428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік аппарат жұмысындағы олқылықтарды түзетуге уақыт берілді

  • 397
  • UPD: 22:38, 02.10.2020

Пандемияда алғы шепте күндіз-түні дамылсыз қызмет істеп, індет жұқтырған дәрігерлер саны 8 мыңнан асты. Алайда жарты жыл өтсе де, ауырған медицина қызметкерлерінің азы ғана өтемақы алған. Бүгін мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына депутаттар денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды шақырып, мәселенің мән-жайын сұрады. Отырысқа өтемақы алмаған медицина мамандары, қоғам белсенділері де қатысты.

Мұқым елді есеңгіреткен вирус өршігенде күні-түні жұмыстан да шалдыққан, ауруға да шалдыққан – медицина мамандары. Екібастұз емханасының жедел-жәрдем фельдшері Жанар Аумәлікова жазда коронавирус жұқтырып, екі ай төсекке таңылған. Бірақ өтемақыдан қағылған. 

Жанар Әумәлікова, Екібастұз қаласы №4 емханасының жедел жәрдем фельдшері:

- Мен пандемия кезінде науқастардың үйіне барып, медициналық көмек көрсеттім. Маусымда ауырып қалдым. Кодтар дұрыс емес, пцр сараптамасы әзір болмады, сөйтіп, өтемақы ала алмай жүрдім. 

Елордадағы №1 қалалық ауруханасының дәрігері Мұхит Туланов еңбекке жарамсыздық парағы болмағандықтан өтемақысыз қалған. Жұмыс жүктемесінен емделуге де уақыт таппаған.

Мұхит Туланов, №1 қалалық ауруханасының дәрігері:

- Біз жұмыста түнедік. Үйге тек демалуға ғана баратынбыз. 10 дәрігер ауырып қалып, бар жұмыс бізге жүктелді. Ол кезде өтемақы туралы ойлаған да жоқпыз. Мемлекет алдындағы міндетімізді, парызымызды ойладық. Енді әділеттілік орнату мүмкін бе? 

Міне «бүгінгінің батырлары» деп дардай даңқ берілгенімен, жеме-жемге келгенде ковидпен ауырған кей дәрігерлер өтемақы алмады. Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына денсаулық сақтау министрінің арнайы шақырылу себебі де осы.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Медицина маманының коронавирусты қайдан жұқтырғанын дәлелдеу қиын. Бәлкім ол жұмыстан үйге барар жолда не болмаса керісінше үйінен келе жатып жұқтырған шығар? Мұндай жағдайда не істейсіздер?

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Санитарлық қызметтің эпидемиологиялық зерттеуі жүргізіледі. Дәрігердің отбасы мүшесі вирусқа шалдықса, ол үйінен жұқтыруы мүмкін. Мерзімдерін салыстырамыз. Кейде қиындықтар туып жатады.

Жұмыста жүріп 8 мың 333 медицина маманы ковид жұқтырған. Оның тек 4 мың 64-і өтемақыға өтініш берген. Яғни 6 айда 2 475 -і тапсырылса, Мәжіліс сұрау салған соңғы аптада әп-сәтте 1589 өтініш жолданған.

Соның өзінде ковидпен ауырған медицина қызметкерлерінің тек 14 проценті, ал одан көз жұмған дәрігерлердің отбасыларының 13 проценті ғана өтемақы алған. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жарты жыл өтсе де, төлемақы толық төленбей, кей мамандар ауырғанын растай алмағанын сынады. Спикердің айтуынша, қағазбастылықты жойған абзал. Науқас өтінішпен бірге 5 жыл бұрынғы ескі әрі 43 талабы бар эпидемиологиялық карта тапсыруы қажет екен. Механизм жеңілдетілуі тиіс. Себебі ақиқатында, бұл құр сан емес, шүберекке түйілген адам тағдыры деді мәжіліс спикері.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Пандемия кезеңінде мемлекеттік аппараттың шешімдері кәсіби әрі шұғыл жасалуы тиіс. Оған «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы – Елбасы және Мемлекет басшысы үнемі жіті көңіл бөледі. Ковид-19 ауруын жұқтырған дәрігерлер мен дерттен көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына өтемақының төленбеуі - әлеуметтік сала министрліктері арасында нақты өзара ықпалдастықтың жоқтығының, жұмыстың жүйелі ойластырылмағанының нәтижесі. Дәл қазір медицина қызметкерлерін қолдау жөніндегі ел Президентінің тапсырмаларын орындау үшін  жіберілген қателіктерді түзету аса маңызды.

Нұр Отан фракциясының депутаттары 12 өңірдегі аймақтық комиссиялар тым кеш құрылғанын сынға алды. Ведомствоаралық комиссияның да жұмысы сылбыр. Үкімет басшысының орынбасары жаңа ақпараттық жүйелер құруға тура келгенін айтып ақталғанымен мәселенің барын мойындады.

Ералы Тоғжанов, Қр Премьер-министрінің орынбасары:

- «Нұр Отан» партиясының фракциясында өте керекті де, өте маңызды да жиылыс өтті ғой деп ойлаймыз. Айтылған көптеген мәселелерді бірге талқылап, екі-үш күннен бері бірге талқылаған сұрақтардың шешімдерінің бірі бағыттары анықталды. Сондықтан бір айдың ішінде алдарыңызға келіп жауап беруге дайынбыз. 

«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін келтірмей, мемлекеттік орган өкілдері мен қоғамның басын бір жерде түйістіріп олқылықты бірлесе түзеуге ұмтылған мәжілістің жұмысы тиімді деді қатысушылар.

Мұрат Әбенов, «Серпін» ұлттық білім беру және инновация палатасының төрағасы:

- Мәжіліс қоғаммен қоян-қолтық, ашық жұмыс істеуі өте қуантады. Бүгін әрбір статистика, әр құжат сараланып, шешім қабылданды. Парламент палатасының осындай серіктестік бағыттағы жұмысы, қолдауы қоғам үшін аса қажет. 

Фракция мүшелері бұл президент тапсырмасы екенін еске салып, олқылықтарды түзеуге 30 күн уақыт берді. Кейін депутаттар алдында тағы есеп беріледі. Айтпақшы, жарты жылда 1830 науқас дәрігерге, ал проблема көтерілген соңғы күндері 1 665 дәрігерге өтемақы төленген. Осылайша Мәжіліс сөзбұйдаға салмай, өтемақы мәселесін нақты шешуге күш қосты дейді қоғам белсенділері.

Автор: Индира Жылқайдарова

Хабар 24 телеарнасы