427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан қыркүйекте ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемені орындады

  • 291
  • UPD: 12:33, 05.10.2020

Энергетика министрлігі хабарлағандай, өткен айда тәулігіне мұнай өндірудің орташа көлемі 1 млн 349 мың баррельді құраған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономика жаңалықтарымен Қорған Төреқожа таныстырады.

Диктор:

- Сонымен Қорған, мұнайдың бағасы алда қалай болуы мүмкін? Мамандар қандай болжам жасапты?

Бір анығы, таяу уақытта мұнайдың бағасы өсіп кете қоймады. Brent маркалы қара алтын құны баррельіне 39 доллардан төмен болып тұр.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Өткен аптада мұнай 4%-ке арзандады. Сөйтіп, қара алтынның Brent маркасы барреліне 39 доллардан түсіп кетті. Мұның бір себебі ОПЕК-ке мүше елдер мұнайды шамадан көп тасымалдап жатыр. Өткен айда мұнайдың бір тәулікте өндірілуі тамыздағы деңгеймен салыстырғанда 160 мың баррельге көп болған. Қай елдер дейсіз ғой, көп өндіріп қойған? Бұлар – Ливия мен Иран. Қос мемлекет те мұнай өндірісін азайтқысы жоқ. Қыркүйекте шикізаттың экспорты да ұлғайған. Тәулігіне 18 миллион баррельден асып кетіпті. Сөйтіп, қазір баға құбылып тұр. Ал, жаһанда COVID-19-дың бәсеңдемеуі де мұнай құнына әсер етпей қоймасы анық.

Airbus 15 мың адамды жұмыстан шығаруға мәжбүр

Ұшақ құрастырушылардың да жағдайы мәз емес. Airbus аталатын еуропалық концерн әлем бойынша өздерінде қызмет қылатын 15 мың адамды жұмыстан шығаруға мәжбүр. Бұған карантиндік шектеулер себеп. Мұны компанияның операциялық директоры Майкл Шоллхорн хабарлады. Оның айтуынша, коронавирус жұқтырғандар саны өсіп барады. Тиісінше, салада да тұрақтылық болмай кетті. Жағдай жазда жасалған болжамнан бетер ушықты. 15 мың адамды жұмыстан шығарудың өзі компанияның ахуалын оңалта қояр ма екен? Тіпті кей әуе кәсіпорны жабылып тынуы мүмкін. Бірақ Шоллхорн Airbus жұмысшыларын қықсартумен ғана шектелетінін жеткізді.

Банктер ақшаны телефон нөмірі арқылы аударатын жағдай жасайды

Visa аталатын халықаралық төлем жүйесі банктерді ақшаны телефон нөмірі арқылы аударатын жағдай жасауға міндеттеді. Енді бірқатар банк қаражатты картадан картаға телефон нөмірмен-ақ аударатын қызметті іске қосады. Жаңа ереже бірнеше елде енгізілмек. Атап айтсақ, бізде және Ресей, Беларусь пен Украинада. Азаматтар тек бір елде ғана емес, өзге де мемлекеттерде жүрсе де, ақшаны телефон нөмірі арқылы аудара алатындай болады. Атап өтейік, қаржы аударудың мұндай жүйесі бірді-екілі банкте ғана бар еді. Ал, келер жылдың 30 қыркүйегіне дейін өзге де банктер осындай мүмкіндік жасайтын болады.

«Нарықтағы баға» айдары

Енді «Нарықтағы баға» айдарына тоқталайық. Бүгін ұнның бір келісі қанша тұратынын баяндаймыз.

Сонымен ұнның бір келісі Қостанайда 215 теңге. Өскеменде де баға Қостанайдағыдай. Ал, Көкшетауда ұн 220 теңгеден тұр. Оралда 240 теңге. Атырауда қымбаттау. Бұл қалада ұнның келісі 300 теңге. Ал, елордада аталған өнім 250 теңге.

Батыс аймақта мал өсіруге не кедергі?

Енді мал өсіруге тоқталсақ. Агросала экономиканың драйвері болуы тиіс еді ғой. Осы бағыттағы субсидиялау ережелерінде мал бордақылау орындарындағы бір мезгілде тұратын түлік басының көп мөлшерде болу талабы кей шаруаға қиынға соғып тұр. Бұл талаптарды кіші шаруашылық түгілі, ірі қожалықтардың өзі орындай алмай отыр. Мұндай мәселені сенаттықтар көтеріп, Үкімет басшысына тиісті сауалдарын жолдады. Жағдай былай. Соңғы енгізілген өзгеріске сәйкес ірі қараны бордақылау үшін бір мезгілде 5 мың бас  мал ұстау қажет. Атырау мен Маңғыстау облыстарының кәсіпкерлері бір мезгілде 2 мың бас ірі қара санын 500 басқа дейін түсіру туралы министрлікке ұсыныс енгізген. Оның себебі жоқ емес. Батыс өңірдің климаты құрғақ. Қатал континентальды саналады емес пе?! Су көзі жоқ. Жауын-шашын да жеткіліксіз. Тиісінше, жем-шөп дайындау қиынға соғады. Осылайша, азықтың дені астықты аймақтардан тасымалданады. Бұл қожалықтар үшін тағы шығын, айналып келгенде. Жалпы бүгінде республика бойынша 16 мың тонна сиыр еті импортталады екен. Ет және ет өнімдерін сырттан сатып алу көрсеткіші тағы Маңғыстау мен Атырау облыстарында жоғары. Сондықтан депутаттар енді-енді дамып келе жатқан кіші шаруашылықтарды қолдап, көтеру үшін батыстағы жұртты өзгенің емес, өзінің таза сапалы ет өнімдерімен қамту мақсатында бордақылау алаңдарындағы бір мезгілде тұратын мал санын 500 басқа дейін төмендету қажет деп отыр.

Соңында әдеттегідей валюта бағамына тоқталайық. Сонымен Қазақстан қор биржасында доллар осы күні 431 теңге 18 тиын. Еуро 505 теңге 90 тиын. Ал, рубль 5 теңге 54 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы