жылы негізі қаланған компанияның штаб-пәтері Мюнхен мен Берлинде орналасқан. Бүгінде 200-ден астам елде 289 кәсіпорны жұмыс істеп келеді. Қызметкерлерінің жалпы саны 385 мыңнан асты.

Айта кетейік, «Сименс» Алматыда (1994 жылы) өзінің өкілдігін ашқан болатын. 2000 жылы филиалын Нұр-Сұлтан қаласында, 2002 жылы Теміртау мен Атырауда іске қосты. Қазіргі уақытта компания Қазақстан нарығындағы энергетика мен цифрлық технология саласында қызмет етуді қарастырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы