432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін Ұстаздар күні

  • 241
  • UPD: 12:57, 04.10.2020

Бүгін ұстаздардың төл мерекесі. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы бір жерге қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» деген бірауыз сөзі осынау мамандық иелерінің қоғамдағы орнын айшықтап тұрғандай.

Жас ұрпақтың бойына біліммен қоса ізгілік нәрін себетін мұғалімдер қауымы үшін биыл біраз өзгеріс болғаны рас. Бұрынғыдай қаумалап оқушылар жүрген жоқ. Үйреншікті тақта мен борды бүгінде компьютер алмастырған.

Бұл Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп лицейі. Тіпті қоңырау кезінде де мұнда бұрынғыдай у-шу жоқ. Дәлізде асыр салып жүрген бала көрінбейді. Өйткені оқушылардың тең жарымы індетке байланысты үйден оқып жатыр.

Гүлсара Айтжанова бастауыш сынып мұғалімі. Алайда бүгінде ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптарға ғана сабақ береді. Санитария талабына сәйкес, бір класта бала саны 15-тен аспауы тиіс. Жылда жанында шүйіріліп шәкірттері жүретін мұғалім үшін бұл көрініске көз үйрету оңай болмаған. Бала оқытуға жүрек қалауымен келген жан қиындыққа мойымай, әр бүлдіршіннің таным көкжиегін кеңейтуге барын салып келеді. Себебі бастауышта берілген білім ертеңгі үлкен өмірдің соқпағын салады дейді мұғалім.

Гүлсара Айтжанова, Ә.Бөкейханов атындағы №76 мектеп лицейінің бастауыш сынып мұғалімі: 

- Әдетте мерейлі мерекеде көк өрімдердің өздері ұстаздарға ақ тілегін арнауға асығатын. Биыл жалғыз Сара ғана сыныптастарының құттықтауын жыр шумағына сыйдыра келіпті.

Қазір Нұрсұлу Досова үшін сабақ өткізетін орын осы бөлме. 27 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстаздың өмірі осылайша, әп-сәтте өзгеріп сала берді.

Әсіресе компьютер тілін меңгеруде біраз қиындық туындаған. Десе де, қол қусырып қарап отырар кез емес дейді маман. Себебі дәл осы өзі сабақ беретін тарих пәні жоғары сынып оқушыларының алдағы білім сынағында кездеседі. Сондықтан уақыттың қадірін жете түсінген Нұрсұлу апай кез келген мүмкіндікті пайдаланып, бар білгенін оқушыларымен бөлісіп жүр.

Нұрсұлу Досова, №67 мектеп гимназиясының тарих пәні мұғалімі:

- Иә, ұстазға артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Әсіресе бүгінгідей шақта  олардың әр сәті тұнған ерлік. Қай заманда да ұрпақ тағдыры ұстаз қолында. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да өсіретін солар...

Хабар 24 телеарнасы