432,17 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіне қойылған бақылау-өткізу бекетіне барды

  • 647
  • UPD: 23:09, 19.03.2020

Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жарияланып, елордада карантин  енгізілгеннен кейін Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барды. Президент атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайтты. Қолға алынған шарaлармен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін қамтамасыз ететін қала әкімдігі мен денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұланның қызметкерлерінің дайындығына оң баға берді.

Президентке әуелі елорда әкімі есеп берді. Өткен түнде қала карантинге жабылғалы мәлім. «Енді шаһарға кіріп-шығу қалай болады» деген сауал кім-кімді болса да алаңдатып жатқаны хақ. Осы орайда Алтай Көлгінов Мемлекет басшысына елордаға кіріп-шығу қалай болатынын баяндады. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Қазір біз мына Жібек жолы блокпостында тұрмыз. Қарағандыдан келетін жол. Ең көп автокөлік кіріп шығатын жер осы жер және мына Көкшетау жақтан. Барлығы толыққанды жұмыс жасап жатыр. Полиция қызметкерлері, әскери, медицина қызметкерлері, санитария. Қазіргі таңда түнгі 00:00 ден бастап 15:00 дейін 3600 автокөлік кірді. Ол 6800 адам. Жолда автокөліктер аз екен. Азайды. Бұл жақсы енді. Жұрт карантинді түсінетін болды ғой енді.   

Елордаға тек бас шаһардың тұрғындары кіргізіліп жатыр. Транзиттік көліктер болса қалаға кірмейді. Айналма жолмен кетеді. Мұндай кезде халықты алаңдататыны ауқат қой. Әкім «тамақтан тапшылық болмайды» деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Азық-түлік мәселесі қалай болып жатыр? Жеткілікті ме әйтеуір?

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңызбен қазіргі уақытта азық-түлікпен қамтуды біз күшейттік. 47 мың тонна біздің астық бар қазір. Айлық норма 38 мың тонна. Сонымен қатар біз СПК арқылы қосымша қаражатты мемлекеттен қолдауды бөлдік. 

Әкімнің сөзін сабақтасақ, елордаға қосымша 6 мың тонна ұн алынған. Бірінші қажеттіліктегі тамақтардың бағасы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы есебінен тұрақтандырылады. Қала әкімінің есебін тыңдаған соң Президентке денсаулық сақтау министрі баяндама жасады. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгін тағы қосымша 7 науқас анықталды. Сонымен жалпы барлығы 25 науқас болды. Барлығы карантинге жатқызылды. Барлық алгоритм бойынша жұмыс жасалуда. Бүкіл пункттерде 2 санитар дәрігер болады. Ауысады. Смена бойынша. Олардың міндеті азаматтардың температурасын өлшеп, қосымша қолдарына памятка беру. 

Медициналық мемкемелерде жатын орын жеткілікті. Бұл орайда «дәрігерлердің еңбегі ерен» деді Президент. Өзгенің өмірі үшін аянып қалмайтын ақ халаттыларға Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте алғысын білдірді. Сөзін сабақтай келе медицина мамандарының жалақысын, ақшалай сыйақысын уақытылы беруді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дәрігерлер, мейірбикелер қазір жақсы жұмыс істеп жатыр. Түсінеміз. Оларға тағы да алғысымды айтқым келеді. Жалақыларды, премияларды уақытылы төлеп тұру керек. Өткен айда толық 200 процент бердік. Әрі қарай солай беріп тұрамыз. Рахмет! Сіздің қолдауыңыз өте маңызды. Барлық дәрігерлерге тапсырып жатырмыз. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминге  аса қолайсыз әлемдік конъюктура жағдайында экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға, сондай-ақ экономиканы мобилизациялайтын қадамға да әзір болуымыз керек. Қысқасы, сақадай сай болған жөн.

Әлемді жайлаған кеселдің кезінде әскерилеріміз бен полицейлеріміз де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Ұландардың дайындықтарын өз көзімен Президентке ішкі істер және қорғаныс министрлері есеп берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүкіл дүниежүзінде өзгеріс болып тұр. Дағдарыс болып тұр. Сондықтан біз толығымен дайын болуымыз керек. Жалпы мына бекеттерде қанша адам қызмет етуде?

- Жалпы қазір мына бекетте 49 адам. Ал былай периметр бойынша?

- 420 адам.

Сарбаздар үш мезгіл тамақпен қамтылған. Жұмыс орындарында ауқаттанады. Осы есептерді тыңдаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев карантин енгізудің себебін түсіндірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі жағдайда карантин енгізбесе болмайды. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Мұндай кезде нақты әрекет жасап, ұйымшылдық таныту керек. Сондықтан карантин енгізу сияқты тәсілдерді қолдануға тура келеді. Азаматтарымыз қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Мұның бәрі халқымыздың денсаулығын сақтау үшін істеліп отыр. 

Бірлік осындайда байқалады. Қауырт шақта барлық ведомство өкілдері қазір қызмет етіп жатыр. Мұны жақсы білетін Президент сөз соңында азаматтардың рухын көтеріп, баршасына табыс тіледі.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы