424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семей ядролық полигонының жабылғанына 29 жыл болды

  • 418
  • UPD: 10:01, 29.08.2020

1991 жылы 29 тамызда әлемдегі ең ірі полигондардың бірі Семей сынақ алаңы жабылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасының бұл шешімі күн өткен сайын жасампаздығын көрсетіп келеді. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан қазақ елі содан бері күллі жаһан жұртшылығын бейбітсүйгіш жолға түсуге шақырып келеді. 40 жылда 456 жарылыс болып, бір жарым миллион адам зардап шекті. Қазір аумағына Израиль, Словения сынды мемлекеттер сыйып кететін бұрынғы полигон аумағының 70 проценті зерттелген. Келесі жылы бұл жұмыстарды толық аяқтау көзделіп отыр.

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі болған Арқалық Ағыбаев үшін тамыздың 29-ы ерекше күн. Балалық шағы Дегелең тауының етегіндегі Қайнар ауылында өткен ақсақал туып-өскен өлкесінің астаң-кестеңі шыққан жылдарды қасіретпен еске алады. 1954-жылы полигонмен іргелес Абыралы өңірінің тұрғындары күштеп өзге мекендерге көшіріліпті. 

Арқалық Ағыбаев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі: 

- Абыралы ауданы жұртшылығының көпшілігі Жарма, Аягөз, Шұбартау, Қарағанды облыстарына көшірілген болатынбыз. Сол 6 жаста мен әлі есімде біз Жарма ауданы Скотовод совхозына көшірілдік. Ол кезде қоштасып жылаған ақсақалдарды да, азаматтарды да өз көзіммен қазір кино көргендей әлі есімде. Совет үкіметі шешті, ол бәрі заңды дүние болып көрінетін. Артық ауыз ол неге ашылды, оның қандай пайдасы бар, оны ешкім түсіндіріп жатпайтын. 

1988 жылдан бастап антиядролық қозғалыс белсендісі ретінде шерулерге қатысып, әлем халықтарына үндеу тастаған ардагер 20 жылдан бері өзі де ауыр дертпен күресіп келеді. Елбасының халықты 40 жыл қан қақсатқан полигонды жабу туралы шешімі елдің болашаққа деген сенімін күшейтті дейді ол. 

Арқалық Ағыбаев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі: 

- Полигонның зардабын әр семья сезді, сол Абай, Абыралы өңірі, Семей өңірі Нұрсұлтан Әбішұлы мынау полигонды жабу, ядролық қарудан бас тарту деген мәселелерді көтеріп, соны іске асырды. Оған халық дән риза, осы уақытқа дейін дұрыс қабылдайды. 

Өңірге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаевтың ұйтқы болуымен осыдан 11 жыл бұрын Абыралы-Дегелең қоғамдық қоры құрылды. Қор негізінен ядролық сынақтан зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық қолдау бағытында жұмыс істеп келеді. Бірнеше тарихи кітаптардың жарық көруіне де жәрдем берді. Қор мүшелерінің пікірінше, бұрынғы сынақ алаңынан зардап шеккен халықты әлеуметтік жағынан қорғайтын арнайы заңды күшейту керек. 

Марат құрманбаев, ШҚО мәслихатының депутаты: 

- Бүгінгі күнде полигон туралы заң ол 1997 жылдан бері істемей жатыр. Соны біз әрбір іс шарада көтеріп, әрбір министерствоға, Президентке дейін жаздық. Болашақта біз ойлаймыз соған өзгерістер кіргізіп, бүгінгі күнде мысал ретінде айтып кетсек, Ресейде 10 жыл бұрын зейнеткерлікке шығады, коммуналдық, медициналық көмектер сондайлар жасалған. 

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- Өкінішке орай, әлемдегі ядролық қаруы бар державалар әзірге қазақ елінің бейбітсүйгіш жолымен жүруден тайсақтап отыр. Дегенмен, 40 жыл осы зұлмат қарудан зардап шеккен Ұлы Дала Елінің ұрпақтары Абай айтқан өсиетке берік ұстаныммен келе жатыр. Ол адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп, ізгілік жолын таңдау.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы