420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жаңартылып отырады – Қ.Тоқаев

  • 290
  • UPD: 21:04, 27.08.2020

Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отырады. Бұл заңды құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент Конституцияның 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты. Онлайн форматта өткен жиында алыс-жақын елдердің білікті сарапшылары да өз ойын ортаға салды. Олар не деді?

Аталы сөзге тоқтаған елміз. Ежелден солай. Ұшса құс қанаты талатын, жортса құлан тұяғы тозатын алып атырапты алып жатқан біздің елде бір де бір түрме болған жоқ. Ауызы дуалы ақсақалдар тентегін тезге, тентірегенін жөнге салып отыратын. Солардың айтқаны заң еді. Жарғы атаулының түп-тұқияны тереңде жатыр. Біз білетініміз бертіндегісі ғана. Хандық дәуірде болғаны хақ. Алаш ардақтылары да қазаққа қамдасатын құжат әзірледі емес пе?! Барлыбек барын салған сол жинақ қабылданбай кетті бірақ. Егемендік алған соң ғана етек-жеңді жинадық. Сөйтіп, осыдан ширек ғасыр бұрын ел болып Конституцияны бірге қабылдадық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституция тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституцияда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды  құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да  айқындалды.  

Бұрынғының сөзі мірдің оғындай еді. Сірескенді идіріп, тірескенді тізерлетіп тастайтын. Қанда болғасын қашан да әділдік іздеп жүреміз. Таразы басы тең тұрсын деп, Конституцияны қабылдады емес пе?! Қарап отырсаң, содан бері талай уақыт өтіпті. Біраз дүние өзгерген. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деуші ме еді?! Көштен қалмайық деп, заңды да көш ілгері қылуға тырыстық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей  мүмкіндіктері мол екені сөзсіз.

Қоғам ішінде әлі де қыжыл бар. Ел көңілі толмайтын дүние көп. Саусақ бірікпесе, иненің де ілікпейтінін мына билік жақсы біледі. Сондықтан былтыр Президент пәрменімен ұлттық сенім кеңесі құрылған. Ел ішінен белсенділерді іріктеп алды. Аз уақытта талай дүниені тындырып тастады. Бірнеше заңды қабылдап та үлгірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Елімізде бейбіт жиналыстар туралы демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң күшіне енді, саяси партияларды құру және тіркеу үдерісі едәуір жеңілдетілді, сайлаудағы партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ жала жапқаны үшін қылмысқа тарту талабы алынып тасталды. 

Заң бәріне ортақ. Шені мен шекпеніне қарап бөлмейді. Бәріміз бір ғана құжатқа бағынамыз дейміз. Бірақ тәртіпке көнбейтін, талапты табан астына салып тапатауға дайын тұратындар кезігеді. Ондайда соңғы сөзді сот айтады. Конституциялық кеңес те заңның ел ішінде үстемдік құруын қамтамасыз етеді. Осы кеңестің төрағасы Елбасының арнайы жолдаған хатын оқып берді. 

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:

- Конституциялық кеңес биыл Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етті. Халықаралық конференцияға қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстан тарапы атқарған жұмыстарға оң бағасын берді.

Джанни Букиккио, Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясының президенті:

- Қазақстанның Конституциялық кеңесі биыл екі бірдей әлемдік ұйымға төрағалық етті. Бұл үлкен жетістік. Әлемдегі басқа да қауымдастықтар бұл ұйымдармен санасады. Олардың адам құқығын сақтау ісіне сіңіріп жатқан еңбегі орасан. 

Шетел демекші, қазіргі Конституцияны әзірлейтін кезде басқа елдер қайтып жатыр дедік. Олардың құжатын көрдік. Керегін түртіп алдық. Бірақ түбінде өзіміздің ұлтқа келетінін дайындадық. Енді соны сәт сайын жетілдіріп отырамыз. Заңды өзгерту заман талабы өйткені.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы