427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Коронавирустың екінші толқынына дайын болуымыз керек

  • 342
  • UPD: 21:59, 25.09.2020

Бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматыға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ірі шаһарда жұқпалы аурулар ауруханасының тағы бір филиалы ашылған. 500 адамға шақталған бұл нысанды Президент аралап шықты. Коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына мегаполистің қаншалықты дайын екенін бағамдады. Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық және инфрақұрылымдық нысандарда да болды.

Коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша Алматы алдыңғы орынға шыққан аймақтардың бірі еді. Сол бір жағдай қайталанбас үшін қалада бүгінде қамдық қалай? Дайындықты көру үшін Алатау бауырындағы шаһарға Президенттің өзі келді. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына аялдады. Осы жерде Президент айтты. «Медицина мамандарына материалдық һәм моральдық тұрғыда көмектесу керек». Бұл енді әкімдіктің тікелей міндеті. Тек әкімдік емес, Үкімет те ақ халаттыларды назардан тыс қалдырмайды. Өзектерін талдырмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметке келер болсақ, менің тапсырмам бойынша медицина мамандарына тиісті жәрдем беріледі. Ауруға қарсы тұру үшін барлық жағынан дайын болу керек. Дүрбелеңге бой алдырмау маңызды. Сіздерде тәжірибе бар. Материалдық тұрғыда қамтамасыз етілесіздер. Коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына да төтеп беруге тиіспіз. 

Бұл нысан әуелде психо-неврологиялық диспансер ретінде салынған. Содан биыл жұқпалы ауруларды емдейтін мекеме болып жабдықталыпты. Уақыттың талабы осы ғой. Бетін аулақ қылғай, егер коронавирус қайта күш алса, бұл жерде бірден 500 адамды емдеуге мүмкіндік бар.

500 төсектің бәрі де медициналық оттегімен қамтамасыз етілген. 45 реанимацилық төсек орын және бар. Бір кезде тапшы болған өкпені жасанды желдету аппараты да жеткілікті. Ауруханаға мұндай қондырғының 50 шақтысы қойылыпты.

Тамара Отағанова, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Аурухананың мүмкіндігі өте үлкен. Жұқпалы аурулар ауруханасының талаптарына сай. Әрбір блоктың өзінің дербес кіреберісі бар. Сол кіреберістен жеке науқас сол боксқа қана түседі. Сонымен біз басқа жұқпалы аурулардың өзара қатысып, ауруды жұқтырудың алдын аламыз. Медициналық техника да жеткілікті бәрі.

Бәрінің жеткілікті болғаны көңілге медеу. Себебі COVID-19 ұзаққа созылатын вирус. Тұмау сынды өзге де жұқпалы аурулармен бірге жүруі кәдік. Шетелдік мамандар осылай топшылаған. Сондықтан мұндай ауруханалар барлық жұқпалы кеселге сақадай сай болуы тиіс. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетіп отыр. Босаңсуға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуропада, Америкада болсын, қазір екінші толқын пайда болып жатыр. Бізде де екінші толқын пайда болуы мүмкін. Сондықтан осы күрделі жағдайда арнайы келіп отырмын. Емханамыз өте жақсы екен. Жалпы әрбір салада медицина болсын, білім тіпті саясат болсын, дипломатия болсын, нағыз мамандар керек. Қазақтар бекер атпайды ғой, «Құлан қырда,құндыз суда» дейді. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Босаңсуға қазір болмайды. Бәріміз жинақы болуымыз керек осы жағдайда.

Президент коронавирусқа қарсы дайындықты көрген қаланың индустриялық және инфрақұрылымдық дамуымен танысты. Алматының индустриялды аймағына ұзын ырғасы 60 жоба енген. Оны осы күні жұмыс істеп тұр. Тағы оны жыл соңына дейін іске қосылады. Жұмыс істеп жатқандардың бірі – мына «ТехноВид» аталатын кәсіпорын. Серіктестікте энергия үнемдейтін, сәулеттік қасбеттер шығарылады. Бұл жерде жылына 475 мың шаршы метр шыныпакет жасауға болады.

Сергей Хрущёв, компания директоры:

– Біздің кәсіпорында барлығы бір жерде шоғырланған. Яғни шикізат та өзімізден. Елде мұндай жағдайда жұмыс істеп жатқан әзірге біз ғана. Өзіміздің материалды тұтынамыз. Тауарларымызды ірі қазақстандық компанияларға ғана сатып отырмыз. Алдағы уақытта Ресей мен Өзбекстан нарығына шығу жоспарда бар. 

Ірі инвестициялық жобаның бірі – мына «Hyundai» маркалы көлік шығаратын зауыт. Бұл жерге де Президент барды. Машина жасаудағы әлеуетімізді көрді. Кәсіпорынға отандық бизнесмендер жалпы құны 28 миллиард теңге инвестиция құйған. Зауыт қазанның 15-сінде ашылады.

Ашылған кезде бұл жерден жылына 30 мың көлік шығарылады. Одан соң бұл көрсеткіш 45 мыңға дейін жеткізілмек. Бұдан халыққа нендей пайда? Пайдасы сол, осы жерден шыққан көліктер нарықтық бағадан 5 процентке арзан болады. Бұл бір. Екіден мына темір тұлпарларды жұрт жеңілдетілген несиеге сатып ала алады. 

Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:

– Біздің зауытта шыққан автокөліктерді Қазақстан Даму банкі беріп жатқан кредитпен сатып алуға болады. 10 процент құнын төлеп, қалғанын кредитке 7 жылға дейін 4 проценттен алуға болады. Осы ашылғаннан кейін жаңағы көліктің дефициті жойылады деп сенеміз.

2023 жылға дейін әзірге бұл жерден «Хюндай Акценттің» ғана шанағы дәнекерленіп, боялады. Одан соң өзге де модельдерін шығару жоспарда бар. Бүгінде 350 дей адам еңбек етіп жүр. Ашылып, зауыт толық қуаттылыққа көшкен соң мұнда 700 адам жұмыс істейді. 

Әзірге саймандар Ресей, Корея, Чехиядан әкелініп жатыр. Келешекте мына кәсіпорынның басшылығы автобөлшектер жасайтын зауыт та ашпақ. Осылайша көліктің 50 процентін өзімізде жасайтын күн туады. Бұл енді отандық автоөндірістің алдында тұрған басты мақсат. Жоспар жүзеге асса, хош! Осы зауытта тұрып, Президент кәсіпкерлікті дамыту жайына тағы бір мәрте тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халыққа арнаған Жолдауымда елде бизнесті өркендетуге баса мән бердім. Егер кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заңсыз кедергілер келтірілер болса, мұны мемлекетке қарсы жасалған қылмысқа балаймыз. Яғни бір сөзбен айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс. Бұл – біздің экономикалық саясатымыздың басты бағыты.

Экономика әлі де күрделі жағдайда. Тек біздікі емес. Әлемде де ахуал осы. Себебі бе түсінікті. Дағдарыста тек мемлекет пен бизнес тонның ішкі бауындай болған кезде еңсере аламыз. Осы себепті Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі һәм бәсекелестікті қорғау агенттігі құрылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Нарықты монополистерден тазалау керек. Біздің нарыққа кіргісі келетіндерге мүмкіндік беріп, еркін жұмыс істеулеріне жағдай жасауымыз қажет. Экономика осы кезде ғана өседі. Мұның бәрі жаңа шаралар қабылдауды талап етті. Шешімдеріміз өзінің тиімділігін көрсетеді деп сенемін.

Экономикада ғана өзгеріс болмайды. Демокаратияны ілгерілете түсуге де басымдық беріледі. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қоюына байланысты түсініктеме берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Партияның іс-әрекеттеріне, бейбіт жиналыстарға қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірер күн бұрын Қазақстан өлім жазасын жоюды қарастыратын екінші факультативті хаттамаға қосылды. Бұл Конституцияға толық сәйкес келеді және негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізу қажет емес. Бізде өлім жазасына мораторий жарияланған. Мұндай жарлыққа Тұңғыш Президент қол қойған болатын. Сондықтан біздің елде өлім жасазы жоқ деуге болады.

Осы көлік құрастыратын зауыт та бизнес өкілдері Жолдаудағы қолдауды зор ықыласпен қабылдағандарын айтты. Айтты да, Президентке малды тірдей экспорттауға қатысты мораторийді ұзарту бойынша өтініштерін жеткізді. Бұл құжаттың күші бірінші қазанда аяқталатын еді. Түлікті тірідей сыртқа сата берген соң, елдегі ет өндеу кәсіпорындарында өндіріс те бәсеңдеп барады. Осының бәрін мұқият тыңдаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев мораторийді ұзарту керектігін айтты.

Зауыттан шығып, Президент қалалық әкімдіктің іргесіндегі «Алмалы» алаңына барды. Бұл жер биыл жаңартылған. Жаңа алаңда құлындай құлдыраңдап жүрген балалардың көңілі шат. Ата-аналар да разы.

БЛИЦ:

– Балаларға жақсы. Біз Самал ауданында тұрамыз. Баламен қыдырып келіп, ойнағанға жақсы жер екен.

– Әр жасқа ыңғайлы екен. Кішкентай 1 жастан бастап 12-13 жасқа дейінгі балаларға өте жақсы жер екен.

– Қырғызстаннан Алматыға келдім. Қызым мен күйеу балам осы жерде істеуші еді. Келе салып, бірінші осы саябақты көрдім. Балаларға сондай ыңғайлы. Балалар жығылып кетеді деп қорықпайсын. Балалар үшін қаралған әбден.

Ал бұл – көпфункционалды музыка орталығы. Өткен мамырда ашылған. Ішінде өсемін, өзімді дамытамын деген жастарға барлық мүмкіндік бар. Бұл да Президент дамытуымыз керек деп баса мән берген кәсіпкерлік нысаны. 20 адам еңбек етеді. Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы індетке қарсы қамдықты күшейтіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету зор міндет екенін қаперге салды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ержан Рахманбердиев, Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы