420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан сырттан дәрі-дәрмек алуды арттырды. Экспорт азайды

  • 444
  • UPD: 11:26, 22.06.2020

Кейбір дәрі-дәрмек өндірісінде қолданылатын шикізат қымбаттады. Мысалы, ибуфенге қажетті заттар 22 доллардан 28 долларға дейін, ал парацетамол үшін керекті шикізат құны 5 доллардан 6 долларға дейін өсті. Отандық өндірушілер бұл шикізатты Қытай мен Үндістаннан алады. Пандемия кезінде Үндістан 26 шикізаттың экспортын тоқтатты. Олар ацикловир, немисил, эритромицин, левомицитин жасау үшін қолданылатын заттар. Мамырда дәрілердің шамамен 7 %-ке қымбаттауына осы себеп болуы мүмкін. Бұл кезеңде әсіресе дене қызуын түсіретін препараттар мен антибиотиктердің бағасы өскен.

«ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығы біздің болжамды жоққа шығарды. Қауымдастықтың атқарушы директоры Гүлдария Манақпаеваның айтуынша, Қазақстанда дәрі-дәрмекке шекті баға бекітілген. Отандық өндірушілер мен дәріханалар бекітілген бағадан жоғары соманы қоя алмайды. 

Гүлдария Манақпаева, «Фарммединдустрия Қазақстан» қауымдастығының атқарушы директоры:

«Шикізат қымбаттағандықтан дәрі-дәрмек бағасы өсті деп айтуға келмейді. Өйткені «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекске сәйкес, Қазақстанда тіркелген барлық емдік препараттарға шекті баға бекітілген. Дәрі-дәрмекті одан қымбатқа сатуға тыйым салынған. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді». 

Соңғы 4 айда Қазақстанда 42 миллиард теңгеге фармацевтикалық өнім шығарылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш тек 31 миллиард теңгені құрады. Елімізде жөтелге қарсы дәрі-дәрмек өндірісі артқан. Сонымен қатар шприц өндірісі 8 миллион данадан 52 миллион данаға дейін өскен. Қауымдастық өкілдері мұны импортты алмастыру бағдарламаларымен және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемімен байланыстырады. Мысалы, жақында Қарағандыда дәрі-дәрмек шығаратын жаңа өндіріс орыны іске қосылды. Онда склероз және онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препарараттар дайындалады. 

Дегенмен, соңғы уақытта Қазақстанда медициналық маскалар өндірісі екі есе өскен. Карантинге дейін тәулігіне 170 мың дана бетперде шығарылса, қазір бұл сан 340 мыңға жеткен. Бүгін нарықтағы баға айдарында сұранысы артқан тауар құнын шолып өтеміз. 

Қостанайда медициналық бетперде 118 теңге тұрады. Солтүстік Қазақстанда 110 теңге. Көкшетауда қорғаныш құралының құны 140 теңге. Өскемен дәріханаларында да осындай баға. Талдықорғанда сәл арзан, 120 теңге. Қызылордалықтар бұл тауарды 100 теңгеден алады. Ең арзан бетперделер Атырауда: 85 теңге. Алматы дәріханаларында бетперденің бағасы 130 теңге төңірегінде. Ал елордада медициналық бетперде 150 теңге тұрады. 

Пандемия ІТ нарығына қалай әсер етті? Жаңа технологиялар саласына тарихта болмаған құлдырау байқалады. ІТ жобалардың сатылымы күрт төмендеген. Сала мамандары 90% табысынан айырылды. Негізінен бұл туризм, көлік және бөлшек сауда саласына қызмет көрсететін компаниялар. Онлайн сатылатын билеттерді жасайтындар да шығынға батты. Пандемия салдарынан аталмыш компаниялар қызметкерлер санын 30%-ке қысқартып жатыр. Еліміздің ең мықты ІТ компанияларының арасында жүргізілген сауалнама барысында сұралғандардың 60% өздерінің жағдайын тұрақсыз деп бағалан. 23%-нің жағдайы орташа, ал 17 %-і дағдарыста екенін айтқан. Дегенмен, ІТ нарығындағы қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бағдарламаларға сұраныс артқан. 

Жандос Қадыров, жобалардың бас менеджері: 

«Пандемия салдарынан ІТ саласына құйылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемі қысқаруы мүмкін. Соңғы жылдары қалыптасқан оң динамика да баяулауы ықтимал. Бірақ ІТ нарығы кез келген жағдайға бейімделеді. Бұл қысқа мерзімде инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ете алады».

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 403 теңге 79 тиын, еуро 452 теңге 77 тиын, рубль 5 теңге 82 тиын.

Хабар 24 телеарнасы