426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


1 қыркүйектен бастап EL ARNA-да мектеп оқушыларына арналған онлайн-сабақ басталады

  • 283
  • UPD: 10:06, 31.08.2020

1 ай бұрын мектеп оқушыларына арналған телесабақтар түсіріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

6 мыңнан астам бейнеролик әзірлеу үшін үлкен топ іске жұмылдырылды. Өткен оқу жылында кездескен кедергілерді болдырмау үшін жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп жатыр.

Толқын Бейсекова соңғы 10 жылда мектепте сабақ беріп жүр. Ол – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 45 минут тақтаның алдында тұрып балалармен тікелей жұмыс істеуге үйренген ұстаз онлайн форматты да тез-ақ меңгеріп алды. Телесабақ жүргізуге дайындық барысында мұғалім түрлі цифрлық платформалармен жұмыс істей бастады.

Толқын Бейсекова, №66 мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Айырмашылығы өте көп. Мәселен, мектепте біздің алдымызда 30 бала болса, сабақты түсіндіріп, түсінбеген сабағын тікелей қоятын мүмкіндіктері бар мектепте. Ал онлайн сабақта арнайы қысқартылған уақытқа сыйдырып, оқу мақсатына жетуге тырысамыз.

Мұндай телесабақтар өткен оқу жылының 4-тоқсанында түсіріліп, көрсетіле бастады. Ол кезде мұғалімдер көптеген қиыншылыққа кезікті. Олар цифрлық сауаттылығын жетілдіріп қана қоймай, камера алдында жұмыс істеуді үйрене бастады. Қазір режиссерлар, продюсерлерден құрылған үлкен топ осы мәселелерді шешуге қолдау көрсетіп жатыр. Әр пәннің ерекшелігіне байланысты жаңа технологиялар да енгізілуде.

Анар Досмұхамедқызы, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА аға ғылыми қызметкері:

– Әр пәннің өзіндік ерекшелігі бар. Цифрлық сауаттылық жағынан программистер шақырылды. Болған қателіктермен жұмыс жасау мақсатында біз мамандарды жұмылдырып жатырмыз. Өте ауыр режимде жасап жатырмыз. Программистер көмек көрсетіп жатыр. Жаратылыстану бағыты бойынша жаңа модельдеу бағдарламасын қолданып жатырмыз. Әр пәннің жаңашылығы бар.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жаңа оқу жылына арналған 6 мың 636 телесабақ түсіріліп жатыр. Бүгінде 1000-нан астам сабақ дайын тұр. Олар 1-қыркүйектен бастап «Балапан» мен «Еларна» арналарының эфирінде қазақ және орыс тілдерінде таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін көрсетіледі. Жұмыс 10 студия негізінде жүргізіліп жатыр. Олардың 8-і Нұр-Сұлтанда орналасқан. Мұнда жоғары сыныптарға арналған сабақтар түсірілуде. Бастауыш сыныптардың материалдары Алматыда әзірленіп жатыр. Бейнеролик дайындау үшін Ақмола, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының ұстаздары тартылды. Олар түсірілімге келмес бұрын қатаң іріктеуден өтті.

Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы