418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ахуал өзгермеген жағдайда үкіметтің қазіргі құрамда жұмыс істеуіне қатысты мәселе туындайды

  • 203
  • UPD: 16:14, 10.07.2020

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін» деді. Олай болмаған жағдайда жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайтынын атап өтті. Алқалы мәжілісте Мемлекет басшысы тағы не деді? 

Мемлекет басшысы айтты. Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Алайда елдегі ахуал күрделі болып тұр. Енді Үкімет жағдайды екі аптада реттеуі қажет. Әйтпесе Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеуі туралы мәселе туындамақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды».

Карантин және мұнай бағасының құлдырауы бюджет түсімін айтты. Жасырып жабатыны жоқ. Биыл ел қазынасына түсетін кіріс көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін қысқармақ. Қазір бюджетке қаражат Ұлттық Қордан бағытталып отыр. Енді артық шығынды қысқартпақ керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керек. 2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес».

Президент денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын да сынады. Ведомство уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды. Енді бұл олқылықты түзеу керек. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпек қажет. Препараттар жұртшылыққа қолжетімді болуы тиіс. Ал алыпсатарлардың жолын кесу міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

«Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Қ.Тоқаев: «СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?»

Жоспарлаудың шалалығы, сатып алу құнының тым қымбаттығы, жекелеген іс-шаралардың тиімділігі мен қажеттігі әлі де түйткілді мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан қатаң бақылау шараларын енгізуіміз керек деген Президент өзінің екінші Жолдауында экономикалық өсімге басымдық берерін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

«Бүгін біз пандемия кезінде экономикамызды даму жолына шығаратын маңызды әрі осы кезең үшін шұғыл мәселелерді қарастырдық. Дегенмен мен өзімнің екінші Жолдауымда экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатын боламын».

Ал Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп 15 қазанға дейін дағдарыспен күресу үшін бөлінген қаражатты жұмсаудың тиімділігіне талдау жасауы қажет. Талдау өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар ерекшелігін ескере отырып жасалуы керек. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау керектігін тағы бір мәрте айтты. Айтты да бұл міндет өңір әкімдерінің орынбасарларына тікелей бекітіп қою керектігін жеткізді. Ал әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауы тиіс.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы