405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауарлар бағасын негізсіз көтергендер жауапқа тартылады – Президент

  • 407
  • UPD: 18:13, 16.03.2020

Коронавирусқа қатысты жалған ақпарат таратқандар қатаң жауапкершілікке тартылады. Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпті кеселмен ел болып күрессек ғана індеттің тамырына балта шаба аламыз деді. Сондықтан төтенше жағдай кезінде уақытша енгізілген шектеулерге халық түсіністікпен қарауы керек. Одан бөлек шағын және орта бизнестің жұмысы тұраламайды. Ол үшін ел қазынасынан қосымша 300 млрд теңге бөлінеді.

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Қауіпті кесел жұқтырғандар біздің елде де тіркелді. Бүгіннен бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды. Отыз күн бойы ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Кинотеатрлар, театрлар мен көрмелер және өзге де көпшілік жиналатын орындар уақытша жабылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сондай-ақ азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн деп санаймын. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді.  

Қазынадағы қаражаттың дені осы індетпен күресуге жұмсалады. Мемлекет басшысы әлем экономикасы шатқаяқтаған осы шақта жұмыс орындарын сақтап қалу маңызды деді. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер жаппай қызметпен қамтылуы керек. Шағын және орта бизнес тұралап қалмауы тиіс. Ол үшін қазынадан 300 млрд теңге бөлу көзделген.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға республикалық бюджеттен 300 млрд теңге бөлінеді. Бизнесті несиелеуді төмендетпеу керек. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру ұлғаяды. Ал тауар бағасын негізсіз өсіргендер қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселе Үкіметтің және жергілікті әкімдіктерің жіті бақылауында болады.  

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандар да қатаң жауапкершілікке тартылады. Президент мұны қадап айтты. Қазір Қазақстанның халықаралық резервтерінде 90 млрд долларға жуық қаражат бар. Бұл қаржы отандастарымыздың қажеттілігін өтеуге толығымен жетеді. Азық-түлік тапшылығы болмайды. Бізге керегі кежегені кері тартпай, келісе отырып қам қылу.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!

Қазақ небір нәубетті бастан кешті. Талай сыннан сүрінбей өтті. Ел тағдыры сынға түскенде жұдырық болып жұмыла білді. Қазір де сол татулық керек. 

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Мемлекет басшысының қазақстандықтарға телевизиялық үндеуінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныс болыңыздар

Президент Қазақстанда төтенше жағдай жариялады

Хабар 24 телеарнасы