411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресми мәлімет: елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала тірі жетім

  • 570
  • UPD: 15:13, 21.02.2020

Былтыр елімізде 103964 неке тіркелген. Ал сот шешімімен 45204 неке бұзылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек, соншама шаңырақ ортасына түсіп, дәм-тұздары жараспаған ерлі-зайыптылар ажырасып тынған. Бұл айтуға ғана емес, тіпті ойласаң үрей тудыратын дерек. Шекісуге, ақыры кетісуге не мәжбүрлейді? Кемшілік кімнен?

Алдымен мына ақпаратты алға тартайық. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3718 жұп ажырасуға арыз берген. Көбісінің ортақ балалары бар.

Гүлнұр Сейтхожина, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы:

- Алматы аудандық сотында күніне 9 талап-арыз түседі. Ол ең кіші көрсеткіші. Егер сотқа тіркеген кезде 50 талап-арызды тіркесе, оның 30 неке бұзу болып табылады. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап «Отбасылық сот» пилоттық жоба басталған.

Отбасылық сот. Ол қандай институт? Жегі құрттай болып тұрған күрделі мәселені шешуге қабылетті ме? Мамандар не дейді? Елордадағы Алматы аудандық соты Жоғарғы сот ұсынған жобаны жүзеге асыруға 2018 жылы кірісті. Былтыр түскен 2210 арыздың 1824-і қаралып, 1033 отбасының некесі бұзылып, 787 жұп татуласқан. Бір қарағанда анау айтқандай нәтиже емес. Дегенмен дәтке қуат. Тым болмағанда 787 шаңырақтың жарасып кетуіне себеп болған.

Риза Нұрбаева, адвокат:

- «Отбасылық сот» пилоттық жобасында қызмет еткеннен бастап әртүрлі арыз-шағымдарды көрдім. Отбасының бұзылуына сан түрлі себептер бар. Сол себептермен жұмыс істеп, салдарын түсіндіретін мамандар бірігіп жұмыс істейміз. Жоба іске қосылғаннан бері тараптар өздерінің шағымдарын ала бастады. Бұл қуантатын жағдай. Өйткені мамандардың белсенді жұмыс жасау нәтижесінде арыз берушілердің 40%-і татуласып, бітімге келді.

Келесі деректі алға тартайық. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала тірі жетім. Анығында әкесіз өсіп келеді. Сол ажырасу себебінен. Бүтіннің бүлінгені алдымен балаға қатты әсер етеді екен. Олардың дереу мінезі өзгереді. Тұйық болып, ортамен қарым-қатынасты әлсіретеді. «Өйткені жаны күйзеліске түседі», - дейді психолог мамандар.

Алмас Жалғасбаев, отбасылық психолог:

Ажырасу бала тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Толық емес отбасында өскендер психологиялық тұрғыда күйзеліске ұшырайды. Ортаны жатырқайды. Қорланып, өзін қатарластарынан кем ұстайтын жағдайлар да кездеседі. Тіпті ажырасып кеткен күннің өзінде де баланы әкеден бөлуге болмайды. Әкесімен араласуға мүмкіндік беру керек.

Былтырғы жылда елімізде 103964 неке тіркелсе, соның 45204-і ажырасқан. Қазақстанда ең көп ажырасу тіркелетін аймақ Алматы облысы екен. Мысалы, былтырғы жылдың тоғыз айында 13047 неке тіркелсе, 5484 неке бұзылды. Түркістан облысында да 10466 шаңырақ көтеріліп, 2741 жұп ажырасты. Қарағандыда 7801 отбасы құрылып, 4050 ерлі-зайыпты бөлек тұруды қалады. Жамбыл облысында 5847 неке тіркеліп, ажырасқандар саны 2398 ге жетті. Басқа облыстардағы мәліметтер де көңіл көншітпейді. Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында ажырасып жатқан жанұялар көп.

Сайраш Жукенова, медиатор:

23 жастан бастап 65 жасқа дейін ажырасу мәселесі бойынша арыз береді және бұл талаптар ер адам жақтан да, әйел адам жақтан да болады. Өтініш бойынша кейбір тараптарда зорлық-зомбылық болып жатады. Алайда оларды татуластыра алмаймыз. Өйткені ер адам әйел адамға бір рет қол көтерсе, қоймай қояды.

Әр тараптың өз шындығы бар. Желеуі де жетеді. Себебінен сүрінесің. Бірақ бірде-біреуі тығырықтан шығар жолды іздеуге ұмтылмайды. Ұмтылса да, тату-тәтті өмір сүріп кететіндеріне сенбейді. Сенім болмаған жерде кез келген істің сетіней беретіні заңдылық. Біздің түсінігімізде ажырасу жақсы атақ емес. Бір кезде жақсы көріп үйленгендер тұрмыстық тауқыметке төтеп беруді үйренсе, тіл табысуға бастайтын төте жол сол деп білеміз.

Хабар 24 телеарнасы