431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

  • 302
  • UPD: 13:12, 10.09.2020

Қостанайда күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті диқаншылар астықтың шамамен 80% қамбаға құйып қойды. Егін жинау науқанының биыл ерте басталуына ауа райы себеп болған. Жауын-шашын аз. Күннің ыстық болуына байланысты бидай ерте пісті. Егін ору науқанын Президент те өз көзімен көріп қайту үшін бүгін Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы аймақтағы бірқатар кәсіпорынға барып, өңірдегі өндіріс барысымен таныспақ. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев егін алқабына да барады деп жоспарланып отыр. Күз бен көктем мезгілі – астықты өңір үшін қарбалас шақ. Биыл күзгі жиын-терім ерте басталды. Жергілікті диқандар биылғы жаздың аса жайлы болмағанын айтады. Шілде айында жауын-шашын аз түсіп, құрғақшылық болған. Соған қарамастан, қостанайлық егіншілер гектарынан 10 центнерден жинап жатыр.

Есімжан Баймұханов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бидай 3,4 гектар егілді. Қазіргі күні оның 3 млн 58 мың гектары жиналды. Облыс бойынша орташа өнімділігі 10 центнерді құрайды. Облыстың оңтүстік аудандарында 12-13 гектардан шығады. Егін жинау жұмыстары 5 тамыздан басталды. Алдыңғы жылдары айдың 20-сынан басталатын.

Мемлекет басшысы кідірместен облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың біріне барды. «МИЛХ» ЖШС бәріміз тұтынатын «Новый день» сауда маркасымен 120-дан астам сүт өнімдерін шығарады. Қазақстан нарығын толығымен қамтып отыр. Өнімдерінің 30% көрші Ресейге экспорттайды. Осы ретте кәсіпорынның жас та болса басшысы Александр Блокты тыңдап көрейік.

Александр Блок, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Кәсіпорын тәулігіне 200 тонна өнім шығарады. Біз өз өнімдерімізбен Қазақстанның барлық аумағын қамтып отырмыз. Маңызды тағы бір бағыт – экспорт. Біздің тауарларды Мәскеуден де, Камчаткадан да табуға болады. Біз өз тұтынушыларымызға сапалы өнім ұсынғымыз келеді. Сондықтан өзімізге қарасты үш зауытқа үнемі жаңа жабдықтар сатып алып отырамыз. Соның арқасында біз жақында тауарлар тізіміне кілегей мен ірімшіктің бірнеше түрін қостық.

Осы ретте айтып өткен жөн, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына былтыр мамыр айының соңында келген. Дәл сол сапарында жастармен жүздесу барысында биылғы жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялау туралы ұсынысын айтқан болатын. Дәстүрлі Жолдауынан кейін тура 10 күн өткен соң Президенттің алғаш боп дәл осы аймаққа арнайы сапарлауында да мән бар. Қостанай – аграрлық аймақ, ал Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан.

 

Хабар 24 телеарнасы