428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға барды

  • 178
  • UPD: 23:54, 25.09.2020

Бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматыға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ірі шаһарда жұқпалы аурулар ауруханасының тағы бір филиалы ашылған. 500 адамға шақталған бұл нысанды Президенттің өзі аралап шықты. Коронавирустың ықтимал екінші толқынына мегаполистің қаншалықты дайын екенін бағамдады. Бұл нысан әуелде психоневрологиялық диспансер ретінде салынған. Биыл жұқпалы ауруларды емдейтін мекеме болып, қайта жабдықталды. Індет қайта өршіген жағдайда бірден 500 науқасты емдеуге мүмкіндік бар. 500 төсектің бәрі медициналық оттегімен қамтамасыз етілген. 45 реанимациялық төсек-орын тұр. Бір кезде тапшы болған өкпені жасанды желдету аппараты да жеткілікті. Ауруханаға мұндай қондырғының 50 шақтысы қойылған. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық мекемелерді қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орын мен инфрақұрылымды жаңарту, дәрігерлердің еңбекақысын көтеру мәселелеріне тоқталды. Президент індетке барынша дайын болу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Коронавирус – өте қауіпті індет. Еуропада болсын, Америкада болсын, қазір екінші толқын пайда болып жатыр. Бізде де екінші толқын пайда болуы мүмкін. Сондықтан осы күрделі жағдайда арнайы келіп отырмын. Емханамыз өте жақсы екен. Жалпы әрбір салада медицина болсын, білім тіпті саясат болсын, дипломатия болсын нағыз мамандар керек қазір Қазақстан үшін. Қазақтар бекер атпайды, «Құлан қырда, құндыз суда» дейді. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Босаңсуға қазір болмайды. Бәріміз жинақты болуымыз керек осы жағдайда.

Президент қаланың индустриялық және инфрақұрылымдық дамуымен танысты. Алматының индустриялды аймағына ұзын ырғасы 60 жоба енген. Олардың 10-ы осы күні жұмыс істеп тұр. Тағы он шақтысы жыл соңына дейін іске қосылады. Жұмыс істеп жатқандардың бірі былтыр ашылған, есік-терезе шығаратын «ТехноВид» кәсіпорны. Мұнда барлығы бір жерде шоғырланған. Яғни шикізат та өздерінен. Өндірушілер тауарларын ірі қазақстандық компанияларға ғана сатып отыр. Алдағы уақытта Ресей мен Өзбекстан нарығына шығу жоспарда бар. Президент бұдан өзге де нысандарды аралады.

Хабар 24 телеарнасы