426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жаңа оқу жылын бастаудың үш нұсқасы жарияланды

  • 1007
  • UPD: 18:14, 11.07.2020

Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары арнайы форма киюге міндеттелмейтін болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін журналистермен өткізген онлайн-конференция кезінде осылай мәлімдеді.

Министрліктің мектеп формасын кию туралы арнайы бұйрығы бар. Қазіргі ахуалды ескере отырып, сол бұйрыққа арнайы тармақ енгізіледі. Төтенше жағдай уақытында, карантин, шектеу шаралары кезінде оқушылар мектепке арнайы формада емес, классикалық үлгіде киініп келуіне болады. Ата-аналардың мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі болмаса, оларды ешкім мәжбүрлемейді.

Бірақ министрдің айтуынша, мұны формадан түбегейлі бас тарту деп түсінбеу керек. Бұл тек ғана уақытша шешім. Ереже тек алдағы оқу жылына ғана жарамды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қазіргі жағдайға сәйкес ата-аналар «мектептің формасына мүмкіндігіміз жоқ» десе, біз келесі оқу жылына осындай мүмкіндікті беріп отырмыз. Бірақ мектепке келгенде таза, дұрыс тұрғыдан киініп келуге мүмкіндік бар. Егер кім де кім сатып алып қойса немесе ағасынан, апасынан қалған киімдер болса киіп келуге болады. Бірақ та, оқу жылы біткеннен кейін, келесі жылы форма мәселесі қайтадан өзінің күшіне еніп, әлде де осы талапты қоятын боламыз.

Жаңа оқу жылында сабақ қандай тәртіппен өтетінін министр нақты айтпады. Әзірге белгілісі, үш нұсқа қарастырылып отыр. Бірінші нұсқа көктемдегідей қашықтан оқыту, екіншісі аралас режим, яғни жартылай қашықтан және жартылай мектепке келіп оқу. Бұл жағдайда оқушылар санитария талаптарын сақтай отырып, белгілі бір шектеулердің шеңберінде, арнайы топтарда сабақтарын жалғастыруы мүмкін. Үшінші нұсқа санитарлық қатаң талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде жалғастыру. Мұндай нұсқа таңдалса, кабинеттік сабақтар азайып, үзілістің уақытына, сабақтың ұзақтығына өзгертулер енеді. Министр «елдегі ахуалды сараптап, таяу арада нақты шешімді айтамыз» деп уәде берді.

Хабар 24 телеарнасы