427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті: Қайырымдылыққа жұмсалған қаржы ашық түрде жариялануы керек

  • 262
  • UPD: 20:23, 30.09.2020

«Волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді».

Бүгін Мемлекет басшысы қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен кездесуде осылай деді.

Себебі, қайырымдылықтың пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғаны анық. Онлайн форматта өткен жиында тағы не айтылды?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бас қосып, жиылуға болар еді. Бірақ індеттің қаупі сейілмей тұр. Сондықтан Президент жиынды онлайн форматта өткізді. Жә. Біздің ел қайырымдылық дегенде бұғып қалмайды. Ізгілік жасау қанымызда бар қасиет емес пе?! Әріге бармайық. Бір ғана Арыс пен Мақтааралды айталық. Күнгей өлкедегі апаттың салдарын жоюға жұртымыз жұдырықтай жұмылды. Қамқорлықты оңтүстіктегі ағайын жақсы сезінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жақында осы елді мекендерге барғанда жергілікті тұрғындар қиындықты бірге көтеріскен халқымызға зор ризашылығын білдірді. «Асар» деген ата-дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия кезінде де еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.

Күн демеді, түн демеді. Волонтерлер дәрігер, тәртіп сақшыларымен тізе қоса әрекет етті. Алдыңғы шептен табылды. Жалпы қиын шақта біздің қоғам бірлігін тағы көрсетті. Қайырымдылық қорлары арқылы тұрмысы төмен отбасыларға көмек берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасының бастамасын құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға 1000-нан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі.

Осы республикалық «Біз біргеміз» акциясы 10 мыңнан аса волонтер мен қайырымды жанның басын қосты. «Біргеміз» қорына 28 миллиард теңге жиналды. Мұның шарапатын нақты қанша адам көрді? Қор басшысы бүгін есебін берді.

Руслан Сакеев, «Birgemiz» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы:

- Пандемияның салдарынан қиын жағдайға тап болған 550 мыңнан астам 50 мың теңгеден әрбір жанұяға таратылды. Індет қатты өршіген Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавируспен күрес кезінде алдыңғы шепте болған 2 мыңға жуық медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар өзіңіз білетін Түркістан облысы Мақтаарал ауданын топан су басқан кезде сол жердің құрылысына да 32 үйдің құрылысына да қаржы біздің қордан бөлінді.

Хош. Волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдығы. Бұған Президенттің өзі жариялаған «Волонтер жылы» дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Волонтер жылы» азаматтарымыздың көпшілігін игі істер төңірегіне топтастырды. Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін.

Осы жиында Президент БҰҰ Бас ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық күнін жариялау туралы бастамасы қолдау тауып, жүзеге асарына сенім білдірді. Сосын? Сосын, біздің елде «волонтерлік баянды болады», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту ісінде озық халықаралық үрдістерден қалып қоймайды. Волонтер жылы осы бағытқа тың серпін берді. Қайырымдылық мәдениетті дамыта түсуге, волонтерлік қызметті қолдауға байланысты зор міндеттер қойылды. Жалпы волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені волонтерлік қызмет мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарымен үндесетін болғандықтан, бұл – рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс.

Қайырымдылыққа басымдық берілетінінің тағы бір айғағы – Президенттің тапсырмасымен елде осы бағытта заң әзірленіп жатыр. Құжат тиімді құқықтық механизмдерді қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар өздерінің еңбек етуіне, соның ішінде мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайтын заң жүзінде шынайы мәртебеге ие болуы тиіс. Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеудің мәні зор. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мәселесі де маңызды.

Бұл қандай жеңілдіктер екенін тарқатып айтсақ. Бүгінде қайырымдылық жобалардан шет қалмайтын ірі бизнес 3%, ал шағын және орта кәсіпкерлік 4% көлемде салықтан босатылады. Бұл заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Бірақ бәрі бірдей мұндай жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Неге? Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, тиісті жұмыс жүргізуді міндеттеді. «Бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді болуы тиіс», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қайырымдылық қорларға қаржы түсуінің және оның әрі қарай жұмсалуының ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта күңгірттікке жол бермеу керек. Қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылып жатыр. Бұл міндеттің барынша нақты орындалуына мүмкіндік жасаған жөн. Қайырымдылық жобалар арқылы өтетін барлық қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Қайырымдылықтың барлық түрі дамуы керек. Әр адамның бастама көтеріп, өз қаржысын игі іске бөле алуы үшін жүйе құрылуы тиіс. Себебі, ақпараттық жұмыстар талапқа сай жолға қойылмаған. Адамға сенім ұялататын тетіктер жоқ».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейде БАҚ «азаматтарымыз кімге және қалай көмектесу керектігін білмейді» деген ақпаратты естіп қаламыз. Ал, егер азаматтарымыз мұндай жұмыстармен айналысатын болса, олардың қайырымдылық қаржысы қай мақсатта пайдаланылады? Бұл мәселені біз нақты білуіміз керек. Осы айтылған мәселелерді Үкімет жанындағы қайырымдылықты дамыту жөніндегі кеңесте жан-жақты пысықтау керек. Сондай-ақ заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұзаққа созбаған жөн.

Жиынға қатысқандармен сөйлестік. Қорлардың өкілдері «біздегі қайырымдылық мәдениеті алда жаңаша сипатта дамиды», деп отыр.

Айнұр Аймурзина, «Дара» жеке қайырымдылық қорының атқарушы директоры:

- Көптеген қайырымдылық қорларымыз бар біздің. Көп жұмыс атқарғанбыз. Соның бәрін атап айттық. Президенттің назарына дейін жеткіздік.

Асхат Садырбай, «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының көшбасшысы:

- Биыл волонтерлік шаралар шынында да көп болды. Ел олардың көмегіне мұқтаж болды. Себебі, үйден ешкім шыға алмайды, ешқайда бара алмайды. Үйдің есігіне дейін зық-түлік жеткізуде басқа да мәселелерде көптеген волонтерлік ұйымдар жақсы қызмет етті.

Мемлекет басшысы жиын соңында мынадай тапсырма берді. «Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған барлық мәселені пысықтау керек. Заңнамаға өзгерістер енгізуді кешіктірмеу қажет. Тиісті пәрменін берген соң Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау кезде «қайырымдылық» атты іске жұмылғандарға алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз қайырымдылықты және волонтерлік қызметті барынша қолдайтын боламыз. Оның мемлекеттік пен қоғам үшін маңызды екені сөзсіз. Індетпен күресуге белсене атсалысқан отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін.

Президент ризашылығын марапатпен де көрсетті. Мемлекет басшысының шешімімен ерен еңбегемін дараланған азаматтарға осы жиында арнаулы мемлекеттік награда – «Халық алғысы» медалі табысталды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Бақытбек Нұртаев, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы