432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда екі млн-ға жуық адам қашықтан жұмыс істеу режиміне қайта көшуі мүмкін

  • 268
  • UPD: 12:38, 12.10.2020

Еңбек ресурсын дамыту орталығы коронавирустың екінші толқыны нарыққа қалай әсер етерін болжапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен кезеңде карантиндік шектеулер жұмыссыздықтан гөрі, сол жұмыс уақытының қысқаруына әкелген.

Бетін аулақ қылсын дейміз. Алда-жалда коронавирустың екінші толқыны бола қалса, 167 мың қазақстандық табысынан айырылуы кәдік. Ал екі миллиондай азамат қайта қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуі мүмкін. Еңбек ресурсын дамыту орталығының мамандары осындай жорамал жасапты. Кейбірі ақшасы төленбейтін еңбек демалысына жіберілуі ықтимал. Кесіп айта алмаймыз, әрине. Мұның бәрі тек болжам. Сонымен екінші толқынның салқыны бірінші кезекте сауда мен қызмет көрсету саласына тимек. Алдында да солай болды емес пе?! Ал 4 миллиондай жерлесіміз қалыпты жағдайда жұмыс істей береді. Бұлар кімдер? Бұлар тәртіп сақшылары, төтенше жағдай мамандары, әскерилер, өндіріс орындарының қызметкерлері және әрине медицина саласының өкілдері. Орталықтың мамандары ауыл шаруашылығында жүрген адамдар да жұмыстан қысқартылып, яки табыссыз қалмайды деп отыр.

АҚШ-тың бюджет тапшылығы 3 есеге артты

Әлемді жайлаған пандемия алыптардың да адымын аштырмай тастады. АҚШ-тың өзінде биыл бюджет тапшылығы 3 есеге өскен. Былтыр Американың қазынасына кіріс бір миллиард долларға аз түссе, осы жылы кіріс 3 триллион долларға дейін кем болған. Бұл деректі Конгрестің бюджеттік басқармасы жариялады. Мұндай жағдай соғыстан кейін, яғни 1945 жылдан бері болмапты. Сұмдық ә?! Себебі бе түсінікті. Вирус өршіген кезде, шығын тым көп болды. Адамдардың бизнестері тұралады. Жұрт жұмысынан шығып қалды. Өткен сәуір мен қыркүйек аралығында жеке тұлғалардың салығы 7 процентке, ал компаниялардың табысы шамамен 21 процентке кеміп кеткен. Былтырғы жылдың сәкес кезеңімен салыстырғанда биылғы екінші жартыжылдықта АҚШ-тың бюджеттік шығыны екі есеге артық болды. Мемлекеттік қарыз 102 процентке өсті. Не керек, коронавирус осылайша елдердің мықтылығына да қарамады.

Ипотекаға сұраныс артты ма?

Жаз айлары банк секторына оңай тиген жоқ. Несие нарығы екі ай қатарынан кері кетті. Маусым айында 0,5, ал шілдеде 0,9 процентке кеміген. Тек тамыз айында оңалып, 2,2 процентке өсті. Мұны Ranking.kz сілтеме жасап Курсив порталы жазған. Қазір осы несие секторының қозғаушы күші ипотека болып тұр. Нарықтағы дағдарысқа қарамастан, мемлекеттік бағдарламалар бірқатар қазақстандықтың баспаналы болуына ықпал еткен. Ең ірі кредитор-банктердің арасында жоғары көрсеткіш Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі. Қаржы институтының қарыз портфелі үш айдың ішінде 13,3 процентке өсіп, күзге қарай 1,19 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Яғни біршама қиындықты кешіп жатқан несие нарығында тек ипотека бағыты тұрақты. Атап өтейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба бойынша, 20 жылға 5 процентпен жеңілдетілген несие беріледі. Тұрғын үй құнының 10 проценті алғашқы жарна ретінде құйылуы керек. Жоба операторы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық банктің еншілес компаниясы 210 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аударылды. Жалпы ипотека несие нарығындағы драйвер екені анық. Айталық, карантиндік жазда банктердің қарыз портфелі 0,8 процентке өссе, тікелей экономикаға бағытталған несие көлемі бар-жоғы 1,6 процентке ұлғайған. Ал ипотека нарығы бірден 8,8 процентке өсім көрсетті.

Елде мақтаны сатып алу бағасы бекітілді

Елде мақтаны сатып алу бағасы бекітілді. 1 және 2-сұрыпты шитті мақтаның сатып алу бағасы келісіне 130 теңгеден жоғары болып белгіленді.

Қазақстандағы мақта саласы негізінен экспортқа бағытталғандықтан, баға саясаты сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Биыл қазақстандық мақтаға сұраныс артыпты. Бұған енді әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Еуропадағы коронавирустың екінші толқынының таралуы әсер еткен. Сатып алу бағасын реттеу үшін Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Жиын қорытындысы бойынша өнімді сатып алу бағасы 1 және 2 сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін кемінде 130 теңге болып бекітілген.

Сонымен тартылған еттің бір келісі – Қостанайда 2 мың теңге. Өскеменде – 2200. Оралда тартылған еттің келісін 2 мың теңгеге алуға болады. Павлодарда да баға Оралдағыдай, 2 мың. Ақтауда келісі – 2300 теңге. Ал Шымкентте Ақтаудан 100 теңгеге арзан. Тараздағы баға – 2300 теңге. Ал бас қалада тартылған еттің бір келісі 2200 теңге.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Сонымен Ұлттың банктің дерегінше, бүгін доллар – 427 теңге 29 тиын. Еуро – 503 теңге 99 тиын. Ал рубль 5 теңге 54 тиын болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы