432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандастарымыз онлайн алаяқтардан опық жеп жүр

  • 434
  • UPD: 09:27, 26.02.2020

Арам пиғылын интернетте отырып іске асырып жүргендер бар. Мұндай алаяқтарға алданғандар қатары бір жылда 6 есеге артқан. Жалпы түбі шикі онлайн бизнестің белгілері қандай? Одан қалай сақтану керек? 

Алаяқтардың арбауына түсіп, көптің алдында алданғанын мойындау оңай емес. Сол себепті кейіпкеріміз камераға сөйлеуден бас тартты. Жеке тұлғасын жасыру үшін өзін Самат деп таныстырған 25 жастағы азаматтың басынан өткені мынау: осыдан 4 ай бұрын ол әлеуметтік желіде Қытайдан арзан бағамен тауар таситын компанияның жарнамасын көреді. Үстеме бағасы жоқ тауарды жеткізгені үшін ғана ақша төлейтінін білген соң Самат қызығып тәуекелге барады.   

Самат, зардап шегуші:

- Жалпы соммасы 78 мың теңгеге мен тапсырыс жасадым. Оның ішінде сағат болды, түрлі аксессуар болды. Бірақ арада 4 ай өтті. Бірақ ол адамдарды мен шыны керек таппай жүрмін. Себебі ол реклама жасалған аккаунт өзгертілген. Және де жазған перепискалары телеграм арқылы жасалған болатын және ол телеграм бот арқылы олар өшіріп тастады. 

Түбі шикі бизнестің басты белгісі – пайда көретіндердің жеке тұлғасын, бет-бейнесін анықтаудағы қиындық. Көп жағдайда олар әлеуметтік желіде оқырманы көп, белді блогерлер мен танымал адамдардың атын жамылады. Әрине оларға ақы төлеп, көпшіліктің көңілін тауары мен қызметіне аудартады. Саматтың алданып қалуына дәл осындай атақты блогердің жарнамасы себеп болған. Мұны маркетолог Арай Ризабекқызы «әлеуметтік сенім» теориясымен түсіндіреді. Танымал жандардың жарнамасына қызығып, олардың жеке тәжірибесіне сенім артады.

Арай Ризабекқызы, маркетолог:

- Сондықтан ең бірінші ақшаны бермес бұрын ол адамдардың арғы жағында кімнің тұрғанын зерттеп алу керек. Қандай компания, елімізге қалай кіріп жатыр?  Рұқсат қағаздары бар ма? Біздің мемлекетте тіркелген бе, арнайы сертфикат құжаттары бар ма? Ол адамның әлеуметтік желіде бет-бейнесі бар ма? Ең бірінші осы жерде мән беру керек. 

Сондай-ақ қаржыны әлдебіреулердің есеп-шотына құймас бұрын компанияның капиталы жайлы ақпаратқа зер салу қажет дейді маркетолог маман. Ол үшін тауар сатушы не қызмет көрсетушінің беделі жайлы алдын ала зерттеген жөн. Өкінішке орай, осы жайттарды ескермей, Самат секідді алданып қалғандардың саны күн санап артып келеді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті келтірген мәлімет бойынша интернет алаяқтықтың саны соңғы бір жылда 6 есеге артқан. Алданып қалғандардың дені ұялғаннан арыз түсірмейтінін ескерсек – бұл көрсеткіштің бұдан да жоғары болуы ғажап емес. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Осы материалды әзірлеу барысында әлеуметтік желімізге хабарлама түсті. Хабарламада былай делінген: здравствуйте, работа в интернете без вложений т.с. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әлеуметтік эксперимент жасауды ұйғардық. Қазір мына номерге хабарласып, оңай олжаны кім ұсынып отырғанын, қандай шартпен ұсынып отырғанын анықтап көреміз. Ирина Мищенко деген кісі хабарлама тастапты. Тұтқасын алмай жатыр. Әрине бұл эксперименттің  немен аяқталатынын білмейміз. Қалай дегенмен, күн сайын мұндай ондаған, мыңдаған, хабарламалар түсіп жатады. Әрине екінің бірі оған илана қоймас. Дегенмен, алаяқтардың арбауына түсетіндер бары өкінішті.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы