411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент Алматының ажарын айшықтауға үлес қосқандарға алғыс айтты

  • 153
  • UPD: 19:52, 12.05.2020

Айына 300 мың теңге алатындар енді салықты аз төлейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барған сапарында осылай деді. Мәселен, қазір ай сайын табыстың 10 пайызы салық ретінде төлесе, енді ол 7 пайызға төмендейді.  Ал 15 пайыздық салықты жылына 25 миллион теңге табыс табатындар беруі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев барлығы әділ болуы қажет деді. Президент Алатау етегіндегі шаһардың бірқатар нысанын аралады. Арасында вирусты жылдам анықтап жатқан мамандар істейтін орталық та бар.    

Төтенше жағдай режимі тоқтады. Тіршілік қайта түлей бастады. Екі ай бойы бүркеніп жатқан бұқара сыртқа шығуға мүмкіндік алды. Осы алпыс күнде Президент те өңірлерге бара алған жоқ. Соның сәті енді туды. Қол алысып амандасты. Соны көріп, қауіп сейіліпті ғой дедік. Президент алысқа ұзаған жоқ. Бірден әуежайдан бастады. Алматының әуе қақпасы өткен аптада ғана түріктерге сатылып кеткен. Шетелдік компания оны кеңейткелі жатыр. 

Құрылыс 2 жылда бітеді. Содан кейін әуежай адам танымастай болып өзгереді. Түріктер осылай сендіріп отыр. Бұл салада мол тәжірибеміз бар дейді. Осыған дейін 15 әуежайды тотыдай түрлендіріп тастаған. Қазір қала іші кептеліс. Сондықтан әуежайға баратындардың дені осы Құлжа тас жолмен жүреді. Қазір мұнда жаңа жолайрық салынып жатыр.

Қозғалысқа жан бітіреміз дегендер жасыл желекті де тірілтуге кірісіп кеткен екен. Қаланың қақ ортасындағы ботаникалық баққа бүйрегі бұрғандар табылыпты ақыры. Қазір онда қызу жұмыс. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Аумағы 100 гектардан асатын мына бақтың қараусыз қалғаны қашан?! Желек біткен жапырылды. Күтім болмаған соң қурады. Қаржыгерлердің көңіл бөле бастағаны бертінде ғана. Сенсеңіз, әлемде сирек кездесетін өсімдіктер бар мұнда. «Қызыл кітапқа» енгізілген, ерекше қорғауға алынған. Бұрын бұл баққа бас сұғатын бұқараның қарасы көп еді. Тіпті, өзге елдерден келіп, арнайы көретіндер де бар болған. Ал қазір солар сиреп кетті. Сондықтан шығар, инвесторлар бақты қайта түлетуге талпынып жатыр. 

Бақты көркейту былтыр басталған. Осы бір жылда 175 мың жаңа өсімдік отырғызылған екен. Үш бірдей кіре беріс павильоны салынды. Желекті суару жүйесі қалпына келді. Қаржыгерлер осының барлығына 15 млн доллар жұмсаған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ботаникалық бақ – алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын.

Алматының ажарын айшықтауға айрықша үлес қосқандарға Президент алғыс айтты. Ізін ала қауіпті кеселмен күресіп жатқан мамандармен кездесті. Қалада коронавирусты анықтайтын жаңа мобильді скрининг орталығы ашылған еді. Ондағылар корейлік әдісті қолданып жатыр. Күніне 150 адамды тексере алады. Тест тапсырушылар көліктерінен түспейді. Мамандар сынаманы сол жерден алады. Ал нәтижесін пошталарына жібереді.   

Нелли Лаптева, қала тұрғыны:

– Тест тапсыруға 2 минут уақытым кетті. Ыңғайлы етіп жасаған. Орталық қаланың ортасында. Ақшаны терминалмен төлеуге болады.

Мұндай орталық әзірге Алматыда ғана бар. Екі ай жұмыс істейді. Қажет болса, мерзімін ұзартады. Өзге өңірлерге енгізу жоспарда бар. Тест құны – 15 мың теңге.

Хисук Мин, кореялық компанияның бас директоры:

– Сынама нәтижесі 1 күнде дайын болады. Тест тапсырғандар қорытындысы шыққанша үйде отыруы керек. Егер індет анықталып жатса, санитарлық дәрігерлерге хабар береміз.  

Қазір қалада індет жұқтырғандар тым жиілеп кеткендей көрінеді. Бірақ мұндағы өсім 3 пайыздан аспайды. Скринингтік тексерістер нәтижесін беріп жатыр. Науқас адамды дереу анықтауға мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздар да соғыстың аты соғыс деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз.

Індеттің індеп кетуіне мемлекет жол бермеді. Дер кезінде тосқауыл қойды. Қауіпті кеселмен күресіп жатқан мамандар жылдам жұмыла білді. Осының арқасында қауіптің беті қайта бастады.

Аты жаман ауру алқымнан алғанда мемлекет бұқараға қарайласты. Бір Алматының өзінде жарты миллионға жуық адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Жағдайы жұтаң 52 мың отбасыға азық-түлік жеткізілді. Бірақ мұқтаж жандар әлеуметтік көмекке ілігу үшін біраз сабылды. Өйткені, анықтама беретін ұйымдар қаланы шашырай орналасқан. Жергілікті билік осыдан кейін әлеуметтік қызмет көрсету үйін ашуды жөн көрген. Бұдан былай, барлық ұйым осы орталықта орналасады. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді.       

Данияр Әлкебайұлы, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:

– Мүгедектерге қызмет көрсететін Еңбек департаменті бар, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары, көші-қон полициясының мамандары және жұмыспен қамту орталығы осы жерде орналасатын болады.

Қаржы қыспаққа алған қазіргі тұста мемлекет халыққа демдеседі. Қазір ел арасында салықты көбейткелі жатыр деген қаңқу сөз қаптап кетті. Президент осының мәнін түсіндіріп берді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Табысы төмен адамдар мен табысы жоғары адамдар бірдей салық төлемеуі керек. Мәселен, айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс. Яғни, қазіргі 10 пайыздық мөлшерлемеден төмен болады. Ал айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар 15 пайыз салық төлеуі қажет. Барлығы әділ болуы керек. 

Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет боламыз деп әу баста айтқан. Қазіргідей сындарлы кезде осы ұғымның ақиқатқа айналып келе жатқанын аңғарсақ болады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Нұрғали Мамырбаев, ПТРК көмегімен

 

Хабар 24 телеарнасы