428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кинотеатрлардың келешегі қандай

  • 258
  • UPD: 10:33, 29.09.2020

Еліміздегі кинотеатрлар пандемия салдарынан 150 млрд теңге жоғалтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саланың болашағы бұлыңғыр. Бұл туралы кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудина хабарлады.

Мамандардың үміті үзілуге шақ. Тіпті кинотеатрлар ашылған күннің өзінде кино көруге келетін адамдар азайып кете ме деп қорқады.

Еліміздегі әрбір бесінші кинотеатр жабылуы мүмкін. Карантиндік шектеулердің жеңілдеуі бұл салаға қатысты болмай тұр. Кәсіпкерлер тығырыққа тірелген. Қазірдің өзінде орташа шығын 150 млрд теңгеге жуықтады. Кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, шығын бұдан да көп болуы мүмкін. Тәуекелге толы бизнеске келуге ниетті кәсіпкерлердің беті қайтқалы қашан. Карантинге дейін елде 92 кинотеатр, 350 кинозал жұмыс істеді. Оның онға жуығы жабылып үлгерді. Қауымдастық президенті жағдай оңалмаса, жабылған мәдени ошақтардың саны еселеп артатынын айтады. Кәсіпкерлер ең болмағанда ашылуға болатын болжалды уақытты көрсетсе дейді. Бірақ әзірге жауап жоқ. Оның үстіне кинотеатр кірісінің басым бөлігін попкорн сатылымы құрайтын. Карантиндік талаптардың бірі – залға азық алып кіруге тыйым салу. Бұл да саланың қадамын бөгейтін түрі бар. Жалпы, індетке дейін елдегі кинотеатрларда 6000 адам жұмыс істеді. Олардың көбі жаңа жұмыс іздеп кеткен.

Мунира Ягудина, Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығының президенті:

– Біз барлық құзырлы органға хат жолдап, мәселені көтердік. Бірақ еш нәтиже жоқ. Онсыз да шығыны көп сала еді. Қазіргі жағдайымыз тым мүшкіл. Бізді естір жан бар ма? Театрлар ашылып жатыр ғой. Індет жұқтыру қаупі бар дейді. Бірақ ұшақпен емін-еркін ұшып жатқандарды қайтеміз?! Алгоритмге сай кинозалды 30 процентке ғана толтыру керек екен. Мысалы, 600 орындық кинозалға 50 адам жинап алу қисынсыз. Одан кейін кино – тез бұзылатын тауар. Жаңа туындыларды экранға шығарып, прокатқа ұсынуымыз қажет. Уақыт ағынынан қалып жатқанымыз қынжылтады. Қазанда жаңа фильмдер аз түседі. Соған қарамастан, кез келген шартты қабылдап, жұмысты жандандырғымыз келеді.

АГРОТУРИЗМ – ТАБЫСТЫ КӘСІП

2025 жылға дейін елімізге агротуризмнен 10 млрд теңге табыс түседі. Қазақстанның агро және ауыл туризмі қауымдастығының хабарлауынша, оның 1 млрд-ы шетелдік туристердің үлесі. Болжамға сай алғашқы жылдары саланы жетілдіруге 2 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылады. Оған қоса көліктік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салу көзделген. Ауыл халқын агротуризмге үйрету де өзекті. Кейін кәсіпкерлерге арнайы жабдықтарды сатып алуға 350 мың теңгеге жуық шағын гранттар ұсынылмақ. Бір елді мекенде туризмді қалыптастыруға 100-150 млн теңге қажет болады. «Ал саланы дамытудың келесі кезеңдері кәсіпкерлердің белсенділігіне байланысты жүзеге асады», – дейді мамандар.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА 1,5 ЕСЕ КӨП ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛДЫ

Соңғы 8 айда денсаулық сақтау саласына 103 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды. Бұл бұрынғыға қарағанда 1,5 есе көп.  Жіктер болсам, 44 млрд теңгеге жуығы жергілікті бюджеттен бағытталды. Қарыз ақшалардың үлесінен бөлінген инвестиция 16 есе артып, бір жылда 16,5 млрд теңгені құрады. Десе де негізгі капиталға түскен инвестиция 4,3 процентке түсіп, 7 трлн теңгеге жеткен.  

Бүгін біз антигриппиннің бағасына шолу жасап көрдік. Өңірлердегі дәрінің құнын «Нарықтағы бағадан» білейік.

НАРЫҚТАҒЫ БАҒА

Шымкентте антигриппиннің бір қаптамасын 200 тг-ге аласыз, Оралда 5 тг қымбат. Көкшетаудан өнімді 210 тг-ге табуға болады, Талдықорғанда 215 тг болса, Қарағандыда 220 тг-ге сатылып жатыр. Өскеменде өнім бағасы – 270 тг, ал Ақтауда 285 тг-ге сатылып жатыр.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар – 428,35 теңге, еуро – 499,41 теңге, Ресей рублі – 5,44 теңге.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы