413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретін кеңейтуге қарсымын

  • 153
  • UPD: 22:14, 19.05.2020

Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретін кеңейтуге қарсымын.

Қазақстан Президенті онлайн отырыста осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевты күпті қылған не нәрсе? Мемлекет басшысы неліктен асықпау керек деді?

«Барын ортаға салады, керегін содан алады». Бұл одақ осындай ойдан туған. 5 жыл бұрын. Бірнеше мемлекет құптай кетті. Бірақ «ойдағының барлығын орындай алдық» деу әзірге ерте шығар. Кемеліне келе қойған жоқ. «Еншімізді ала алмадық» деген кәсіпкерлер де кезіккен. Содан-ақ шекарадағы тексерісте бір шикіліктің барын сезгенбіз. Соны айтып, ауыз жиып үлгермедік. Қауіпті кесел қапыда тарап кетті. Қаупі сейіле бастады ғой, бірақ енді тауар алмасқанда сақ болуды санаға қоса тоқитын болдық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ, бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде одан кейінгі шектеулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың жұмысы жүйелі болуы маңызды.

Одақтан қол үзбеу керек. Алыс-берісті көбейтсек, экономиканы тірілте аламыз. Одаққа мүше өзге елдер де осыны ұстанады. «Интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындап алайық» деуі сондықтан. Тіпті қабылдап жіберуге дайын отыр. Бірақ Қазақстан Президенті асықпауға шақырды. «Оны онлайн емес, бетпе-бет кезіккенде бекітейік», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз.

Салмақтап алған дұрыс. Өйткені әлгі құжатта еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретін кеңейту туралы жазылған. Оларға қосымша пәрмен беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысқа күмәнмен қарады. Келіспейтінін кесіп айтты. Сөйтіп, «тағы бір мәрте електен өткізіп алған дұрыс қой» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шынына келгенде, мұның бәрі іс жүзінде қалай жүзеге асатынын елестету қиын. Екіжақты келіссөздерге комиссия өкілінің қатысуы қалай болмақ?! Қызметтерді саудалау саласында инвестициялар  ұлттық құзіреттілікке жатады. Себебі ол басқа елдердің мүдделеріне қайшы келмейді. Тиісінше, бұл жұмысқа комиссияның адами және қаржылық ресурстарын тарту, ашығын айтқанда, бізге түсініксіз.

«Уақтыттан бұрын оздырамыз» деп опынып қалмасақ болар еді деген ойы болса керек. Мына кесел қордаланған мәселенің бәрін көрсетіп берді. Қалай сақтану керектігін де үйретті. Әлемде алыс-беріс енді азаяды. Азық-түлік тапшылығы сезіледі. Сарапшылардың болжамы бұл. Мұндайда ерте қамданып алған дұрыс.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

- Карантин кезінде әлемнің алпауыт деген мемлекеттері де біраз шатқаяқтап қалды. Олардың қоры ұзаққа жетпейтінін аңғардық. Әлемдік сарапшылар «азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін» дейді. «Алдыңа қояр ас таппай қаласың», дегенді айтуда. Сондықтан біз осы саланы дамытуға жіті мән берсек?!

Беларусь басшысының бұл ойы бізге тұздық болды. Қасым-Жомарт Тоқаев тауар таратудың ортақ желісін құруды ұсынды. Қазақстанда мұндай қоймалар қазірден салынып жатыр. Тіпті Президент былтыр солардың бірін көріп те келген. Ең ірісі Қарағандыда. Міне, осындай орталықтар керек болады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауылшаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Қоса қамдансақ, қапыда болатын қауіптен секем алмасақ та болар. Қайткен күнде де, тараптар интеграцияны дамытудың жоспарын әзірге бекітпеді. Қазақстан Президентінің пікірін ескерді. Сөйтіп, «осы күзде Минскіде жолығып, тағы бір талқылаймыз», деп тарқасты.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы