428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Ақылы тестілеу 22%-ке арзандауы мүмкін

  • 174
  • UPD: 15:26, 14.10.2020

COVID-19-дың екінші толқынына дайындық қызу жүріп жатыр.

Осыған байланысты елде ақылы ПТР-тестілеу бағасы 22%-ке арзандауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар жеке қорғаныш құралдарының бағасы да төмендейді. Нақты тарифтер ай соңына дейін бекітіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Індеттің екінші толқыны елімізге тосыннан келе қалса, 51 мың төсек-орын дайын тұр. Жатын орынның санын тіпті жетпіс мыңға дейін көбейтуге болады. Бірақ қазір тек 2 мың орын қолданыста. Сонымен қатар өңірлерде дәрі-дәрмек қоры жасақталып жатыр. 16 млрд теңгеге дәрілік препараттың 91 түрі алынған. Сонымен қатар шалғай ауылдарға жылжымалы медициналық кешендер жеткізу жоспарланып отыр. Қазір 23 кешен дайын тұр. Сонымен бірге бірнеше облысқа 360 жедел жәрдем көлігі берілді. Жыл аяғына дейін қалған өңірлерге де жеткізіледі. Яғни, тәулігіне 63 мың тест тапсыруға болады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Індетке қарсы вакцина толық дайын болғанға дейін бәріміз карантин тәртібін қатаң ұстануымыз керек. Жиі қол жуып, маска тағып жүру қажет. Әлеуметтік қашықты сақтауды да ұмытпаған жөн. Әлемдік ғалымдардың айтуынша, бұрын вируспен симптомсыз ауырғандардың ағзасындағы антидене шамамен 1 ай мерзіміне жетеді. Ал ауруды орта және ауыр өткергендердің иммунитеті 3-5 айға жеткілікті.

Сондықтан бұрын ауырғандардың да сақтанып жүргені жөн. Әсіресе, медициналық қызметкерлер. Коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте тәуекел тобына жататындарға егіледі. Олардың қатарында созылмалы сырқаты барлар, жасы алпыстан асқан азаматтар мен педагогтер да бар.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Барлық медициналық ұйымдары біріншіден, оларға қауіпсіздік құралдары мен киім-кешектермен толық жылдың аяғына дейін қамтылды. Екіншіден, медицина қызметкерлері осы қауіпсіздік жөнінде, қорғану тәсілдері жөнінде оқытулар жүргізілуде.

6 қазаннан бастап, шекарадан 33 мыңнан астам адам өткен. Олардың көбі ел азаматтары. Арасында 10 мыңдай шетелдік жолаушы бар. Сырттан келгендердің 3 мыңнан астамы стационарға жатқызылды. Оның ішінде 60 адамнан вирус белгісі анықталды. Халықаралық әуе рейстерімен 15 мыңға жуық жолаушы келген. Қолында анықтамасы жоқтар тест тапсырып, 10 адамнан коронавирус анықталды. Қазір шекарада тексеру шаралары күшейтілді. Мәселен, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Біздер осы облыстарда жүргізіліп жатқан тест зерттеулердің көптігі, екіншіден, халықтың миграциясы, үшіншіден, осы шекаралық қарым-қатынастарға байланысты деп есептейміз. Бұл облыстардағы аурушаңдық қазір министрлік бақылауында. Енді балаларға келсек, әрбір мектепте 1-2 баладан ауырды. Ол мектеп ішінде емес, отбасынан және сырттағы қарым-қатынастан жұққан аурулар.

Оқу жылы басталғалы бері 200-ге жуық оқушы індет жұқтырды. Көбі қашықтан білім алып жүргендер. Кезекші сыныпта оқитын 73 баладан вирус анықталды.

Ерлан Қиясов, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Екіжақты халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер ПТР-тестілері туралы анықтама болуы тиіс. Анықтама болмаған жағдайда жүргізушілер карантиндік стационарға орналастырусыз тест тапсырады.

Жалпы 2 млн 800 мың адам немесе халықтың 15%-і тәуекел тобына жатады. Қазір Ресей Федерациясының вакцинасын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екі миллионға жуық адам кәдімгі тұмауға қарсы екпе алған. Маусымдық вакцинациялау үшін 2 млн 200 мың вакцина сатып алынды. Аймақтардағы ауруханаларға 24 рентген аппараты жеткізілді. Техникалық жабдықтың көбі өзімізде жасалған.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Әзір ел бойынша қалаларды жабу жоспарланып жатқан жоқ. Пайда болған әр індет ошағын бөлек-бөлек анықтап, жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте шекарада жұмыс күшейтілді. Өйткені вирусты сырттан әкелу дерегін мейлінше азайту керек. Сондықтан елге келген әр жолаушыдан ПТР-анықтамасын талап етеміз.

Айта кеткен жөн, Украина, Германия, Беларусь пен Біріккен Араб Әмірлігі елдеріне әуе рейстері қысқартылады. Бұған дейін Түркияға ұшатын рейстер азайтылған еді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы