412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады

  • 368
  • UPD: 09:56, 05.05.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент өз сөзінде еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады деді. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендемек. Әр мемлекет өзінше қам жасап жатыр. Ал біздің елде дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Ескере кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмсалуда. Осының бәрін айта келе Президент шағын және орта бизнес өкілдеріне, медицина мамандары мен шаруаларға, табысы төмендеген азаматтарға жасалып жатқан қолдауларға тоқталып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз. Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек. Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады.

Президент сұхбат барысында Әл-Фараби мен Абай мерейтойлары аясында да әңгіме өрбітті. «Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу – халқымыздың игі дәстүрі», –деді. Мерейтойлар аясында мемлекеттік және өңірлік жоспарлар жасалды. Бүгінге дейін кейбір жобаларды жүзеге асырып үлгердік. Қазіргі ахуалға байланысты түрлі мерейтойлық шаралар онлайн форматында өткізілуде. Бұл жобалар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда да кеңінен насихатталады. Осының бәрін айта келе, Президент сыртқы саясаттағы ұстанымымыз бен елде жүргізілетін реформаларға да тоқталған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгеріс талқылануда. «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ. Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқыңыздар. 

Хабар 24 телеарнасы