418,72 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағасы жылдам өсіп жатыр

  • 311
  • UPD: 12:20, 07.07.2020

Биыл алғашқы алты айда елімізде азық-түлік тауарларының құны 7,7 процентке көтерілді. Мұндай өсім 2011 жылдан бері алғаш рет тіркелді. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда маусымда инфляция деңгейі 0,4 процент болды. Яғни елде тауар мен қызмет ақысы жылдам өсіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері азық-түлік 7,3 қымбаттады. Оның ішінде еттің құны 6 жарым процентке өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы төрт айдан бері қой еті айына екі процентке қымбаттап келеді. Ал жылқы еті наурыз бен шілде арасында 6,3 процентке өскен. Мұндай өсім соңғы сегіз жылдан бері алғаш рет тіркелді. Сондай-ақ жаздың алғашқы айында жарма 3 жарым процентке қымбаттады. Көкөніс 2,4 процентке өсті. 

Жыл басынан бері азық-түлікпен қатар қызмет көрсету және өзге де тауарлардың құны екі жарым процентке өсті. Оның ішінде медицина саласының қызмет ақысы 2,6 процентке қымбаттаған. Ал дәрі-дәрмектің құны 0,8 процентке көтерілді. Мамырда карантин талаптары жеңілдеп, қоғамдық тамақтану орындары ашылғанын білесіздер. Үш айдай табыссыз отырған саланың да қызмет ақысы 1,2 процент өсіммен басталды. Десе де, жыл басынан бері елде жанар-жағармай арзандады. Сәйкесінше тасымал ақысы да төмендеген Мәселен, биылғы төрт айда теміржол билеттері 1,4 процентке ал ұшақ билеті 2,5 процентке арзандаған. 

Қазақстандықтар қолма-қол ақшадан төлем карталарына бет бұра бастады. Маусымдағы мәлімет бойынша елімізде 38 миллион дана банк картасы қолданыста жүр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,7 процентке көп. Төлем картасын еліміздегі 22 банк пен «Қазпочта» акционерлік қоғамы өз клиенттеріне ұсынады. Биыл бес айда осы карталардың көмегімен 16 триллион теңге транзакцияланды. Сондай-ақ қазір қашықтан қызмет көрсете алатын ПОС терминалды қолданушылар көбейіп келеді. Сәйкесінше елде терминалдардың саны 15 жарым процентке өсті. 

Қарағандының солтүстік-шығысын айналып өтетін жол пайдалануға берілді. Оның ұзындығы 48 шақырымнан асады. Жаңа трасса халықаралық талаптарға сай. Ол Нұрлы жол бағдарламасын жетілдіруге бағытталған «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша іске асты. Жаңа жолдың бойында жеті жолайырық бар. Құрылыс жұмыстарына 3 мың адам қатысты. Мәліметтерге қарағанда бүгінде облыс орталығынан тәулігіне 22 мың автокөлік өтеді. Олардың қала сыртымен айналуы шаһардың экологиялық ахуалын да оң әсер етеді дейді мамандар. Жалпы облыста Балхаш, Бурылбайтал арқылы Жамбыл мен Алматы бағытындағы жолдың жобасы және Жезқазған Қызылорда, Жезқазған Қарағанды тас жолдың жобасы әзірленіп жатыр. 

Енді Валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 405 теңге 69 тиынға тең. Ал еуро 455 теңге 51 тиын. Ресей рублі 5 теңге 72 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы