426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда қатаң карантин шаралары қайтадан енгізіледі

  • 1510
  • UPD: 22:40, 29.06.2020

Коронавирустың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте Президент Мемлекеттік комиссияға екі күн ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

Төтенше жағдай аяқталған соң біздің жұрт біраз еркінсіп кетті. Жасырып-жабатыны жоқ. Бірқатар бизнес нысаны жұмысын қайта бастады. Бірақ амал нешік? Індет үдеді. Елге коронавирустың жаңа толқыны келді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы 11 мамырда шектеулер жойылғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын көріп отырмыз. Ведомствоаралық комиссияның  жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Оны ашық айту керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады. Облыстардағы ведомстволардың басшылары өздерін дағдарыстың тиімді менеджерлері ретінде көрсете білмеді. 

Мұнан былай аймақтардағы шектеу шаралары ала-құла емес, бірдей болуы керек. Шараларды мемлекеттік комиссия қабылдап, оған Премьер-министр төрағалық етуі қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік комиссия негізгі бағыттар бойынша бірыңғай бақылау жүргізуі тиіс. Ауруханаларда жатын орындар мен медициналық қызметкерлердің, дәрі-дәрмектің, қажетті қондырғылардың, зертханалық құралдардың жеткілікті болуын қадағалауы керек. 

Елде өткен айлардағыдай карантин болады. Мемлекеттік комиссия Президентке нақты ұсыныстарын жолдауы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурыз бен мамыр аралығында болған сынды қатаң карантиндік режим енгізу үшін мемлекеттік комиссияға екі күн ішінде маған ұсыныстарын беруі тапсырамын. Бірақ бұл кезде халықтың әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін, бизнестің мүддесін ескеру қажет. 

Президент лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды міндеттеді. Қазір тәулігіне адамдардан 28 мыңға жуық тест алынады. Бірақ осы сынаманы тапсыратын адамдардың тобы нақты анықталмайды. Тіпті сол тесттің өзі сапасыз зерттеліп жатады. Зертханаларға қажетті реагенттер дер кезінде жеткізілмейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тесттің критериін нақтылауды тапсырамын. Адамдардың жасы, денсаулығы ескерілуі керек. Халық зертханалар алдындағы ұзын сонар кезекке шағымданып жатыр. Ол жерлерде санитарлық талаптар сақтала бермейді. Сондықтан азаматтар тест тапсыру үшін онлайн жазылуы қажет. Мобильдік лабораториялардың санын арттыру маңызды. Әсіресе елдімекендерде мобильді қызметтерді дамыту үшін қаражат бөлу керек. Барлық қондырғылар жасыл дәліз арқылы өтуі тиіс. Жалпы коронавируспен күрес барлық халық үшін түсінікті болуы тиіс. 

Пандемия зардаптары сезіле бастаған сайын жедел-жәрдем қызметіне ауыртпалық артты. Алғашқы медициналық көмек көрсетуші мамандарға күні-түні тыным жоқ. Десе де, жіті респираторлы вируспен ауыратындарға мерзімінде көмек көрсетілмейді. Сондықтан Президент науқастарға үйде көмек беру ісін жүйелеуді, атап айтқанда телемедицинаны енгізіп, колл-орталықтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халыққа ақпараттық және психологиялық көмек беру үшін колл орталықтардың жұмысын күшейту қажет. Әсіресе ауыл халқына ерекше көңіл бөлінсін. Елді мекен тұрғындарын емдеу мен диагностика жұмысын мерзімінде қамтамасыз ету маңызды. Халықтың жартысынан астамын қорғансыз қалдырмауымыз керек. Депутаттар мен аймақ жетекшілерінің есебінде емдеу орындарының жеткілікті екендігі жиі айтылады. Ал анығында олай болмайды. Бұлай жасаудың қажеті жоқ. Нақты ахуалды түсіндіріп, жағдайды баяндау керек. 

Шілденің соңына дейін инфекциялық ауруханалардағы жатын орындарының санын 50 процентке көбейту міндеттелді. Пандемияның екінші толқынына осындай әзірлік керек. Президент әкімдерге қолдағы бар мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажеттігін ескертті. Ал елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы алдағы 5 күнде толық шешілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметке дәрі-дәрмек партиясын сертификаттау мерзімін қысқартуды тапсырамын. Сондай-ақ ауруханаларға бірінші кезекте қажетті құрылғыларды бір көзден сатып алу тәртібін ұзарту қажет. Мемлекеттік комиссия бұл салада сарқылмайтын қор құруы тиіс. Дәрі бағасының негіссіз қымбаттауына жол бермеуіміз қажет. Шет мемлекеттерде вирусқа қарсы вакциналарды сынау басталды. Нәтижесі көңіл көншітетін болса, біздің елге жылдам әкелу жолдарын қарастыру керек. Ол үшін алдын ала келісімшарт жасасып қою қажет. 

Емдеу орындарындағы кадр тапшылығы мәселесі де жедел шешілуі қажет. Мемлекет басшысы интернатура бітірген студенттерді осы іске жұмылдыруға шақырды. Тіпті еріктілерді де тартуға болатынын жеткізді. Осы жиында Мемлекет басшысы коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстардың маңызды роль атқаратынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты.  Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды». Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей торығуда. 

Індет етек жайған соң шағымданып жатқан тұрғындар да тым көп. Мәселен, coronavirus2020.kz сайтына 40 мыңға жуық сұрақ жолданған. Қазір соның үштен біріне ғана жауап берілген. Салдарынан жалған ақпарат өршіп тұр. Сондықтан Президент ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мысалы, телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға  емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет. Сол кезде парацетамол алу үшін жұрт ұзын-сонар кезекке тұрмайтын болады. Әкімдер мен министрлер  бюджетті қайта қарап, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, салтанатты шараларға жұмсалатын барлық қажетсіз шығындардан бас тартуы керек. Өңірлер мен ведомстволардың бюджетіне түрлі консалтингтік және PR қызметі үшін аз қаржы салынған жоқ. Бұл жөнсіздікті доғару қажет. Осы қаржыны эпидемиямен нақты күреске жұмсаңыздар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірыңғай Коммуникациялық орталықтың жұмысын толыққанды қайта іске қосып, оның үздіксіз болуын қамтамасыз еткені жөн.  

Президент айтты: «Қазір азық-түліктің бағасын тұрақты ұстап тұры керек». Экономиканы тұрақтандыруға бағытталған кешенді жоспар толық орындалуы қажет. Тағы бір міндет медицинаны сандық жүйеге негіздемек керек. Енді ұзаққа созылатын пандемияға дайын болуы керек. Осыған орай Президент Үкіметке халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі орта мерзімді кезеңге арналған Ұлттық жоспарды әзірлеуге пәрмен берді. Бұл құжат жұрттың бәріне түсінікті болуы керектігін қосып айтты.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы