426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынаққа дайын

  • 282
  • UPD: 20:05, 07.08.2020

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынаққа толығымен дайын, хабарлайды «Хабар 24».

Сынақ осы жылдың қыркүйек айында басталады. Вакцина Жамбыл облысы Отар ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалды. Ал, институттың жеті қызметкері вакцинаны өздеріне егіп те көрді. COVID-19 қарсы отандық алғашқы вакцина туралы арна тілшісі Ұлан Нарынбек толықтырады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- BSL-3 зертханасы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының аумағындағы екі қабатты шағын ғимаратта орналасқан. Бұл жерде аса қауіпті вирустарға зерттеу жасалады. Олардың арасында СOVID-19 бар. Сондықтан қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Ғалымдар 12 сағаттан жұмыс істейді. Микробиологтар скафандр тәріздес арнайы костюмдерді пайдаланады. Зертханадағы ауа қысымы атмосфералық қысымнан төмен. Яғни, есік ашылғанда іштегі ауа сыртқа шықпайды. Тірі коронавирусты зерттеу жұмыстары сәуір айында, Үкімет вакцина жасау бағдарламасын бекіткен соң басталды. Институтқа патологиялық материалдар жеткізілген болатын.

Лесбек Құтымбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғзи аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі:

- Сол бағдарлама бойынша біздің институтымыз бес вакцина дайындаймыз деп мойнымызға алдық. Сол 5 вакцинаның қазіргі кезде бір вакцинасы дайын болды. Тексерілу нәтижелері қазірше ойымыздан шығып жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Коронавирусқа қарсы қазақстандық алғашқы вакцина QazCovid-in деп аталады. 15 мамыр күні инактивтелген отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді. Сол күні жан-жануарларға клиникаға дейінгі сынақтар басталды. Препарат әуелі теңіз шошқалары, егеуқұйрықтар мен атжалмандарға салынды. Сәл кейіндеу маймылдарда сыналды. QazCovid-in вакцинасы мынандай кішкентай құтыларға құйылған. Сіздер мұны алғаш рет көріп отырсыздар. Бір құтыдағысы екі адамға жетеді. Екпе мынандай кішкентай шприцпен сол қолға салынады. Отандық 5 вакцинаның ішінде инактивтелген препараттың бірінші жасалуы да тегін емес.

Лесбек Құтымбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғзи аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі:

- Ол вакцина негізінде мына тірі вирусты өлтіріп барып, содан кейін дайындалады. Оның технологиясы негізінде бұрыннан бізге танымал және де басқа вирустармен сол бір технологиямен жасай беруге болғандықтан және де біздің институтымыздың ғалымдары сол технологияны өте жақсы білгендіктен және де оны дайындау мерзімі қысқа болғандықтан бірінші жолда сол вакцинаны дайындауға ұйғарым жасадық.

Ғалымдардың айтуынша, қыркүйек айында адамдарға клиникалық сынақтар жасалады. Алғашқы кезеңге 44 ерікті қатысса, екінші кезеңіне 200 адам қатысады. Жаппай қолданысқа енгізу үшін үшінші және төртінші кезеңнен өтуі тиіс. Дегенмен, вакцинаны алғаш болып институттың 7 қызметкері салдырғанын айта кеткен жөн. Мамандар «клиникалық сынаққа қатысуға ниет білдіргендер жеткілікті», дейді. Үш жыл бұрын олар Алматыдағы 15-аурухананың базасында маусымдық тұмауға арналған иммундық препаратты сынапты. Сол кезде 2 мыңға жуық еріктіге екпе салынған. Солардың көпшілігі QazCovid-in-нің сынағына қатысуға келсім беріпті.

Ербол Борашев, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғзи зертхана меңгерушісі:

- Біздің қазіргі негізгі жұмысымыз – ол коронавирустық індеттің геномын зерттеу. Біз коронавирустық індеттің толық геномын бір күннің ішінде зерттей аламыз. Және де мына індеттің басталған уақытынан бастап қазірге дейін бөлінген штамдардың бәрін қасиеттерін зерттеп, қаншалықты ауытқулар болғанын, мутациялар болғанын біз дәлелдеп бере аламыз.

Инактивтелген вакцинаның қорғаныс күші қанша уақытқа дейін жететін ешкім дөп басып айта алмай отыр. «Ол жарты немесе бір жыл болуы мүмкін», дейді ғалымдар. Басқа вакциналармен қосып салса қауқары күшті болады деген болжам бар. Мүмкін екпені екі рет жасату керек шығар. Ең бастысы – Қазақстанда коронавирусты тоқтатуға маңызды қадам жасалды. Болашақта институт аумағында иммундық препараттар өндіретін зауыт ашылады. Қазір оның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа зауыт қажетті вакцинамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы