426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда әуе билетінің құны қанша?

  • 492
  • UPD: 13:33, 28.08.2020

Елде бір жылда ұн бағасы қымбаттаған. Бұл немен байланысты? Биылғы егін ору науқаны қалай болып жатыр?

Биыл даңғайыр диқандарымыз қазақтың кең жерінен 18 миллион тонна астық жинауды жоспарлапты.

Биыл 18 млн тонна астық жиналмақ

Елде егін ору қарқын алды. Бүгінде республика бойынша дәнді-дақыл алқабының 23,6 проценті орылған. Ал былтыр осы кезде егістіктің 3 миллиондай гектарынан яғни 20 процентінен ғана өнім жиналған еді. Биылғы орташа өнімділік гектарынан 13,1 центнерден айналып жатыр. Ел бойынша бұл науқанға 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинайтын комбайн, 15 мың дестелегіш және 39 мың жүк көлігі жұмылдырылған. Егінді уақытылы жинау үшін диқандарға 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Операторлардың шығындары ескеріле отырып, шаруаларға жанармайдың литрі 168 теңге болып бекітілгенін де айта кеткен жөн. Бұл нарықтық бағадан 10 процентке арзан. Жалпы елде биыл 18 млн тонна астық жинау жоспарланған.

Нан бағасы қымбаттамай ма?

Егінді айтқанда, ұнға да тоқталайық. Халыққа керегі нан. Айтпағымыз, елде бір жылда ұнның құны 20 процентке өскен. Осылайша өнім өндіру көлемі төмендеп барады. Сарапшылар ұнның экспорты да азайғанын айтты. Биылғы қаңтар мен шілде аралығында 2 миллион тоннадай ұн шығарылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 6 жарым процентке кем. Ұн өндіруде Қостанай көш басында. Бұл енді заңдылық. Қанша дегенмен астықты өлке ғой. Осы облыста 544 мың тоннадан астам ұн өндірілген екен. Көшбасшы үштікке Шымкент қаласы пен Ақмола облысы кіреді. Енді бағасына тоқталайық. Осы өткен шілдеде базар-дүкендерде жоғарғы сұрыпты ұнның бір келісі 220 теңге болған. Бірінші сұрып 176 тегеден сатылды. Екі сұрып та былтырдан бері кем дегенде 20 процентке өсіп отыр. Алда қалай болады? Нан бағасы қымбаттамай ма?

Машина жасауда даму бар

Елде машина жасау өндірісі дамып келеді. Саладағы өндіріс көлемі шамамен 14 процентке өскен. Әсіресе автокөлік құралдары, жартылай тіркеме, электр жабдықтарын жасаудың өрісі кеңейді. Тақырыпқа тұздық болсын. Әкімшілік полицияның мәліметінше, осы күні елде барлығы 4 млн 382 мың көлік тіркелген. Жеңіл әрі жеңіл коммерциялық автомобиль саны – 3 млн 631 мың. Бұл жалпы санның 83 проценті. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы көлік паркі туралы мәлімет жариялапты. Сонымен біздегі автопарктің жартысын пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан көліктер құрайды. Ал 11-ден 20 жылға дейінгі көліктер саны 783 мыңнан асып жығылады. Пайдалану мерзімі екі жылға жетпеген көлік саны 160 мыңның шамасында.

Жердегі көлікті айтқанда, әуедегі көлік жайында да бірер ақпар ұсыналық. Бүгін «Нарықтағы баға» айдарында ұшақ билетінің бағасын айтамыз.

Нарықтағы баға

Сонымен әуе билетінің құны Нұр-Сұлтаннан Алматыға дейін 56 мыңға таяйды. Нұр-Сұлтаннан Шымкентке 60 мың. Қызылордаға дейін шамамен 53 мыңға алуға болады. Ал елордадан Өскеменге дейін билет құны – 67 мың. Нұр-Сұлтан – Семей бағытына 52 мыңның шамасында. Оралға дейін билет 87 мыңға тұр. Ақтөбеге 74 мың шамасында, ал, Ақтауға дейінгі билет құны 129 мың теңгеден асады.

Туризм саласында жұмыс орындары қысқаруы мүмкін

Әлем бойынша туристік секторда 120 миллионға дейін жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Бұған себеп – пандемия. Әсіресе халқы көп елдер үшін бұл ауыр болмақ. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы мәлімдеді. Антонио Гутерриш айтады. Осы туристік саланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек керек. Сол кезде бұл сектор қайта жандануы кәдік. Мұның алдында Дүниежүзілік туризм ұйымы қаңтар мен мамыр аралығында халықаралық саяхат саны 300 миллионға дейін қысқарғанын айтқан. Себеп – көптеген мемлекет коронавирустың кесірінен шекарасын жапты яки елге кіруге бірқатар шектеу енгізді.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Ұлттық банктің мәліметінше, доллар 419 теңге 5 тиын. Еуро 495 теңге 97 тиын. Ал рубль 5 теңге 59 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы