424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді

  • 639
  • UPD: 21:11, 13.08.2020
17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді primeminister.kz

17 тамыздан бастап шектеу шаралары жеңілдей бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осыған байланысты жоспарын бекітті. Еліміздің қалыпты тіршілікке оралуы қалай жүзеге асады.

Экономиканың күретамыры – бизнесті жандандыру кезең-кезеңімен іске аспақ. Мемлекеттік комиссия 17 тамыздан бастап кәсіпкерлік нысандардың бірқатарына қызметін қайта бастауға рұқсат береді. Бірақ қауіпсіздік талаптары қатаң ескерілуі керек. Мысалы, сауда орындары, сұлулық салондары, хауызы бар фитнес-орталықтар мен хауызы жоқ монша-сауналарда әр келуші үшін кемі 4 шаршы метр аумақ берілуге тиіс. Қызметке жүгіну үшін алдын ала жазылу міндет:

1. 2020 жылғы 17 тамыздан бастап барлық өңірлерде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді:

- СОСО, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш. м);

- сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.);

- бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м.);

- балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топтарда – 5 адамнан артық емес, жазылу бойынша);

- мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес);

- ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, маска тағы, адамдар ағынын реттеу).

Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80% үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады.

2. 2020 жылғы 17 тамыздан бастап ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға (30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы шараларды және алдын алу шараларын сақтау) рұқсат етіледі.

3. Биылғы 17 тамыздан бастап қоғамдық көліктер соңғы аялдамада дезинфекциялау мен желдетуді қамтамасыз етумен, отырғызу орындарының толуына қарай жүре бастайды.

Дегенмен бұл «індеттің беті қайтты» дегенді білдірмейді. Сақтық шараларын есте ұстаған абзал. Сол себепті адам қарасы көп жиналатын шараларды өткізуге әлі ерте. 

4. Салынған тыйым сақталады:

- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге;

- барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына;

- мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге;

- бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына; діни нысандардың жұмысына;

- қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға.

5. Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.

«Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет», – деді Үкімет басшысы.

Хабар 24 телеарнасы