419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус жөнінен колл орталықтар жұртқа дұрыс ақпарат бере алмай отыр

  • 706
  • UPD: 08:58, 03.03.2020

Шетелден оралған қазақстандықтар коронавирус бойынша халыққа кеңес беру үшін іске қосылған колл орталықтардың жұмысына наразылық білдіріп отыр. 

Орталықтардың бірі Сыртқы істер министрлігіне, екіншісі Денсаулық сақтау ведомствосына тиесілі. Шағым білдірушілердің айтуынша, белгіленген телефон номерлері  нақты ақпарат бермейді. Мәселен, Жазира Дүйсембекова орталыққа хабарласып, толыққанды мәлімет ала алмаған. Ол өткен жексенбіде ғана Малайзиядан келген еді.  

Жазира Дүйсембекова, турист:

- Олар маған «сізде ешқандай шектеу жоқ» деп жауап берді. Қалаған нәрсеңізбен айналыса аласыз. Жұмысқа да бара беруге болады деді.  Бірақ мен күмәнданып,  өзім тіркелген емханаға қоңырау соғып,  Малайзиядан келгенімді айттым. Олар сіз карантиндесіз. Ешкіммен сөйлеспеңіз. 2 апта үйде болыңыз. Тіпті дүкенге бармаңыз деп кеңес берді.

Колл орталығына біздің тілшілер де хабарласып көрді. Дегенмен, біздің тілшілердің Жазира Дүйсембековаға қарағанда жолы болды. Оператор үй ішіндегілермен қарым-қатынасты шектеу қажеттігін ескертті. Оқшаулау мерзімі 14 күн болуы тиіс. Бірақ  бақылау болмайды. Жағдайға әркім түсіністікпен, жауапкершілікпен қарау  қажеттігін құлаққағыс етті. Десе де, шетелден туыстарымыз келіп жатса, қайтпек керек деген сауалға әзер жауап берді.

Хабар 24 телеарнасы