427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғалымдар ҚР Президентіне коронавируске қарсы вакцинаны әзірлеу барысы туралы баяндады

  • 930
  • UPD: 20:37, 25.03.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық биотехнология орталығына барып, отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда коронавирустың жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция негізіндегі тест жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе шетелдік диагностикалық құрал-жабдықтармен салыстыру кезінде өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен.

Ұлттық биотехнология орталығы осыдан 27 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен құрылған. Отандық ғалымдар биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірге COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осынау сын сағатта ғалымдарға артылар міндет пен жауапкершілік зор екенін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл зертхананың Қазақстанда баламасы жоқ. Сіздердің жұмыстарыңызға үлкен үміт артып отырмыз. Қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Мемлекет биологиялық, медициналық зертханаларды, санитарлық қызметті қолдайды. Азаматтарды карантинді сақтауға шақырамын. Бірақ тағы қайталап айтамын: дүрбелеңге салынбаңыздар. 

Президент халықты сабыр сақтап, карантин ережелеріне толық бағынуды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кеше ғана төтенше комиссияның отырысында біз тиісті шешімдерді жарияладық. Ең басты мақсатымыз оларды тиімді әрі міндетті түрде іске асыруымыз керек. Біздің азаматтарымыз, ең алдымен карантинді сақтауы керек. Дүрбелеңге ұшыраудың ешқандай қажеті жоқ. Індет деген, вирус деген өтпелі нәрсе, бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан жақсы көзқараспен болашаққа қарауымыз керек. Болашағымыз жарқын болады деп мен кәміл сенемін. 

Президент өз сөзінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ауқымды іс-қимылдар жоспары жарияланғанын айтты. Ол қарапайым халыққа ғана емес, кәсіпкерлерді де қолдауға бағытталған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында азаматтарымызға көмек көрсету бойынша іс-әрекет жоспары жарияланды. Оның негізінде қаржылық қолдау пакеттері әзірленген. Кәсіпкерлерімізге де жәрдем көрсетіледі. Салық жеңілдіктері мен кредит жүктемелерін төмендету шараларын есептемегенде дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асты. Сол қаражатты тиімді жұмсау маңызды. 

Бүгінде коронавирус жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр. Ол Алматыдағы инфекциялық ауруханада жатыр. Жалпы қолда дерт жұқтырғандарды жасанды тыныс алдыруға арналған 2900 аппарат болса, оның 470-і жоғары қуатты. Келешекте тағы 200-і сатып алынады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Мемлекет басшысы науқастардың ешқайсысы тиісті ем-домнан қағылмауы керектігін ескертті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Емделу керек жақсылап тұрып. Олар шетте қалмай, бәріміз соған қамқор жасауымыз керек міндетті түрде.  Олар біздің қоғамымыздың бір бөлігі, азаматтарымыз. Олар жақсылап тұрып ем алу керек. 

Ал еліміздегі жетекші биологиялық ғылыми орталықта бұған дейін вакцинаның 28 түрі жасалып, диагностикалық тест жүйесінің технологиялары дайындалды. Нәтижесін шетелдік мамандар жоғары бағалаған. Президент коронавирусқа қарсы вакцинаның да аз уақытта әзірленіп, жемісін беретініне сенім білдірді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Болат Абдуллин

Хабар 24 телеарнасы