421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантинге жабылған қызметкердің құқығы қорғаулы ма?

  • 998
  • UPD: 09:14, 06.03.2020

Қауіптілігіне байланысты бірінші санаттағы мемлекеттерден келген 900-ден астам Қазақстан азаматы қазір карантинде. Яғни олар өздерінің тікелей қызметін атқара алмайды. Ал бұл жағдайда жалақы сақтала ма? Жалпы карантиндегі қызметкердің құқығы қаншалықты қорғалған?

900 азаматтың 340-қа жуығы көпшіліктен оқшауланған ортада, ал қалған 500-ден астамы тұрғылықты мекен-жайы бойынша бақылауда болады. Карантин мерзімі – кемі екі апта. Бұл уақыт ішінде олар жұмысқа шықпауы тиіс. Еліміздің Денсаулық сақтау туралы кодексінің 148-бабында солай делінген. Нақтырақ айтсақ, инфекциялық аурулармен ауырады деген күдік туғызғандар және бактерия таратушылармен қарым-қатынаста болған адамдар қажет кезде оқшаулануға және емделуге жатады. 

Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторы: 

- Солардың еңбек құқығын сақтау үшін Еңбек кодексінде «Жұмысты уақытша тоқтату» деген баптар бар. Олар үш жағдайға бөлінеді. Жұмыс берушінің кінәсімен, жұмысшының өзінің кінәсімен және үшінші жағдай – екі жақтың кінәсына жатпайтын жағдайлар. 

Құжатқа сай, жұмыс беруші айыпты болса, қызметкердің  айлығы толық мөлшерде төленеді. Жұмысшы карантинге өз бетімен ұшыраса жалақысы сақталмайды.

Жалпы бұл мәселе ұжымдық келісім-шартта көрсетілуі тиіс. 

Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторы: 

- Ұжымдық шарты болмай, жұмыс берушінің актісінде бұл жағдайлар қаралмайтын болса республика бойынша бекітілген ең төменгі жалақы мөлшері бар. Оны білесіздер, 42 500 теңге. Үшінші жағдайда тұрған адамдар үшінші жағдаймен үйде қалып отырған жағдайда жұмыс беруші  ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес ақша төлеуі керек.

Бұдан шығатын қорытынды – жалақының сақталу-сақталмауы қызметкердің карантинге жатқызылу себебіне байланысты. Азаматтар назар аударуы тиіс тағы бір жайт – жұмыс беруші қарамағындағы жұмысшысын іссапарға жіберуге құқылы. Мейлі бұл жұқпалы індет өршіп тұрған мемлекет болса да.  

Серік Айтбаев, заңгер: 

- Өкінішке қарай, қызметкердің іссапардан бас тартуға құқығы жоқ. Бұл жағдайда еңбек келісімшарты бұзылады. Шара қолданылады, тіпті жұмыстан шығуы мүмкін. Сондықтан бас тарта алмайды. Дегенмен заңға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Әсіресе жаһандық пандемия, эпидемия болған кезде қызметкердің құқығы қорғалуы тиіс.    

Жаман айтпай жақсы жоқ, алайда карантиндегі азаматтың ауруға душар болғаны анықталса, оған еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері айына 15 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

Хабар 24 телеарнасы