424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын өзім қадағалаймын

  • 181
  • UPD: 22:55, 10.09.2020

5 млн тонна. Қостанай диқандары биыл осынша астық жинамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егінге орақ түсті, ауа райы қолайлы болса енді 10 күннен соң күзгі жиын-терім толығымен аяқталады. Бүгін осы облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егіс алқабына арнайы барды. Диқандармен тілдесті. Президент жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, осындай қиын шақта көмектің еш кемімейтінін айтты.

Мыңдаған балмұздақ, тонна ірімшіктер мен кілегей. 120-дан астам сүт өнімдері күн сайын Қостанайдан Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Бәлкім сізге де таныс, «Новый день» сауда маркасының өнімдері осы жерде шығарылады.

Президент «Милх» кәсіпорнына барды

Осы зауыттан шығатын өнімнің 30% Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортталады. Сүт облыстағы 12 мыңнан астам жеке шаруа қожалықтарынан сатып алынады. Президент келмес бұрын кәсіпорынның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып алғанын айтты. Анықталғандай, Президентті тек зауыт емес, онда жұмыс істейтін адамдардың өмір жолы да бей-жай қалдырмаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен сіздің бұл кәсіпке келмес бұрын денешынықтыру пәнінің мұғалімі болғаныңызды білдім. Сіз қатардағы кәсіпкер емес, табысты кәсіпкерге айнала білдіңіз. Сол үшін де қуаныштымын. Жалпы, шағын және орта бизнеске көрсетілетін көмекті көбейтпесек, азайтпаймыз. Себебі біздің басты әлеуетіміз – осы сектор. Мен өз жолдауымда кәсіпкерлікті қолдау, дамыту жөнінде көп нәрсе айттым. Әлемдік пандемияға қарамастан, біз бизнеске деген демеуді үзген жоқпыз.

Кәсіпорында 710 адам жұмыс істейді. Жалпы аймақта биылғы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8% жеткен. Президент әсіресе өңірлерде халықты жұмыс пен қамтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн. Биыл осы бағдарлама бойынша Қостанай облысының өзіне 54 млрд теңге бөлініп отыр. Президенттің пікірінше, бағдарлама дұрыс іске асырылса, Американы ұлы дағдарыстан алып шыққан Рузвельттің жаңа бағытынан кем түспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында мен бұл бағдарламаның орындалу барысына көңілім толмайтынын білдірген болатынмын. Бірақ әкімдермен кездесу, сөйлесу барысында бұл жобаның күш алып келе жатқаны байқалады. Бұл бағдарламаны мақсаты мен мазмұны жағынан Рузвельттің бағдарламасымен салыстыруға болады. Сондықтан дәл осы бағдарламаның орындалу барысын өзім қатаң қадағалайтын боламын.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Күз келгенде Қостанайдың даласында жұмыс қыза түседі. Қостанайлық диқаншылар биыл да күзгі жиын-терімге кірісіп кетті. Қазір аймақтағы астықтың 80 проценті қоймада тұр. Өнім жаман емес дейді шаруалар. Гектарына – 10 центнерден. Бұл былтырғы қуаңшылық жылымен салыстырғанда 20% көп.

Мемлекет басшысы егіс алқабына барды

Енді 10 күн, атырап келер көктемеге дейін дамылдап жатады. Президент егіс алқабына арнайы келді. Диқаншылармен тілдесті. Жергілікті шаруалар санмен қоса сапаға да мән беріп жатқанын айтады.

Ғауез Нұрмұханбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Егін алқабы – 5 млн 266 мың гектар. Оның ішінде дәнді дақылдары – 4 млн 051 мың гектар. Әртараптандыру соңғы төрт жылда майлы дақылдар алқабы 300 мың гектарға жетті.

Пандемияның кері әсерін сезінбеген біреу болса – бұл қостанайлық диқаншылар. Оның үстіне биыл мемлекеттен берілетін қаржылық көмек көбейді. Алғаш рет көктемгі егіске және күзгі-жиын терімге 30 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғы бөлінген қаржымен салыстырғанда 9 млрд теңгеге көп. Бітік шыққан бидай Президентті де қуантты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз биыл үлкен табыстарға ие болатын болдық. Егін жақсы. 5 млн тонна. Қиын болды, пандемияға байланысты. Кесірінен біраз қиыншылққа ұшырадық. Бірақ еліміз бұл қиындықы еңсерді.

Алқап басында Мемлекет басшысы байырғы диқаншылармен тілдесті. Солардың бірі – Олег Даниленко. Өсімдік шаруашылығымен, мал өсірумен айналысады. Ел ағасы ретінде елдегі өзгерістерді жеткізді. Бастысы – жастар ауылға келе бастады дейді.

Олег Даниленко, шаруа қожалығының директоры:

– Қазір біздің ауылдағы халықтың 70% – жас мөлшері 18 бен 35 аралығындағы жастар. Мемлекеттік бағдарламалрдың арқасында жол дұрысталып, су тартылып жатыр. Осы пандемия тұсында жұмыскерлердің жалақысын 40% көбейттік.

Шаруалар Президентке өтінішін де айтты. Өсімдік шаруашылығғын міндетті сақтандыру туралы заң қабылданды. Осындай заң мал шаруашылығында да қабылданса деген тілектері бар. Президент естіді, шаруалардың жайын жерде қалдырмайтын әдеті бар.

Қ.Тоқаев: Қостанай облысының орны ерекше

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Негізгі міндеттер жолдауда айтылды. Сіздер ол құжатты толық оқып шықты деген сенімдемін. Мен бұл құжатпен оны жариялағанға дейін жұмыс істедім. Оның әрбір сөйлемі, әрбір абзацы менің жүрегімнен өтті десем болады. Бұл құжаттың әрбір пунктіне өзім жауап беремін. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер әрине басты назарда. Адамдар бізден нақты мәселелердің шешімін күтеді. Үкімет кеше жолдауды орындаудың ұлттық жоспарын қабылдады. Дегенмен бір нәрсені ұмытпаған жөн. Бұл – бірлесе атқаратын, ұжымдық жұмыс.

Кездесуде шаруалар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және экспорттау мәселелерін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өнімді өндіру үлкен мәселенің бірі әрі негізгісі болса, енді оны нарыққа шығару да маңызды. Үкімет осы мәселелермен айналысуы тиіс. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында нақты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Қараша айында Президенттердің басшылығымен шекаралас өңірлердің басшыларының аймақтық кездесуі өтеді. Пандемияға байланысты қандай форматта өтетіні белгісіз, бірақ өтуі тиіс. Жалпы ЕАЭО аясындағы интеграцияны дамыту бойынша біздің бағытымыз өз күшінде.

Президент еліміздің азық-түлік қорын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар үшін ауыл жұмысшыларына ризашылығын білдіріп, жиын-терім науқанын уақытылы аяқтап, мол өнім алуларына тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қостанай облысының орны ерекше. Экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Жаңа ғана біз әкіммен неше түрлі пікір алмастық мәселелер жөнінде. Жалпы облыстың жағдайы жаман емес. Көрсеткіштері жақсы. Сондықтан болашақта бәрі ойдағыдай болады деп мен ойлаймын.

Қазақстан биыл бидай экспортының көлемін ұлғайтады деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ел бойынша 18 млн тонна астық жиналады. Соның 5 млн осы Қостанай даласында жиналған дән. Демек, осы алқапта жайқала өскен қара бидай бергісі Өзбекстан, Тәжікстанға арғысы Ауғанстан мен Қытайға қыр асады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Азамат Сәметов, Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы