429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банктің елордаға көшіп келуі – тарихи оқиға – Қ.Тоқаев

  • 322
  • UPD: 22:25, 01.07.2020

Өткен маусымда елдегі жылдық инфляция 7 процент болды. Мұны Президентке есеп берген кезде Ұлттық банк төрағасы айтты. Ерболат Досаев Мемлекет басшысына былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысын баяндап, биылға жоспарды айтты. 

Бірер күн бұрын Ұлттық банк Алматыдан елордаға көшіп келген еді. Президент «мұны тарихи оқиға» деп атады. Сөйтті де ұжымға табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін бірінші рет Ұлттық банктің басқарма мүшелерімен елордада кездесіп отырмыз. Бұл – тарихи оқиға. Жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіремін. 

Президенттен соң сөз алған Ерболат Досаев Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бастамаларды, коронавирус кезінде қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылдаған шараларды баяндады. Былтырғы жылдың есебін берді. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жыл қорытындысы бойынша оның деңгейі 5,4 процент болды. 

Алайда биыл пандемия бүйірден қысты. Салдарынан инфляция 4 ай қатарынан өсіп, ақыры маусымда жылдық инфляция 7 процентке жетті. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Инфляция құрылымында 5,4 процентке өсті.

Ақша-несие саясатын тиімді жүргізу маңызды. Осы бағыттағы 2030 жылға дейінгі стратегияны әзірлеу барысында халықаралық нарықтағы үрдістерді ескеру қажет. Ал биыл жылдық инфляция 8-8,5 процент деңгейінде болуы керек. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне AQR қорытындысы бойынша жол картасын жүзеге асыруды жалғастыруға пәрмен берді. Отандық банк секторының сапасына белгіленген мерзімде бағалау жүргізуді міндеттеді. Айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды мәселе екенін де қосып айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды.

Президент қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді міндеттеді. Бұл мәселе жалған ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың алаяқтық іс-әрекеттері үдей түскен сайын өзекті болып барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, аталған саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. 

Пандемия кезіндегі әлемдік үрдістер мен еліміздегі жағдай қаржы саласына заманауи технологияларды енгізу қажеттігін көрсетті. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Үкіметпен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі қаржы технологиясы мен инновациясын дамытудың тұжырымдамасын бекітуді міндеттеді. Сонымен қатар Ұлттық банк экономика мен бизнеске белсенді несиелеу бойынша қолдау көрсетуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы үш жылда экономиканы несиелеудің өсімі аса байқалмады. Банктер жұмыс барысында барынша қолайлы және тиімді жағдай ұсына отырып, әрбір клиент үшін белсенді күреспейді. Сонымен қатар қазіргі жағдайда бизнеске қаржы ресурсы қажет және оны жылдам алуы керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, экономиканы, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Ұлттық банк төрағасы айтты. Былтыр теңге тұрақты болды. Ұлттық валютамыз АҚШ-тың бір долларына шаққанда 382 теңге көлемінде сақталды. Әлемді әлекке салған пендемия кезінде де Ұлттық банк теңгені нығайту мен іскерлік белсенділікті ынталандыруға ден қойған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстауды міндеттеді.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы