418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың төрағалығымен АХҚО басқару жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті

  • 217
  • UPD: 23:15, 02.07.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы басқару кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жаһандағы алып қаржылық ұйымдар мен компаниялардың басшылары қатысқан алқалы жиында Президент орталықтың мүшелері таяу жылдары қандай қадамдар жасауы керектігін айтты.

Сосын халықаралық институттың даму бағытын айқындап,  өзіміздің трендті қалыптастырудың қажеттігіне тоқталды. Отырыс соңында орталықтың жылдық есебі мен 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. 

Кеңейтілген отырысқа FutureMap компаниясының басқарушысы, доктор Параг Ханна, JP Morgan-ның бұрынғы басқарма төрағасы Джейкоб Френкель, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сэр Сума Чакрабарти, Citigroup үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монако, Ресей Сбербанкінің президенті әрі басқарма төрағасы Герман Греф, «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридман, мұнан өзге де қаржы секторының салмақты өкілдері қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Кеңес мүшелері мен жиынға қатысушы қонақтар! Алдымен еліміз бен орталыққа көрсетіп отырған қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын! Өздеріңіз білетіндей «Астана» халықаралық қаржы орталығы Елбасының бастамасымен құрылды. Орталық ашу - ұлт жоспарының негізгі қадамдарының бірі еді.

2015  жылы құрылған орталық қаржылық, салықтық, құқықтық мүмкіндіктерді ұсынады. 5 жылда жаһанның 42 елінен 500-дей компания біздің орталықты таңдап, жұмыс істеп жатыр.

Ал  былтыр Полиметалл, Қазатомпром, Халық банк сынды ірі корпоративтік ұйымдар орталыққа сәтті орналастырылды. Осы арқылы жергілікті және халықаралық өтімділікті біріктіруге мүмкіндік болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұған біз іштегі белсенділік арқылы ғана емес, халықаралық қоғамдастық пен шетелдік әріптестердің арқасында қол жеткіздік. Сәті келіп тұрғанда оларға алғыс білдіремін. Бүгінде пандемия салдарынан әлемде қиын жағдай қалыптасты. Мұнай бағасы арзандады. Дамыған нарықтардың өзінен капитал кетіп жатыр. Мұндай кезде ұлттық экономиканы диверсификациялау үшін жаңа реформалар жүргізу қажет. 

Президент айтты. Орта мерзімде даму үшін жаңа экономикалық бағытымызды анықтаудың уақыты келді. Бұл орайда бізде 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жерде қай салаға басымдық беру керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа экономикалық бағдар барынша қаржылық секторға негізделуі тиіс. Экономиканың салаларына, орта және шағын бизнеске, инновация мен технологиялық дамуға қаржылық сектор өз қолдауын көрсетіп, нақты тетіктерді ұсынуы қажет. Осы сәтті пайдалана отырып, кездесуге жиылғандарды алдағы уақытта қыбылданатын қолдау шаралары мен қаржылық тетіктерді талқылауға және Стратегиялық жоспарды әзірлеуге қатысуға шақырамын. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы сынды әлемдік деңгейдегі қаржылық институт жаңа экономикалық бағытты айқындауға белсенді қатысатыны белгілі. Ал кезінде орталықты жаңа дейгейге көтерген әдіс, тетіктер қайта бір қаралуы керек. Себебі әлем әлекке түскен қиын шақтың өзінде экономикалық өсімді ұстап тұру қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономиканы дамыту үшін жаңа модельдегі орталықтың ролін айқындап алуымыз қажет. Алдағы 5 жылда экономикалық жоспарымыздың орындалуына бұл институт қалайша септігін тигізерін түсініп, екшеу керек. Сонымен қатар келесі мәселелерге назар аудару керек деп есептеймін. Біріншіден қаржылық технологияның дамуы қаржылық саланың өрістеп, қарыштауының драйверіне айналды. Осы себепті қаржылық технологияны өркендетуге екпін беру маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «біз өзіміздің трендті қалыптастыруымыз қажет» деді. Ол үшін Астана халықаралық қаржы орталығының барлық мүмкіндігі бар. Кадрлық та, қаржылық та әлеуеті жетеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, қаржылық технология мен инновацияны дамыту үшін жаңа бағдарлама әзірлеуге кеңес бердім. «Астана» халықаралық қаржы орталығы бұл бағдарламаның негізгі инфрақұрылымдық элементі болуы тиіс. Орталық жинаған тәжірибесі арқылы сол саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысуы керек. 

Бұл айтылғанды бір делік. Екіншіден, портфельдік немесе тікелей шетелдік капиталға деген бәсекелестіктің күшейген шағында өзге мемлекеттерден инвестиция тарту қарқынын арттыруымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бір ғана ел ірі инвесторларды аса қызықтыра алмауы мүмкін. Бірақ, сауда және өнеркәсіптік байланысы бар Еуразиялық одақ пен Орталық Азия секілді алып аймақты назардан тыс қалдыру қиын болады. Қалыптасқан жағдайда аймақ елдері арасындағы кез келген бәсекелестік бірлескен дамуға деген ұмтылыс пен күш-жігер арқылы боларына сенімдімін. Инвесторлардың аймақтағы бір елге деген қызығушылығының өзі өзге мемлекеттерге әсер етері анық.   

Сондықтан Астана халықаралық қаржы орталығы өңірдегі елдерді байланыстырып тұратын көпір әрі бірегей мүмкіндік пен ерекшелікке ие әмбебап платформа ретінде қалыптасуы мүмкін. Ол үшін орталық,,, Шығыс пен Батыстағы және Солтүстік пен Оңтүстіктегі халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істеуі шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан орталықтың тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға арналған мүмкіндіктерін тиімді қолданарына нық сенімдімін. Бұл айтылғандар оның бастапқы мандатына кірген жоқ. Бірақ өзгертетін уақыт келді. Портфельдік инвестициялар да ілгерілетуді қажет етеді. Құнды қағаздардың ішкі нарығы әзірге баяу дамуда. Ол үшін сенімді әрі батыл шаралар қабылдау қажет. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттік Астана қаржы орталығымен бірлесіп, құнды қағаздардың ішкі нарығын дамытуы керек. Интеграциялауға бағытталған жаңа нормативтік база қалыптастыруы тиіс. Президент осыны талап етті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үшіншіден. Алғашқы даму жылдарында мемлекет орталықтың қызметіне қолдау көрсетті. Бұл қадам берік іргетас құруға ықпал етті. Енді Астана халықаралық қаржы орталығы қаржылық жағынан өз шығынын өзі өтеу бағытына бет бұруы тиіс деп ойлаймын. Орталықтың толыққанды өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге шыққаны да дұрыс. 

Негізгі басымдықтарды атап, міндеттерді тізбектеп берген соң Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың стратегиялық дамуын бекітуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Кеңес мүшелері және шақырылған қонақтар! Егер қарсы болмасаңыздар, хаттамалық бөлімге көшейік. Атап айтқанда, Астана халықаралық қаржы орталығы қызметінің жылдық есебін бекіту, орталықты стратегиялық дамытудың екінші нұсқасын  өңірлік қаржы орталығы секілді дамыту. Сіздердің ұсыныстарыңыз мен бүгінгі пікірталасты ескере отырып, Орталықтың даму стратегиясын бекіту қажет деп санаймын. Бұл – АХҚО-на ғана емес, Қазақстан үшін де аса маңызды қадам. Конференция қатысушыларына тағы бір мәрте алғысымды білдіремін. Бұл жиын расымен де маңызды шешім қабылдауға әсер етті.

Отырыс барысында сарапшылар мен АХҚО Басқару кеңесінің мүшелері өңірдегі және әлемдегі экономикалық жағдай туралы ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысының өзекті бастамаларын қолдайтындарын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін ұлттық және өңірлік деңгейде пайдалану аясын кеңейту жөніндегі пікірлерімен де жеткізді. 

Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен халықаралық қаржы ұйымдарының мүшелері!  Осы уақытқа дейін Астана халықаралық қаржы орталығы нәтижелі жұмыс істей білді. Қазір қиын шақ. Белгілі. Бұл кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет нақты қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз. Заманауи экономика қалыптастыру – уақыт талабы. Сіздерге жеке секторды дамыта түсу керек. Жасыл экономиканы өрістету де өзекті. Бұл жобаларды жүзеге асыруда Астана халықаралық қаржы орталығының атқарар ролі орасан.

Параг Ханна, FUTUREMAP компаниясының басқарушы серіктесі:

- Астана халықаралық қаржы орталығының өз әлеуетін толық көрсетіп жатыр. Әлем экономикасына да ерекше серпіліс керек екені айдан анық. Өзім Қазақстан бұл үдеден шығарына сенімдімін!

Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының жылдық есебі мен 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Яғни алдағы бес жылда біздің орталық өрісін кеңейтіп, жаңа сипатта дамитын болады. Президентше айтсақ, ол үшін халықаралық институттың әлеуеті жетеді. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы