420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорданың коммуналдық қызметтері көктемге қаншалықты дайын?

  • 647
  • UPD: 09:41, 20.02.2020

Арқада қыс жылы болғанымен қарлы боран коммуналдық қызметтің мазасын алып тұрғаны анық. Күні кеше жарты айлық мөлшердегі қар түсті. Биыл шаһардан миллиондаған текше метр қар шығарылған. Жалпы алдағы уақытта күн райы қалай болмақ? Ел астанасының коммуналдық қызметі көктемге дайын ба?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Биыл бас қалаға 2018-2019 жылдардағы нормадан 3 есе көп қар жауды. Осы кезге дейін шаһар аумағынан 4 миллион текше метр қар шығарылған. Алайда аулаларда жал-жал болып жатқан қарды әлі көруге болады. 

Әкімдік өкілі айтады. Қаладағы коммуналдық қызметтер көктемге әзір. Барлық магистральдар, ауладағы жолдар, арықтар қардан тазартылып жатыр. Өзендердің деңгейі тексерілген. Ахуал алаңдатарлық емес. 

Александр Терещенко, отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы:

- Қала аумағындағы су қоймасына тоқталсам. Ол жерде бүгінде 242 миллион текше метр су бар. Бұл дегеніңіз қойма тек 58 жарым процентке толы деген сөз. Яғни орта. Сондықтан алдағы уақытта еріген қарды сол су қоймасы қабылдай алады. 

Әкімдік өкілі «жағдай бақылауда» дегенімен «Қазгидрометтің» маманы «елорданы су басуы мүмкін» екенін алға тартты. Қауіп бар. Қазірдің өзінде жердегі ылғал қалыпты жағдайдан 3 есеге көп. Оның үстіне қыр артында көктем тұр.  

Бахтияр Тұрғанжан, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Биыл көктем әдеттегідей уақытында келеді. Антициклондар ауысады. Көктемнің басы жылымық әрі қарлы болады. Наурыздың бірінші онкүндігінде елордада орташа ауа температурасы минус 5 пен плюс 5 градус аралығында сақталады. 

Яғни наурызда күн жылыса, су тасқыны болуы кәдік. Қазірдің өзінде елордада су алуы мүмкін 37 аумақ анықталған. Қатер қала шетіндегі тұрғын алаптарға төніп тұр. Ал қауырт кезге 330 адам мен 91 техника әзірленген. Бетін аулақ қылғай, алайда алда-жалда үйлерді су басып, адамдарды көшіру керек болса, 4 қонақүй дайындалыпты.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы