411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев елордадағы Шұғыл әрекет ету орталығына барды

  • 323
  • UPD: 18:04, 21.03.2020

Мемлекет басшысы коронавируспен күрес жұмыстарын үйлестіру және мониторинг жасау жөніндегі шұғыл әрекет ету орталығына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтарды шұғыл әрі шынайы ақпараттармен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл орайда мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет тарататын ресми арналар айқындалуы тиіс. «Үкімет аз жұмыс істеген жоқ. Мамандардың бағалауынша, біз Еуропа елдеріне қарағанда, айтарлықтай шұғыл әрекет етіп жатырмыз. Дегенмен бізге нәтиже керек. Халық әлі толық ақпарат ала алмай отыр деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық бетперделердің тапшы екенін айтты. «Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперделердің әлі де жоқ екенін айтып шағымдануда. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын» деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент еліміздің азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға және бетперде тағуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның 160-тан астам елге таралғанын айтып, шекаралас мемлекеттердің Үкіметтерімен іс-қимылдарды үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. «Соңғы бірнеше күнде Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның президенттерімен сөйлестім. Негізінен біз Үкіметтеріміздің тығыз ықпалдаса жұмыс істеуі керектігі жайында әңгімелестік. Бұл ортақ мәселе болғандықтан, бірлескен жұмыстарды арттыра түсуіміз керек. Бірлесе әрекет еткен жөн» деді Мемлекет басшысы. Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық медицина қызметкеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін тағы бір мәрте ризашылығын білдірді.

Хабар 24 телеарнасы